Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова елдегі коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай және шектеу шараларын енгізу қағидалары туралы түсініктеме берді. Оның мәліметінше, еліміздегі коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер былтыр қараша айының соңынан бастап сырқаттанушылықтың өсуі байқалса, желтоқсан айында сырқаттанғандардың орташа тәуліктік саны КВИ+ 200-ге дейін және КВИ- 10-ға дейінгі жағдайды құрағанын жеткізді. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика және барлық өңір жасыл аймақта орналасқан. Республика бойынша және Павлодар облысын қоспағанда, 19 өңірде инфекцияның таралу көрсеткіші (R) бірліктен төмен. Ал бөлінген штамдардың соңғы реттілігі республикада 100 пайыз жағдайда Covid-19 Омикрон нұсқасының айналымы анықталғанын көрсеткен. «Елімізде және әлемде коронавируспен сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты қосымша шектеу шараларын енгізу туралы БАҚ-тың көптеген сұрауын ескере отырып, Қазақстанда елге кіру кезінде де, әлемнің кез келген еліне, оның ішінде ҚХР-ға шығу кезінде де қандай да бір шектеу шараларын енгізу жоспарланбайды», деді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.
Сонымен қатар А.Есмағамбетова халыққа уақтылы вакциналауды және ревакциналауды, адам көп жиналатын орындарда бетпердені пайдалануды, ондай орындарға баруды шектеуді, қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды пайдалануды ұсынды.