• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Қаңтар, 2023

Өзара ынтымақтастық – экономика алғышарты

329 рет
көрсетілді

ҚХР Шыңжаң ұйғыр автономиялық республикасының арнайы делегациясы Жетісу облысымен әріптестік меморандумға қол қойды. Құрметті қонақтарға арналған дөңгелек үстел отырысын жүргізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев екі елдің арасын біріктірген экономикалық, мәдени, рухани байланыстарды таныстырып, Жетісу жерінің жетістігін алға тартты.

Келелі кездесуде сөз алған ШҰАР Халықтық үкіметі төр­ағасының орынбасары Сунь Хунмей, ШҰАР Халықтық үкі­ме­ті сыртқы істер департаменті директорының орынбасары Чжан Хуачжун, Үрімші кеден бекеті басшысының орынбасары Лань Чженьбинь Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Қазақстан мен Қытай елінің ғасырлар бойы қалыптасқан қарым-қатынасының беріктігін, Еуропаға апарар күре жолдың тиімділігін әңгімелеп, екіжақты әріптестіктің тигізер пайдасы мен табысын салмақтады.

Б.Исабаев облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуына арналған нақты жобасы мен инвестициялық мүмкіндігін таныстырып, агроөнеркәсіптік кешен, транспорт пен логистика, туризм, баламалы қуат көздері, жерасты қазбалары сынды салаларды дамытудың тиімділігін алға тартты. Оның айтуынша, 2030 жылға дейін жүзеге асуға тиіс инвестициялық жобалардың қатарында құны 1,6 трлн теңге болатын 191 жоба бар. Осы жобаларды жүзеге асыру 9 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазір облыс аумағында ҚХР-дың қатысуымен жалпы құны 358,4 млрд теңге болатын 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. ҚХР-мен сауда-саттық саласындағы әріптестікті нығайтқан Жетісу облысы былтыр бірінші жартыжылдықта 720,5 млн доллардың тауар айналымын өткізген. Соған байланыс­ты транзиттік мүмкіндігі басым аймақ арқылы құрлықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолының өтуі екі ел арасындағы әріптестікті нығай­ту­ға серпін береді. Сондай-ақ облыстағы «Қорғас», «Достық» кеден бекеттері арқылы Еуропа ел­де­ріне өтетін жүк тасы­ма­лы­ның тиімділігі орасан. Соған орай кеден бекеттері заманауи құ­­рылғылармен жабдықталып, қыз­мет көрсету сапасын арттырып келеді.

– Екі елдің әріптестігін нығай­туға септігін тигізетін саланың бірі – аграрлық сала, оның ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу ісі дер едім. Сол себепті біз ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге арналған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруге дайынбыз, – деген өңір әкімі қажетті тетіктерді жүзеге асыру керегін де ескертті. – Дегенмен, экспортты жеделдету үшін «Достық» кеден беке­тінің аумағынан сіздердің сапа стандарттарыңызға сай келетін фито-ветеринарлық зертхана салуды ұсынамын. Бүгін біз кремний, темір, аккумулятордың қор­ға­­сынды-қышқылды батарея­ларын, темір-бетон өнімдерін, мәрмәр ұнтағы мен түйіршігін, құрамажем, арпа уытын, крахмал, балық экспорттауға дайынбыз. Менің айтқандарым мүмкіндігі басым салалардың бір бөлігі ғана. Сондықтан қытай компанияларын аймағымыздың өркендеуіне инвестиция салуға шақырамын. Оған қажетті индустриялық аймақ Талдықорған қаласында тұр.

Өз сөзінде екі елдің арасын­дағы әріптестікті нығайту шаралары жүргізіле беретінін жеткізген облыс әкімі әлемді жайлаған жұқпалы дерттің таралмауы үшін кеден бекеттеріндегі карантиндік шаралар тоқтамайтынын, ШҰАР мен Жетісу облысының мәде­ниет күндерін кезектесе өткізу қажеттігін, қос тарапқа туристік бағыттар мен танымдық шаралар жүргізуге болатынын, яғни, барлық бағыт бойынша әріптес­тікті нығайтуға ықыласты екенін атап өтті.

Бұдан соң Жетісу жерінде баламалы қуат көздерін өндіре­тін жобаларды жүзеге асыруға арналған меморандумға ҰҒА энергетика интеграциясы халық­аралық ғылыми орталығының басшысы Ахат Өмірәли мен ҚХР ШҰАР-дағы «ТВЕА» ААҚ Ху Нань қол қойып, әріптестікті құжатпен бекітті. Енді Жетісу жұрт­шылығы күн сәулесі мен жел­ден қуат алатын жобалардың қызығын көреді.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы директорының орынбасары Әсет Сейсенбек, «Достық-ТрансТерминал» ЖШС директоры Бауыржан Дүзбаев сөз сөйлеп, әлемдік нарыққа жол тартатын қытай өнімдерін өткізу мен тасымалдаудың тиімділігін таныстырды.

 

Жетісу облысы