Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы ең күрделі жыл артта қалды. 2022 жыл құқық тәртібі әскерлері үшін мерейтойлық жыл ғана емес, ел мен Ұлттық ұлан тарихындағы ең қиын кезең болды. Осы тұрғыда қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алдық? Қандай тұжырым жасадық? Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында Ұлттық ұланды сандық және сапалық нығайту мақсатында қандай жұмыстар атқарылды?
30 жылдағы тарихи меже
30 жыл ішінде Ішкі әскерлердің қалыптасуынан Ұлттық ұланның қазіргі деңгейіне дейін жету үшін бірнеше кезең артта қалды. Әскери қалашықтардың инфрақұрылымы жақсарды, жаңа әскери бөлімдер құрылып, көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Ауқымды өзгерістер тәрбие жұмысынан тылдық қамтамасыз етуге, жауынгерлік қызмет пен дайындықтан техника мен қару-жараққа дейінгі барлық саланы қамтыды. Қызметтік-жауынгерлік міндеттер аясы кеңейіп, әскерлердің барлық қажетті құқықтық негізі қаланды. Ұйымдық-штаттық құрылымдарды ұтымды оңтайландыру сатылары өтті. Кадрлық проблемалар және әскери бөлімдерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Төрт өңірлік – «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» қолбасшылықтары құрылды, тиісінше тікелей бағыныстағы әскери бөлімдер де ұйымдастырылды.
2014 жылы Ішкі әскер Ұлттық ұланға айналып, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі туындауы кезінде әскерлердің іс-қимылдарын үйлестіру және басқару бойынша жаңа міндеттер жүктелді. Ал 2015 жылғы 10 қаңтарда «Ұлттық ұлан туралы» заңның қабылдануы мемлекеттік шекараны қорғау кезінде ҰҚК Шекара қызметіне жәрдем көрсету жөніндегі мақсатын айқындап берді. Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, соғыс уақытында елдің аумақтық қорғаныс жүйесіндегі жекелеген міндеттер нақтыланды. Бұл – әскерді дамытудың маңызды кезеңі. Құқықтық тәртіп әскерлері дамуының 30 жылында өткен кезеңін қысқаша осылайша сипаттауға болады.
Алайда 2022 жыл халқымыздың бүкіл өмір салтын өзгерткен «Қасіретті қаңтармен» есте қалды. Сын сағатында ел егемендігіне қауіп төнді. Қаңтар қырғыны барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар, соның ішінде Ұлттық ұлан үшін де үлкен сынақ болды.
Парламенттің бірлескен отырысында Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы қайғылы оқиға туралы айта келіп, Ұлттық ұлан жеке құрамының іс-әрекеттерін де жоғары бағалады. Алайда ең өкініштісі – біз екі сарбаздан, қатардағы Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтан айырылдық. Жаужүрек жауынгерлердің есімдері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5514 және 5547 әскери бөлімдерінің тізіміне енгізілді. Қос сарбаздың есімі мен ерлігі жүрегімізде мәңгі қалады.
Қаңтар қасіретінің қатал сабағы
Қаңтар қасіреті осал тұсымызды да айқындап берді. Әсіресе дағдарыс жағдайында жеке құрамның іс-әрекеттерін жетілдіруде, басқа күштік құрылымдарымен өзара әрекеттесуде, сондай-ақ әскерлердің материалдық-техникалық жабдықталуы тайға таңба басқандай көрінді. Жеке құраммен тәрбие және идеологиялық жұмысты күшейту, олардың жауынгерлік рухын нығайту мәселелері де алдыңғы қатарға шықты. Сондықтан ел Үкіметі мен Ішкі істер министрі алға қойған міндеттер аясында Ұлттық ұланды дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, арнайы және жедел мақсаттағы жаңа бөлімшелер құрыла бастады. Сондай-ақ қолданыстағы құрылымдарды нығайтуды да қолға алдық.
