Жетісу облысының әкімдігі Талдықорғанда соққыға жығылған мектеп оқушысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомствоның мәліметінше, оқудан тыс уақытта Талдықорған қаласындағы пәтерлердің бірінде оқыс оқиға болған.
«Облыс әкімдігінің, білім басқармасының, құқық қорғау органдарының, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Олар оқитын оқу орындарының тәрбие жұмысына тексеру жүргізіледі. Зардап шеккендерге барлық қажетті психологиялық көмек көрсетіледі. Бұдан басқа, дене күшін қолданған адамдарды одан әрі оқыту мәселесі қаралады», деп хабарлады өңірлік білім басқармасы.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша әкімшілік іс жүргізу басталғаны атап өтілді.
Бұған дейін полиция қызметкерлері жанжалға Талдықорған мен Қаратал ауданының түрлі оқу орындарында оқитын жеткіншектер қатысқанын айтқан еді. Құқық қорғау органдары жәбірленуші қыз өзінің өкілімен (әжесімен) бірге полицияға ресми өтініш беруден үзілді-кесілді бас тартқанын атап өтті.