Кеше өткен Үкімет отырысынан кейін Премьер-министр Әлихан Смайылов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл – Ә.Смайыловтың осы қызметте журналистер алдына бірінші рет шығуы.
Үкімет басшысы өткен жылдың ауыр болғанын айтты. Жыл басындағы қаңтар оқиғасы, әлемдік геосаясаттың ширығуы, Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыстың созылмалы сипат алуы, негізгі экспорттық өнімдерімізді сыртқа шығарудағы қиындықтардың қалыптасуы, тағы басқа кедергілер Үкіметті қиын жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр етті.
Брифинг барысында тілшілер Премьер-министр кеңсесінің аппаратқа айналу себебін сұрады. Бұл оның рөлін төмендету емес пе? Үкімет басшысы осы сұраққа орай берген жауабында кеңсенің аппаратқа айналуына байланысты ондағы бөлімдер санының 16-дан 12-ге төмендегенін, жалпы қызметкерлер санының 10%-ға қысқарғанын мәлімдеді. Ал аппараттың өкілеттігі болса, кеңсеге қарағанда артып отыр. Енді ол барлық жұмысы үйлестіруші ретінде жұмыс істейді.
«2023 жылы экономиканы не күтіп тұр?» деген сұраққа Үкімет басшысы биыл да белгісіздік жағдайында жұмыс істеуге тура келетінін жеткізді. Әлемдік экономиканың алдында тұрған түйінді мәселелер шешімін тапқан жоқ. Ірі экономикалардың өзінің рецессияға түсу қаупі сақталады.
«Дегенмен соған қарамастан сын-қатерлерге дайын болу жөнінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл экономикамыздың өсімі 4% болады деп белгілеп отырмыз. Наурыз айынан бастап инфляцияның төмендеу үдерісін күтеміз. Жалпы, әлем бойынша осындай болжам бар. Ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 540 млрд теңге қарастырып, осы салада 400 мың жұмыс орнын ашпақпыз. Саланы дамыту, өнім өндіруді арттыру бағытында 265 жобаны жүзеге асыруды қолға алдық. Жалпы, ел бойынша 1 млн адамды жұмысқа орналастыру жөнінде ауқымды міндет бар. Инвестициялардың келуі күшейе түседі деген үміт бар. 23,4 млрд доллардың инвестициясын күтеміз. Өйткені осыған қатысты шараларды белгілеп отырмыз» деді Премьер-министр.
Қойылған сұраққа байланысты Ә.Смайылов Қазақстанда жылу электр орталықтарын 2-3 жылда толықтай қайта жаңарту міндетінің қойылғанын айтты.
«Біз қазір жылу электр орталықтары иелерімен бірлесіп инвестиция құю және қайта жаңғырту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Оның ішінде Екібастұздағы жылу электр орталығы да бар. Бұл бағыттағы жұмыс жүріп жатыр, уақыт керек, жағдай бақылауда. Екібастұздағы жағдайдың қайталанбауы маңызды. Алдағы 2-3 жылдың ішінде Екібастұз жылу электр орталығының барлық желісін қайта жаңартуымыз керек. Аталған жұмыс Екібастұзда ғана емес басқа қалаларда да жүргізіледі», деген ол биыл Астанадағы үшінші жылу энергетикалық орталығының бірінші кезегі пайдалануға берілетінін айтты. Алматыда ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 қайта жаңғырту жұмыстарына тартылды. Оның үстіне олар газға көшіріліп, қаланың экологиялық жағдайына жағымды әсер ететін болады.
Сондай-ақ Көкшетау, Семей, Түркістан және басқа да қалаларда аталған бағыттағы жұмыс биыл өріс алмақ. Бұл бағыттағы инфрақұрылымдардың тозуының жалпы көрсеткішін 20%-ға төмендетеміз деген міндет қойылып отыр. ЖЭО қызметін қайта жаңарту жұмысы «Тарифтерді инвестицияға ауыстыру» бағдарламасы аясында және орталық иелерімен бірлесіп атқарылады.
Сондай-ақ Ә.Смайылов McDonald’s секілді ірі брендтің елімізден кетуіне қатысты пікір білдірді.
«Елімізде ірі халықаралық брендтердің болғаны жақсы. McDonald’s-тің Қазақстаннан кетуі елдегі инвестициялық ахуал немесе басқа да жағдайлармен байланысты емес. Бұл тікелей McDonald’s компаниясының Ресейден кетуімен байланысты. Аталған өнім шикізаты Ресей арқылы қамтамасыз етіліп келді. Тағы бір себеп – McDonald’s-тің өнімдерге қоятын жоғары талаптары. Өніммен қамту үшін жеткізушінің бірқатар сертификаты болуы керек. Ол сертификаттар жеткізушіге шикізаттың сапасының барынша жоғары болуы жөнінде талаптар қояды. Компания талаптарын орындау үшін ауқымды инвестиция керек. Қазақстанның нарығы шектеулі, сондықтан мұндай ауқымды инвестиция қысқа мерзімде қайтарылмайды», деді Ә.Смайылов.
Ендігі мақсат – еліміздегі McDonald’s жұмысшыларының орнын сақтап қалу.
«Бұл үшін халықаралық брендті қолданбай, жұмыс істеуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ жаңа компания шикізат мәселесін қазақстандық жеткізушілермен бірлесіп алдын ала шешеді деп ойлаймын. Бұл компанияның елімізде тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», деді ол.
Премьер-министрге Ресей және Өзбекстанмен «Үштік газ одағын» құру мәселесі жөнінде сұрақ қойылды. Берілген жауапта бұл жөнінде ресми ұсыныс түспегені мәлімделді.
Үкімет басшысының атап өтуінше, Ресеймен арадағы газбен қамту саласындағы ынтымақтастық мәселесі екіжақты келіссөздер арқылы жүргізіліп жатыр. «Таяу уақытта «Газпроммен» келіссөздің келесі кезеңін күтіп отырмыз. Бүкіл қарым-қатынас коммерциялық және өзара тиімді шарттармен жасалады. Біз екіжақты форматтағы жұмысты жалғастырамыз», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы Қазақстанда АЭС салу туралы сұраққа да жауап бере кетті. Бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім әлі қабылданбаған екен.
«Атом электр стансасы – өте күрделі технологиялық объект. Біз бұл нысанды әлемдегі ең озық технологиялары бар компаниямен бірге салғымыз келеді. Яғни әлемнің ең озық технологияларын тарту үшін көпжақты жоба болғанын қалаймыз. Негізгі жеткізуші ретінде «Росатомды» таңдауға қатысты шешім әлі қабылданған жоқ. Шешімді биыл халықаралық сарапшылармен пысықтай отырып қабылдаймыз. Бізде «Росатоммен» бірге арнайы жол картасы жасалды, енді дайындық жұмысын жүргізуіміз керек. Оның қорытындысы бойынша тікелей ядролық және басқа да жабдықтарды жеткізуші компания айқындалады», деді Ә.Смайылов.