Бұл бөлімшелер әр өңірде тиісті инфрақұрылым, көлік және материалдық-техникалық қамтамасыз етіледі. Біз оларды қажетті санға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Әскери көліктік және армиялық авиацияны дамыту, автобронетанк техникасының заманауи үлгілерімен жарақтандыру, авиациялық базаны қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар іске асырылып келеді.
Ұлттық ұланның Әскери институтына академия мәртебесін беру және магистратура бағдарламасы бойынша офицерлерді жоғары оқу орнынан кейінгі даярлау үшін факультет ашу – өткен жылдағы маңызды оқиғаның бірі.
Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Жезқазған, Павлодар, Қостанай қалаларында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге қабілетті бөлімшелерді қалыптастыру да әскерилердің жауынгерлік әзірлігін қолдауға бағытталып отыр. Өткен жылы полктер базасында Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында құрамалар жасақталып, Павлодардағы жедел мақсаттағы батальон полк болып қайта құрылды. Жедел мақсаттағы әскери бөлімдерді жасақтау биыл да жалғасады.
Академияның материалдық-техникалық базасын, Алматы облысындағы жауынгерлік және әдістемелік даярлау орталығын, Түркістан облысындағы таулы оқу орталығын және Шығыс Қазақстан облысындағы дағдарысқа қарсы оқу орталығын даярлаудың және жетілдірудің жаңа бағдарламалары енгізіледі. Жетілдіру мақсатында біз Қаракемер кентіндегі оқу құрамасын әскери колледжге айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл, ең алдымен, әскери қызметтің беделін арттыру үшін жасалады, осылай әскерде мамандық алған сарбаз азаматтық секторда сұранысқа ие болады.
Бұдан басқа, әскери қызметшілердің моральдық рухын нығайту, жеке құраммен тәрбие және идеологиялық жұмысты күшейту бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп келеді. Жауынгерлерді деструктивті күштер тарапынан жағымсыз ақпараттық-психологиялық әсерден қорғауға және қарсы насихат жүргізуге мүмкіндік беретін әскери-саяси жұмыстың жаңа тұжырымдамасы қабылданды.
Күрделі метеожағдайлар кезінде Ұлттық ұлан бөлімшелері өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесіп Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында су басу жағдайында, Ақмола облысының Қызылсуат кентінде жолаушылар мен техниканы қар құрсауынан эвакуациялау кезінде авариялық-құтқару іс-шараларына белсенді қатысты. «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510, 6697 әскери бөлімдерінің жеке құрамы Қостанай облысы Әулиекөл ауданының аумағында өрт ошақтарының зардаптарын жоюға ТЖ қызметкерлерімен бірге қатысып, барлығы 400 әскери қызметші тартылды. Ал қазан айының басында 5518 әскери бөлімінің жеке құрамы Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск, Жаңа Согра кенттерінде өрт болған кезде халыққа көмек қолын созды.
Әр санның артында үйлесімді жұмыс тұр
Өткен жылы ұландықтар 784 қоғамдық-саяси және басқа да бұқаралық іс-шараны қамтамасыз етуге қатысып, дағдарыс және төтенше жағдай кезінде 164 міндетті атқарған. Әскери жасақтар 29 мыңға жуық құқық бұзушыны ұстап, ішкі істер органдарына жеткізді. Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету жөніндегі қарауылдар сотталғандардың ішкі тыйым салынған аймаққа кіруінің 3 дерегін анықтап, тыйым салынған аймақтарға заңсыз заттарды лақтыруға тырысқан 153 адамның әрекетіне тосқауыл қойды. Осылайша, 111 адам ұсталды, тыйым салынған заттарды көлікті өткізу жөніндегі БӨП арқылы тасымалдаудың 25 жағдайы тілкелді.
