Мал ұрлап, күнелтіп жүргендердің жазасы ауыр. Былтыр заңдық нормалар қайта қаралып, күшейтілген. Соның өзінде ұрылар аяқ тартар емес. Жуықта Шығыс Қазақстан облысының үш тұрғыны жайылымда жүрген жылқыны атып алған.
Патрульдік полиция батальонының инспекторлары Өскеменнің кіреберісіндегі Шешек асуында шамадан тыс жүгі бар автокөлікті тоқтатқан. Құжаттарын тексере келе, көлікті Күршім ауданының 29 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқаны белгілі болады. Көлікте, сонымен қатар тағы екі жолаушы болған.
Полицейлер көлік құралын тексеру кезінде бөлшектелген жануардың ұшасын көрген. Алайда етті тасымалдау үшін берілген тиісті құжаттар жоқ болып шығады. Онымен қоймай, көліктен мылтық табылған. Анығы, жолаушылардың бірі көлікке қарай келе жатқан полиция қызметкерлерін көріп, қаруды қарға лақтырып жіберген. Байқамай қалып, жаза жеңілдейді деп ойласа керек.
Жауап алу кезінде белгілі болғаны, күдікті азаматтар түнгі сағат екіде Ұлан ауданының Мамай батыр ауылына қарай шыққан. Сөйтіп, олар жақын жерде жайылып жүрген жылқыны атып алып, етін бөлшектеген. Өскеменге барар жолда жануардың терісі мен басын лақтырып жіберіп, әрі қарай етті сату үшін жолға шыққан.
Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, қылмыстық топ бұған дейін де Ұлан ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан екен. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жалғасуда. Күдікті азаматтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Заңда ер адамдарға үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы көзделген.
Шығыс Қазақстан облысы