Ауыл мектебіндегі физика пәнінің мұғалімі Өзбеханның айтатын ғарыштық физика V3 формулаларын қаршадай қағілез бала Ұлықпан Есілханұлы санасына сіңіріп алған. Жанары жалт-жұлт етіп, санасы мына кеңістікті тұтастай тіліп өтіп, галактикалардан да әрмен жатқан квазарларды кезіп кететін...
Жетінші сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ жеті жүз кітапты оқып шыққан, бір мектеп қана емес, бір ауданның білім бойынша талай жүлделі жарыстарда топ жарған жас-жеткіншек, мектепті алтын медальға бітірсе де, тұрмыстың тауқыметінен оқуға баруға мүмкіндігі жоқтықтан бар ренішін ішке жұтып, үнсіз торыққан сәті еді бұл.
Мектеп директоры өздерінің ең үздік шәкіртінің қиыншылық кесірінен оқуға бармай ауылда қалғанын естігенде, шыдап тұра алмады. Мектеп ұжымын шақырып, балаға қолдау көрсетейік, өзін шақырып, жанын жараламай, өзіміз барып отбасына көмегімізді берейік деп ұсыныс айтты. Талантты шәкіртке көмекке қол ұшын созуға бәрі де келісті. Ұстаздар жинаған 50 сомды алып, Алматы қаласына аттанған Ұлықпан Қазақ политехникалық институтының «Автоматика және есептеу техникасы» факультетіне оқуға түседі. Техникалық институттың әр сабағы студенттер үшін ертегі әлемінің есігін ашқандай әсер ететін ол кезде. Сондай дәрістердің бірінде оқытушы студенттерден үшінші ғарыштық жылдамдық туралы не білесіңдер деп сұрайды. Мектептен кеше ғана шыққан студенттер не деп жауап берерін білмей, бәрі де үнсіз аңтарылған. Ақырын қол көтерген Ұлықпанға оқытушы аңтарыла қарайды. Қалада мектепті алтын медалға бітірген студенттер тіл қата алмай, бастарын салбыратып отырғанда, ауылдың баласы не айтпақшы деген ойын бүкіл болмысы паш еткендей еді...
Өзбехан ағаның дәрістерінің жемісін бергені осы сәт. Ұлықпан ортаға шығып, тақтаға жер орбитасы, ондағы тартылыс күші мен бастапқы жылдамдық, күннің тартылыс күші, параболистикалық жылдамдық, тартылыс күші сферасы, одан шығуға мүмкіндік беретін жылдамдық мөлшерінің 16,6 км/с тең екенін, қарапайым тілде мұны үшінші ғарыштық жылдамдық деп атайтынын және формуласымен жазып, айтып шыққанда оқытушы да, студенттер де таңданыстарын жасыра алмай ду қол соқты! «Мұны қайдан білесің?» деп сұраған оқытушыға ауылдағы физика пәнінің мұғалімі Өзбехан ағайының түсіндіріп бергенін айтады. Кейіннен қысқы каникулда ауылға барғанда мектеп ұжымы Ұлықпан Есілханұлын шақырып алып, сол жерде Өзбехан ағайына үлгілі шәкірт тәрбиелегені үшін алғыс айтады. Сонда барып, институттағы оқытушысы мен кафедра меңгерушісі қарапайым ауыл баласына үшінші ғарыштық жылдамдық жайында ұғым-түсінікті санасына құйып берген Өзбехан ағайына арнайы хат жазып, алғыс айтқанын біледі.
Ұ.Есілханұлы талантты жастарды өз төңірегіне топтастыра білді. Осылайша студент жастардың «Бәйшешек» әдеби бірлестігі өмірге келді. Бұл бірлестік техникалық институтта білім алып жатқан талантты жастардың басын біріктіріп қана қоймай, институт жастарын қазақ әдебиеті мен өнерінің хас шеберлерімен байланыстырған нағыз қоғамдық ұйымға айналды.
Оқу ордасының бүгінде Досым Сүлеев атындағы үлкен залына үздіксіз ақын-жазушылар жиналып, әр алуан тақырыпта кеңес құрып, дүркіреген жыр мерекесін өткізіп жататын. Әуелінде осы бір рухани іс-шараны Ілияс Есенберлин бастаған қаламгерлер әдебиет, мәдениет, дәстүр-салт, тарих туралы студенттермен жүрекжарды кездесулер өткізіп, аяққа тұрып кетуіне үлкен ағалық қолдау көрсетті. Өзге де ақын-жазушылар инженерлер шаңырағына жиі қонаққа барып, болашақ мамандарды жалынды жырмен, ән-күймен тербете тәрбиелейтін болды. Бірде Сәбит Мұқановпен кездесу өтеді. Сәбең кездесу соңында кешті ұйымдастырған – студент Ұлықпанға аталық батасын береді.
