Қазақстандық синоптиктер 2023 жылдың 11 қаңтарына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазгидромет» РМК ақпараты бойынша, ел аумағының басым бөлігіне арктикалық аязды антициклон әсер етеді.
«Республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, шығысында, солтүстігінде атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен қар өтеді, республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында таулы аудандарда кейде қалың қар, желдің күшеюі, боран, көктайғақ күтіледі. Кей жерлерде тұман түседі», делінген синоптиктердің хабарламасында.
Мамандардың болжамы бойынша:
Түнде Ақтөбе облысының солтүстігінде -40-41 градусқа дейін, Маңғыстау облысында -25 градус, Ақмола облысында -40 градусқа дейін, Қарағанды облысында -35-38 градус, Ақтөбе облысында -35-36 градусқа дейін, Атырау облысында -30 градус, Түркістан облысының солтүстігінде -25-27 градус, Жетісу облысының таулы аудандарында -25 градус аяз күтіледі.Астанада ауыспалы бұлттылық сақталып, кейде аздаған қар жауады. Батыстан соққан желдің екпіні 3-8 м/с дейін жетеді. Түнде ауа температурасы -35...-37°С, күндіз -26...-28°С болады.
Алматыда күн бұлтты болады деп болжанады, кейде қар жауып, тұман, көктайғақ күтіледі. Ауа температурасы түнде және күндіз -10...-12°С жетіп, одан әрі төмендейді.
Шымкентте ауыспалы бұлт, түнде және таңертең қар жауып, тұман түседі. Солтүстік-батыстан, солтүстіктен жел соғып, 8-13 м/с дейін жетеді. Түнде ауа температурасы -14...-16°С, күндіз -8...-10°С.