Түркістан облысындағы өзекті мәселелердің бірі – жұмыс орындарының жоқтығы, халық табысының төмендігі. Ұлттық статистика бюросы мәлім еткендей, 2022 жылдың бірінші тоқсанында өңірде жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі тіркелді - 5,2%. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,3 пайызға артық, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жергілікті билік бар күш-жігерін жеке кәсіпкерлікті қолдауға, инвестиция тартуға, жаңа ауқымды өндірістерге қолайлы жағдай жасауға бағыттап отыр.
Мәселен, Түлкібас ауданындағы өңірдегі «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-нің инженерлік жүйесінің құрылысы 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауытта сумен, газбен, электрмен қамту бойынша инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс барысын Түркістан облысы әкімінің өзі аралап көрді.
Айта кетсек, кәсіпорын жеке инвестордың қаражатына салынып жатыр. Дархан Сатыбалды жобаны қолдап, отандық өнім түрлерін көбейтуді тапсырды.
Дайын шикізатты қайта өңдеу және дайын өнім шығару бойынша өндірісті дамыту мәселесі де маңызды екенін атап өтті. Аймақ басшысы сол маңнан индустриялық аймақ салу мәселесіне тоқтала кетті.
Жоба 2024 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 100 мың тонна күйдіргіш сода, 120 мың тонна поливинилхлорид (ПВХ) және 1 миллион тонна цемент өндіріледі. Жобаның жалпы құны 122 миллиард 850 миллион теңгені құрайды.
Өңір басшысы Түлкібас ауданындағы «Қас-Бетон» ЖШС жұмысымен де танысты. 2008 жылы іске қосылған зауытта 200-ден астам адам жұмыс істейді. Мұнда әктас өндіріледі.
Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвесторлармен жұмысты күшейтіп, өндіріс көлемін арттыруды міндеттеді. Ол кәсіпкерлікті дамытудың инфрақұрылымын құруды басты назарда ұстау керектігін атап өтті. Әкімнің айтуынша, бұл мәселе облыс тарапынан әрқашан қолдау табады.
Бұдан бөлек әкім Сайрам ауданында болып, жергілікті тұрғындармен кәсіпкерлікті дамыту жөнінде пікір алмасты.
«Біз орталықтан түсетін бюджет қаражатына емес, кәсіпкерлік пен зауыттардан түсетін табысқа сенуіміз керек. Бүгінде өнеркәсіптерді құруға басымдық беріледі. Халықты кәсіпкерлікке тарту, жаңа кәсіпорындар ашу мәселесін назарда ұстау аса маңызды. Бұл басшылар жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі болмақ», деді ол.