ҚАЖ мекемелерін күзету, айдауылдау жөніндегі қарауылдар мен сотталғандарды бақылау және қадағалау жөніндегі бақылаушылар әскери жасақтар құрамында есірткі бар 1 кг жуық зат, құрамында спирті бар 37,4 л сұйықтық, 1622 ұялы телефон, 915 сим-карта, 1 млн теңгеден астам ақша, 634 шаншу-кесу затын тәркіледі. Қарауылдар айдауылдау бойынша 3 868 міндет орындап, олар 55 мыңға жуық сотталған мен қамауда отырған адамды тасымалдады.
Қызметтік иттерді қолдана отырып, қылмыс жасау белгілері бар 47 құқық бұзушы ұсталды, 10,27 кг есірткі заты, 2 млн теңгеден астам сомаға ұрланған мүлік, 3 атыс қаруы, 3 травматикалық, 3 суық қару, 10 граната, 35 оқ-дәрі табылып, тәркіленді.
Жауынгерлік міндеттерін орындаудан бөлек жеке құрам жыл бойы 119 бірлескен оқу-жаттығуға қатысты. Оның ішінде 8 республикалық, «Қазқұтқару-2022», «Бекет-2022», «Алаң-2022» жедел-тактикалық оқу-жаттығуларында және террорға қарсы арнайы жедел жоспарлары бойынша – 36, сондай-ақ ІІМ-нің арнайы жедел жоспарларына сәйкес өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесе өткізілген 40 жедел-тактикалық оқу-жаттығуларын айтып өтсе болады. Бұл сандардың артында Ұлттық ұланның барлық қызметінің үйлесімді жұмысы, қылмысқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген әскери қызметшілердің орасан зор еңбегінің нәтижесі.
Өткен жылы ғана заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Ұлттық ұланның 21 әскери қызметшісі мемлекет тарапынан марапатталды. Өкініштісі, оның 3-еуі қайтыс болғаннан кейін марқұмның отбасына тапсырылды. Жалпы, осы 30 жыл ішінде Ұлттық ұланның 250-ден астам әскери қызметшісі, оның 27-сі қайтыс болғаннан кейін наградталған.
Жауынгерлік дайындық аса маңызды
Сыртқы деструктивті әсердің өсуі, ішкі қауіпсіздіктің қазіргі қауіптері, қаңтар оқиғасы мен пандемия Ұлттық ұланнан тыңғылықты жауынгерлік дайындықты, біліктілік пен кәсібилікті талап етті. Сондықтан біз әрқашан сын-қатерлерге дайын болуымыз керек. Осыған орай әскерлердің жауынгерлік әлеуетін арттыру мақсатында «Бүркіт» арнайы мақсаттағы, жедел мақсаттағы бөлімшелердің ұйымдық-штаттық құрылымын жетілдіру кешені өткізілді.
Әскери-көліктік және армиялық авиацияны дамыту, автобронетанк техникасының заманауи үлгілерімен жарақтандыру, авиациялық базаны қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар да іске асырылуда. Авиациялық бөлімшелерде қарапайым және күрделі метеорологиялық жағдайларда қызметтік-жауынгерлік міндеттерді шешуге қабілетті ұшақтардың әртүрлі түрлері бар. Авиатехниканы сапалы пайдалану және авиациялық персоналды даярлау үшін Астана әуежайында авиабаза инфрақұрылымының құрылысы аяқталды.
Одан басқа Y-8 ұшақтары мен Ми-171 тікұшақтары сияқты авиациялық техниканың жаңа үлгілері кезең-кезеңімен қарулануға енгізіледі, бұл қоғамдық қауіпсіздіктің барлық сын-қатерлері мен қатерлеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл шараларды іске асыру қысқа мерзімде елдің кез келген өңірінде арнайы операцияларды жүргізу үшін күштер мен құралдарды тиімді басқаруды және уақтылы арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Өткен жылы біздің бөлімшелер 9 халықаралық, оның ішінде «Кобальт-2022» тактикалық-арнайы және «Өзара іс-қимыл-2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуларына қатысып, жоғары жауынгерлік дағды мен кәсібилікті көрсетті. Сонымен қатар ШЫҰ желісі бойынша арнайы бөлімшелеріміз терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларға белсенді қатысады.
«Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелері – Ұлттық ұланның элитасы. Бұл елдегі жауынгерлік тапсырмаларды өз бетінше орындай алатын үш арнайы жасақтың бірі. Олардың басты міндеті – жоғары қауіп төндіретін және мемлекеттің негізгі мүдделеріне, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға ден қою. Арнайы күштердің жауынгерлері күрес пен атудың барлық негізіне ие және оларға үлкен моральдық-психологиялық жүктеме жүктеледі.
Өткен жылы әскери бөлімдер мен арнайы мақсаттағы бөлімшелер 4387 түрлі қызметтік-жауынгерлік міндетті, оның ішінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсету бойынша 725 міндетті орындады. 139 рет қарсы қарауылдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы «Бүркіт» бөлімшелерінің жеке құрамын даярлауға ерекше көңіл бөледі. Күрең берет – құқықтық тәртіп әскерлерінің арнайы мақсаттағы бөлімшесінің символы. Оны тек біліктілік сынақтарынан сәтті өтіп, өзінің кәсіби, физикалық және моральдық қасиеттерімен осы құқықты дәлелдей алған әскери қызметшілер ғана кие алады.
Арнайы мақсаттағы бөлімшелерде тек келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен офицерлер қызмет атқарады және олар үшін жауынгерлік даярлықтың арнайы бағдарламасы әзірленді. Өйткені олардың қызметі өте қауіпті. Ішкі істер органдарымен бірлесіп, олар күн сайын қылмыстарды ашуға, аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауға, арнайы операцияларға қатысады.
Тарих болашақ Отан қорғаушыларды ерте жастан дайындау керектігін талай рет көрсетті. Ұлттық ұланда «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы жұмыс істейді. Бүгінде өңірлерде қамқорлыққа алынған 61 әскери-патриоттық сынып және 7 «Жас бүркіт» спорттық әскери-патриоттық клуб табысты жұмыс істеп келеді.
Өткен жылы арнайы мақсаттағы бөлімшелер туралы «Бүркіт» көркем фильмі түсірілді. Бұл – Ұлттық ұланның бастамасымен түсірілген үшінші фильм. Мемлекет басшысының әскерге шақыру және әскерге дейінгі жастармен жұмысты күшейту, оларды патриотизм рухында тәрбиелеу туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында түсірілген фильмнің кең экранға шығуы осы жылдың көктемінде жоспарланған.
Әрине, әскери қызметтің бір жылында жас сарбазды тәрбиелеу, әскери істі үйрету және физикалық тұрғыдан оны қатайту оңай шаруа емес. Әскерде жас жауынгерлер қызметтің бірінші күнінен бастап оларды ұландық ортаға бейімдеуге және әскери істі осы тәсілмен оқытуға бағытталған тәрбие және ұйымдастыру іс-шаралары кешенді түрде өткізіледі. Жалпы, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайы бүгінгі күні барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға мүмкіндік береді. Бұған қаңтар оқиғалары дәлел. Сын сәтте жарақат алған әскери қызметшілердің жауынгерлік шептерге қайта оралуға тырысқаны моральдық-психологиялық дайындықтың жоғары деңгейін көрсетеді.
Әскери қызметшілеріміз күнделікті қызмет атқару кезінде батылдық, қырағылық танытып, түрлі жағдайларда азаматтарға көмектесіп, жанқиярлық ерлік үлгісін көрсетіп жүр. Ал кәсіби мереке күні Ұлттық ұланның барлық жеке құрамын, олардың отбасы мүшелерін, ардагерлері мен қызметшілерін құттықтап, қажырлы қызметтеріне толайым табыс тілеймін.
Еркін БОТАҚАНОВ,
Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы,
генерал-майор