Қазақстанда ауа райының құбылуына байланысты пойыздардың жарты сағатқа, кейде 1-2 сағатқа кешігуі бұрыннан болып тұратын. Бірақ 2022 жылдың күзінен бері теміржол көлігінің кідіруі шектен шығып кетті. Мәселен, қараша, желтоқсан айларында елорда вокзалына бірнеше пойыз кемі 3 сағатқа кешігіп келіп жатты. «Орал – Алматы», «Астана – Алматы», «Астана – Шымкент» бағытының пойыздары да жолаушыларды әбден ығыр қылған.
Жүрдек саналатын «Тальго» пойыздарының өзі 5-6 сағатқа кешігіп жетеді. Бұл қайта бер жағы. Ең сорақысы, тура жаңа жыл қарсаңында жолаушылар Астанадан Алматыға 15 сағатқа кешігіп барған. Кешігулер жаңа жылдан кейін де жалғасып жатыр. Петропавл қаласының тұрғыны Айман Сіргебаеваның айтуынша, олар «Алматы – Петропавл» пойызын Алматы вокзалында әуелі 7 сағат күткен. Отырғаннан кейін де отарба жолда тағы 5 сағат қаңтарылған. Соңында елордаға 12 сағатқа кешігіп аяқ іліндірген. Мұндай мысалдар жетіп артылады.
«Теміржол көлігі туралы» заңның 80 бабына сәйкес, пойыздың әр кешіккен сағаты үшін жолаушыларға билет құнының 3 пайызы көлемінде өтемақы төленеді. Бірақ Қазақстанның өз заңына өзі пысқырмайтын ел екенін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тағы дәлелдей түседі.
«Тальго» пойызының қызметін тұтынған блогер Гүлбану Әбенова 3 пайыз өтемақы төлеуді талап еткен. Бірақ жолсерік пойыз бастығына, ол вокзал бастығына сілтеп, түскеннен кейін бір кассадан бір кассаға сабылтып, өтініш жазғызып, оны қайтадан вокзал бастығы растап, қол қойып, соңында «өтемақыңыз бір айдан кейін шотыңызға түседі» деп қайтарған.
– Мәселе 3 пайыз ақшада емес, егер жолаушылардың барлығы осы өтемақыны талап етсе, онда пойыз келесі жолы өз уақытында келер еді. Мен өтемақы рәсімдеу үшін 45 минут уақыт жұмсадым. Билетке – 18 730 теңге, оған қоса балалар билетіне – 9 949 теңге, барлығын қосқанда 28 679 теңге төлегенмін. Пойыздың 5 сағатқа кешіккенін ескерсек, жалпы 15 пайыз шығады. Сонда олар маған 4 301 теңге қайтаруы керек. Неліктен бұл рәсімді электронды етіп жасамайды? Неге жолаушы вокзал бастығына барып қол қойдырып жүгіруі керек? ҚТЖ вокзал бастығынсыз да пойыздың кешігетінін алдын ала біледі ғой. Ал касса компьютерлерінде қай пойыздың қанша уақытқа кешігетіні көрініп тұрады. Демек адамдар өтемақы талап етпес үшін олар осындай бас ауыртар қағазбастылықты әдейі алып тастамай отыр, – дейді блогер Гүлбану Әбенова.
Журналист Ришад Асқарбекұлы «Бір жарым ай бұрын Астана-Алматы бағытындағы пойыз 9 сағатқа кешігіп келді. Вокзалдағы «Туран Экспресс» кассасына барып, ерінбей мың қағаз толтырдым. 3 600 теңге бір ай ішінде карточка есепшотына түседі деген. Түскен жоқ», деп жазады әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жолаушы Людмила Петрованың айтуынша, адамдар өтемақыға жаппай өтініш бере бастаған кезде ғана ҚТЖ осы проблеманы шешуге тырысуы мүмкін.
«Дегенмен бұлай бола қоюы да екіталай. Карантин уақытында ұлым екеумізге Алматыдан алған билет ақшасын сол күйі қайтармады. Екеуміз шипажайда болдық, бірнеше күннен соң төтенше жағдай жарияланып, үйге қайтуға тура келді. Билетті өткіздік, ал ақшаны қайтармады. Әдепкіде кезек өте ауқымды деген себеп айтты. Сосын алты ай ішінде қайтаруға құқықтары бар екенін жеткізді. Бірақ сол күйі қаражат кері қайтпады», дейді.
Пойыздар неге кешікті дегенде ҚТЖ айтатын жауаптың ішінде ауа райының қолайсыздығымен қатар теміржолдар сапасының нашарлауы да бар. Компания активтерінің тозып тұрғанын ресми деректер де растайды. ҚТЖ-ға қарасты инфрақұрылымның 57 пайызы ескірген, вагон паркі 54 пайызға тозған. Локомотивтердің 60 пайызының қызмет еткеніне 30 жылдан асқан және оның тозу деңгейі 90 пайызға тең. Бұл туралы 2021 жылды қорытындылаған, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесі алдында берілген есеп жиынында айтылды.