Студенттердің осы бір дәстүрінің жалғас тауып, кеңге қанат қағуына сол кездегі институт ректоры, жайсаң жанды академик Әшім Омаров зор қолдау көрсетті. «Бәйшешекті» қыстың ызғарына қарамай, келер наурыздың хабаршысындай еткен Ұ.Есілханұлының ерен еңбегін бағалаған жандардың бірі һәм бірегейі ақылман ұстазы, академик Ақжан Машани болды…
Ұлықпан Есілханұлы осы тұста «Дос-Мұқасан» ансамблі ұйымдастыруға білек сыбана атсалысады. Жайма шуақ күндердің бірінде эстрадалық топ құрсақ деп жүрген достары Досым, Мұрат, Хамит пен Александрға «жігіттер, өнеріміз көпшіліктің көңілінен шығып, кеңге жайылсын десек, қазақ әндерін жаңа мәнерде орындасаңдар қалай болады?» деген ұсынысын айтады. Жігіттер ұсынысты қабыл алып іске кіріседі...
Шынында да өз дәуірінде «Дос-Мұқасан» үлкен құбылыс болды. 1973 жылы Берлинде өткен Дүниежүзілік студенттердің фестивалінде алтын медалді алды, кейін Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығына ие болды, Америка сапары неге тұрады… «Дос-Мұқасан» Қазақстанды былай қойып, одақ көлемінде танымал болды. Тұтас бір буынның өміріне әсер етті десек артық айтқандық болмас еді.
Ұ.Есілханұлының жай ұйымдастырушы немесе кеңесші емес, топтың репертуарындағы негізгі әндердің сөзін жазған талантты ақын болатын. Ол жазған әрбір әннің өзінің шығу тарихы, мыңдаған тыңдармандарының ғұмырында атқарған өзіндік рөлдері бар екені даусыз. Бұл әндер («Той жыры», «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз», «Ғашығым») қазақ ән өнерінің алтын қорына енді.
Ұ.Есілханұлы үшін шын мәнінде ғылым-білімді игеру бірінші орында тұрды. Егер топ мүшелері өнерді бірінші орынға қойса, «Дос-Мұқасанның» құрамынан 4 академик, 5 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты шықпас еді.
Институтта тәлім алып жүргенде философия ғылымының тұнығына бойлай сүңгіп, ілімнің інжу-маржандарын теруде философия пәнінің оқытушысы Әбдіқадыр Исқаховтың орыны ерекше болғанын Ұ.Есілханұлы тебірене еске алады. Осы бір қарапайым жанның жетекшілік етуімен автоматтық техникалар мен адамзат дамуының өзекті мәселелері туралы жазған зерттеу жұмысы институт, қала, республикалық байқауларда үздік шығып, Бүкілодақтық студент жастардың ғылыми зерттеулері байқауында жеңіске жетеді. Осы баяндаманың оның болашақ тағдырына елеуді ықпал еткенін байқаймыз. Техникалық білім мен гуманитарлық білімнің ұштасуын зерделеген осы бір студенттік ғылыми еңбек академик Досмұхамед Кішібековтің назарын аударады.
Ұ.Есілханұлына 1970 жылы қолына дипломын алғаннан кейін автоматтық технологиялар мамандығы бойынша аспирантураға жолдама берілді. Бір қиыны, аталған мамандық бойынша тек Мәскеу және Ленинград қалаларына оқуға бару керек. Отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайынан онда баруға ешқандай мүмкіндік болмады. Міне, осы тұста оны институттағы философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА мүшесі Досмұхамед Кішібеков аспирантураға шақырды. Кейін аспирантураны да ойдағыдай тәмамдап, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
Ұ.Есілханұлы 29 жасында өзі білім алған «Автоматика және есептеу техникасы» факультетіне декан болып сайланды. Одан кейін Қазақ политехникалық институтының тәрбие ісі жөніндегі проректоры болды. 1988 жылы елімізде ең алғаш рет халықаралық байланыс істері бойынша проректор болып бекітілді.
Осы орайда біз Ұлықпан Есілханұлының атқарған еңбектерінің алуан қырларына назар аударғымыз келеді.
