• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қаңтар, 2023

Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,1%-ға ұлғайған

310 рет
көрсетілді

Бүгінгі Үкімет отысында Ауыл шаруашылығы министрі Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту қорытындылары туралы есеп берді, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ербол Қарашөкеевтің ақпараты бойынша былтыр жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,3 трлн теңгеге бағаланды. Көрсеткіш 9,1%-ға ұлғайған. Бұл өсімдік шаруашылығы өнімін өндірудің 15%-ға ұлғаюының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Қолайлы ауа райы егін жинау науқанын тоқтаусыз өткізуге және 22,8 миллион тонна астық жинауға мүмкіндік берді. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жақсы астық дақылдарының көрсеткіші болып отыр.

Мал шаруашылығында жалпы өнімнің көлемі 0,9%-ға ұлғайған. Бұл 3,6 трлн теңгеге бағаланатын көрсеткіш. Министр ет өндіру көлемі тірідей салмақта 0,4%-ға (шамамен 2,2 мың тонна), сиыр сүтін өндіру көлемі 2%-ға (6,3 мың тонна), тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 4,4%-ға (5 млн. дана) өскенін атап өтті.

Өткен жылы тамақ өнімдерінің өндірісі 3,9% өсу динамикасын көрсетіп, ақшалай есепте 2,9 трлн теңгеге бағаланған. Елімізде өсімдік майы, қант, жарма, ұн, шұжық және макарон өнімдері көбірек өндіріле бастады.

«2022 жылы 241,3 млрд теңге сомасына 267 жоба пайдалануға берілді. Жобалар саны бойынша 2022 жылға арналған жоспар орындалды. Нәтижесінде, есепті кезеңде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 6,9%-ға ұлғайып, 855,7 млрд теңгеге теңестірілген», деді Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында.