Ел астанасының мәдениет ошағына айналған «Астана Опера» театры ұжымынан шығармашылық жаңалықтарды жиі естиміз. Мәселен, театр солисі Анастасия Заклинская мен театрдың балет труппасының әртісі Диас Құрманғазы 29 қаңтарда Беларусь Үлкен театрының сахнасында А.Аданның «Жизель» балетінде басты партияларда өнер көрсетеді. Дирижер тұғырында – маэстро Юрий Караваев (Беларусь).
Елес қыздар жайлы көне мистикалық аңыз желісімен жазылған «Жизель» – көпшілікке танымал балет. Ең алғаш 1841 жылы 28 маусымда Париждегі Grand Opera сахнасында қойылып еді. Осы күннен соң композитор А.Аданның есімі жаңаша таныла бастады. Махаббат, кінә, шынайы кешірім мен өзін-өзі құрбан ету секілді мәңгілік тақырыптарға құрылған шығарма беймәлім қиял-ғажайып әлеммен астасып жатыр.
– Шын махаббат қана бәрін жеңе алады. Сахнаға Жизель партиясын орындауға әр кез зор толғаныспен шығамын. Бұл балет өзіме қатты ұнайды, бастан кешіретін эмоцияларым да әртүрлі. Жеңіл партия деп айта алмаймын, техникалық тұрғыда күрделі әрі бұл драмалық балетте бейненің эмоционалдық қанықтығын түгел жеткізу маңызды. Сондай-ақ мұның Диас үшін де, мен үшін де балеттегі жетекші партияларды басқа труппамен орындауда алғашқы тәжірибе болатыны бізге айрықша жауапкершілік жүктейді, – дейді Анастасия Заклинская.
Ал Диас Құрманғазы шығарманы жеткізудегі әсерін айтты. «Маған Жизель мен Альберттің дуэтіндегі терең уайым, нәзіктік пен кешірімді жеткізу маңызды болды. Партиялардың жеңілі болмайды, барлығының өзіндік техникалық, актерлік тұрғыда қиындықтары бар. Алайда біздің басты мақсатымыз – беларусь қауымына зор эмоция сыйлау», деді ол.
Қазақстан әртістері «Жизель» балетінің жаңа редакциясында өнер көрсетеді, оның премьерасы Беларусьте былтыр 28 қыркүйекте өткен болатын.