Әрине, осындай вагонға мініп, сапасы жоғала бастаған теміржолмен жүйітку – өміріңді қатерге тіккенмен пара-пар деп зар қағады жолаушылар.
«Теміржолдардың тозу деңгейінің 57 пайызға жетуі – пойыз қозғалысы кезінде жолдан ақау шығады және апаттар басталады дегенді білдіре ме? Ондай апаттар қашан басталады? ҚТЖ тозығы жеткен теміржол рельстерін ауыстыруды қашан бастайды? Бастапқыда компания пойыздардың кешігу себебін жол бойында жөндеу жұмыстарының жүріп жатуымен түсіндірді. «Нақты қай жерде жөндеу жүріп жатыр?», «Мердігер кім?», «Атқарылған жұмыс туралы акт бар ма?» деген сауалдар қойыла бастаған соң ҚТЖ кешігуге қатысты нұсқаны күрт өзгертіп, жолдардың 57 пайызға тозуына байланысты жолаушылар қауіпсіздігіне алаңдап, жүру жылдамдығын баяулаттық деп шыға келді. Қалай ғана мұндай тәуекелге барып, ескірген жолмен адам тасымалдауға болады?», дейді әлеуметтік желі қолданушысы Жанғозы Бақыбаев.
Ұлттық компания мұндай сауалдарға жария түрде де, әлеуметтік желіде де жауап бермеген. Кешігу мәселесін олар ауа райының нашарлауымен байланыстырады.
«Қиын климаттық жағдайларды және қардың түсуі ықтималдығын ескере отырып, пойыздар қауіпсіздігі мен сенімді қозғалысын қамтамасыз ету үшін кейбір теміржол учаскелерінде қозғалыс жылдамдығына шектеулер қойылды. Осыған байланысты пойыздар қозғалыс кестесінде өзгерістер байқалуда. Теміржолшылар күрделі метеожағдайларда тұрақты тасымалдау үдерісін ұйымдастыруға барынша күш салып жатыр. Қардың қалың жаууына байланысты темір жолдарды, бағыттамалық бұрмаларды, жолаушылар платформаларын тазарту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде», делінген ресми хабарламада.
Ең алдымен жолаушылар пойыздардың кешігуі туралы ақпараттың алдын ала жария етілмейтініне наразы. Технологиялық құндылықтар алға шыққан заманда кестеге қатысты кез келген ақпаратты SMS күйінде жолдауға болушы еді. Не болмаса тиімді әрі ыңғайлы мобильді қосымша жұмыс істеуі керек. Сонда әр адам 7-8 сағатты сарылып вокзалда өткізбей, уақытын тиімді пайдалана алады. Бұл – ең бірінші кезекте жолаушыны сыйлау. Ал алдын ала ескертпеуге қарап, «риза болсаң да, болмасаң да осы, біздің қызметті тұтынбай қайда барасың» деген немкетті ұстаным қылаң береді. Екіншіден, өтемақы төлеу жүйесін электронды форматқа көшіріп, барша жолаушы үшін қолжетімді ету керек. Тағы бір мәселе – билет құнының мөлшерлемесі. Өтемақыны 3 пайыз көлемінде төлеу – 2001 жылы қабылданған заңда жазылған. Одан бері 22 жылға жуық уақыт өтті. Одан бері қаншама инфляцияны бастан кештік, билет құны да әлденеше рет қымбаттады. Демек өтемақы ставкасы да қайта қарастырылуға тиіс және 40-50 пайызға бір-ақ көтерілгені жөн деп санаймыз. Бәлкім, кері төленетін құн қымбаттаса ғана ұлттық компания мен оның қарамағындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жауапкершілігі артар...
«Құн қымбаттаса...» дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. ҚТЖ ресми сайтында «Қатардағы қызметкерден бастап басшылыққа дейін қауіпсіздік құндылығын ұстанамыз: Біз әр қызметкердің, жолаушының өмірі мен денсаулығы және жүк пен багаждың сақталуы үшін жауаптымыз. Бұл біздің басты басымдылығымыз. Тіпті болмашы қателіктің өтеуі үлкен болуы мүмкін» деп жазған. Көріп отырғанымыздай, бұл сөзге лайық әрекет байқалмайды. Сөз жоқ, болмашы қателіктің де өтемі зор болуы керек. Ал азаматтарды діттеген мекенжайға уақытында жеткізбеу, оған қоса тиісті жағдай жасамау (ас-сумен қамтамасыз ету, жайлы мүмкіндік ұсыну), өтемақы үшін қолына бума-бума қағаз ұстатып сандалтып қою, қолайсыз ауа райы, яки жөндеу жұмыстары жайлы алдын ала хабардар етпеу – елеусіз қателікке жата ма? Біз жатқыза алмас едік. Сонда мұндай ортадан жоғары (әзірге осылай айта тұралық) қателіктің құны қанша болуы мүмкін?
Алдағы уақытта осы мәселелерді депутаттар да көтереді, сөйтіп мәселе Үкімет деңгейінде талқыланады деп сенеміз.