• RUB:
    5.05
  • USD:
    450.79
  • EUR:
    482.21
Басты сайтқа өту
Президент 06 Қаңтар, 2023

Марат Ахметжанов Президентке баяндама жасады

317 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін қабылданып жатқан шаралар елімізде кісі өлтіру қылмыстарының санын айтарлықтай азайтуға ықпал етті. Сондай-ақ ұрлыққа және мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу жұмыстары күшейтілді. Ұйымдасқан қылмыстың шығу себептері мен қаржыландыру көздерін жоюға басымдық бере отырып, оларға қарсы күрес тәсілдерін өзгерту нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 басшысы мен 114 мүшесі тұтқындалды», деді Марат Ахметжанов.

Министрдің айтуынша, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру барысында ұялы байланыс компаниялары «ауыспалы» нөмірлерден шалынған 5,5 миллион қоңырауды бұғаттаған.

Министрлік 6 ұйымдасқан қылмыстық топты жойып, алаяқтық белгілері бар 165 сайттың жұмысын тоқтатты.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі басқа құқық қорғау және арнаулы органдармен бірлесіп, 2781 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 15 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 70 есірткі зертханасы жойылды, есірткі жарнамалайтын 1990 сайт бұғатталды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, интернет-алаяқтықтың, ауылдық жерлердегі қылмыстың кез келген көрінісі бойынша алдын алу шараларын қабылдаудың және жедел әрекет етудің маңызды екенін атап өтті. Президент бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, заңнамалық шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство басшысына елімізде жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет жүктеді.