Ең әуелі қоғамдық еңбек саласындағы белсенділігін айтқымыз келеді. Біз мұны 1983-1985 жылдарда әдеби көркем сынның дарабозы, көрнекті журналист Сағат Әшімбаевпен бірігіп «Жүректен қозғайық» хабарлар циклін жүргізгенінен көреміз. Онда қоғамымыздың өркендеуіне, қазақ тілінің қанатын кеңге жаюына, халқымыздың әлеуметтік жағдайларының шешімін табуына кедергі болып отырған мәселелер, қоғамды толғандырған түрлі түйткілдер сын тезіне алынып, аяусыз әшкереленеді. Бірақ керзаманның кертартпа, солақай, содыр басшылары тарапынан «Жүректен қозғайық» теле бағдарламасы 1985 жылдың 29 қазанында эфирге шығуын тоқтатқаны белгілі.
Мұнан әрі Ұ.Есілханұлы тарихшы ғалым, профессор Ахмет Ержанов, ұстазы академик Досмұхамед Кішібеков – үшеуі он жыл бойы қанаттас жүргізген «Республика өмірінің өзекті мәселелері» телехабарларында да мемлекеттік тіл, ұлт болашағына қатысты көптеген таласты ой-пікірлер қаузалады.
Ол сонау «Автоматика және есептеу техникасы» факультетінде декан болып жүрген кезінде-ақ, Қырғызстанның Политехникалық институтымен байланыс орнатып, жұмыс істейді. Кейіннен Қырғызстанның президенті болған Асқар Ақаев сол уақытта институттың электронды-есептеу кафедрасының жетекшісі-тұғын. Осылайша айырқалпақты ағайындармен бірлесіп, электронды-есептеу машиналарының өзегі болып саналатын микросхемаларды жинайтын платаларды құрастыруды қолға алып, электроника саласын дамытуға алғашқы қадам жасалады.
Қырғыздармен әріптестік қарым-қатынас орнатудың өзіндік жөні болған. Біздің Алматыда ылғал мөлшері жоғары болғандықтан өте сезімтал электронды платалар жасау қиын еді. Тек қана арнайы жабдықталған ғимараттарда жасауға болатын-ды. Ондай ғимараттар ғана салып, оған қажетті күтім жасауға үлкен шығын кететін болған соң, жоспарды ауа-райы қолайлы Ыстықкөл жағалауында жүзеге асырғанды жөн санайды. Бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылғанмен кейіннен Кеңес өкіметі құлап, экономикалық қиыншылықтардың салдарынан басталған кешенді іс-шара аяқсыз қалады.
Келесі бір іргелі зерттеулер кешені социология саласында жүзеге асырылды. Батыстық социологияның көрнекті өкілдері Джордж Элтон Мейо, Карл Раймунд Поппердің идеяларын кеңінен пайдалана отырып, Қазақстанда инженерлік социологиялық зерттеулер жүзеге асырылды. Даму заңдылықтарына қайшы келетін, дағдарысқа бастайтын кемшіліктерге көз жұма қарамай өз ойын ашық жариялағандығы да бүгінде осы салада еңбектеніп жүрген зерттеуші ғалымдарға ғана емес, көпшілікке белгілі.
Ғылым жолындағы осынау ізденістер 450-ден астам ғылыми, ғылыми-публицистикалық және оқу-әдістемелік еңбектер болып жарық көрді. 20-дан астам оқулық пен оқу құралын жазып шықты. Оның жетекшілігімен 1 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты, 6 магистр даярланды.
Жоғарыда айтқанымыздай, Ұ.Есілханұлының шығармашылығының биік бір белесі – рухани таным саласындағы еңбектері. Осы ретте ойға ең алдымен ұстазы, академик Д.Кішібековпен бірігіп жазған «Философия» оқулығы оралады.
Ұ.Есілханұлының социология саласында жазылған «Инженерлік еңбектің социологиясы» оқулығы – осы саладағы бірден-бір ғылыми еңбек. Батыстың ғылыми зерттеу орталықтары мен университеттері социоинженерия саласына миллиардтаған қаржы жұмсап жатқан кезде, бізде осынау саланы жылы жауып қойғысы келетіндерге не деріңді де білмей қиналады екенсің.
Ұлықпан Есілханұлы – бүгінде толысып, кемеліне келген ел ағасы. Қазір ол Сәтбаев университеті ақсақалдар алқасының төрағасы, ректор кеңесшісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері сан-салалы осындай еңбектері мемлекет, үкімет, салалық министрліктер тарапынан лайықты бағасын алды.
Ұлықпан ағамыз ғылым мен мәдениетті ұштастырып, ел үшін жемісті еңбек етіп келеді.
Досалы САЛҚЫНБЕК,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры,
Ермахан ҚАЛМЫРЗА,
аға оқытушысы