• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қаңтар, 2023

Қазақстанның екі азаматы еңбек құлдығына түскен - СІМ

322 рет
көрсетілді

Үкімет аясында СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров шетелде жүрген екі қазақстандық еңбек құлдығына түскенін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Оның айтуынша, Қазақстанның екі азаматы Оңтүстік-Шығыс Азияда еңбек құлдығына түскен.

«Өткен жылдың желтоқсан айының соңында олар біздің Таиландтағы елшілігімізбен байланысқа шықты. Олардың ата-аналары да бізге жүгінді. Не айта аламыз? Бұл алғаш рет болып жатқан жағдай емес», деді Айбек Смадияров.

Сыртқы саясат ведомствосының ресми өкілі бірнеше ай бұрын тағы бір қазақстандық осындай жағдайға тап болғанын еске салды. Ол кезде Анель Бермағанбетова Лаостағы еңбек құлдығына түскен еді. Оған сол жерден оралуға бүкіл ел жұмыла көмектескен.

«Қазір жағдай оңай емес, мемлекеттік органдардың ғана емес, үкіметтік емес ұйымдардың да көмегі қажет. Онда Қазақстан азаматтарымен қатар басқа елдердің азаматтары да бар. Сондықтан мәселе кешенді шешімді қажет етеді. Дегенмен, мәселе Таиландтағы елшілігіміздің ерекше бақылауында. Консул отандастарымызбен сөйлесті. Мәселе оң шешіледі деп үміттенеміз», деп түсіндірді Айбек Смадияров.

Қорытындылай келе, ол қазақстандықтарға шетелге жұмысқа барар алдында келісімшарттардың талаптарымен танысуға кеңес берді.

«Мен біздің азаматтарымызға ескерту жасағым келеді. Шетелге жұмысқа шықпас бұрын, барлық келісімшарттарды мұқият оқып шығыңыз. Себебі бұл сіздің жеке жауапкершілігіңіз, ол сізге бүйірден шығуы мүмкін», деді Айбек Смадияров.

Еске сала кетсек, Лаоста еңбек құлдығына түскен қазақстандық Анель Бермағанбетова 2022 жылдың 26 тамызында үйіне оралды. Қызды Қытайдан Лаосқа алдап әкеткен екен. Анельдің туыстары полицияға, Вьетнам, Таиланд және Лаос СІМ елшіліктеріне жүгінуге мәжбүр болған. Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.