Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары өңірлерге сапар барысында Астана және Алматы қалалары мен Жетісу, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы өндіріс орындарында, оқу және медициналық мекемелерінде еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді. Аймақтардағы жүздесулерге кәсіпкерлер де қатысты.
Кездесулерде конституциялық реформаның негізгі мақсаты мен Парламент қабылдаған заңдардың жекелеген ережелері талқыланды. Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдіріп, қойылған міндеттерді іске асыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Сайлаушылар әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру және медициналық қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. Кездесу барысында тұрғын үй-коммуналдық саладағы заңнамалық өзгерістер, отандық өндірушілерді қолдау жағдайы да әңгіме арқауына айналды. Бюджет қаржысын тиімді және мақсатты жұмсау, көмір қазандықтарын табиғи газды пайдалануға көшіру, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері көтерілді.
Өз шешімін талап ететін мәселелердің қатарында жастарға арналған жұмыс орындарының болмай отырғаны және ауылдық жерлерде тиісті инфрақұрылымның жоқтығы, бірінші кезекте тұтынатын өнімдер бағасының өсуі, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы мен үстеме ақыларды арттыру қажеттігі, сондай-ақ инженерлік конструкциялар мен құрылыс материалдары сапасының төмендігі де айтылды.
Сенаторлар Астана және Қарағанды қалаларындағы бірқатар қорғаныс-өнеркәсіп нысандарында (оқ-дәрі зауыты) болып, Қорғаныс және ТЖ қызметі министрліктері әскери бөлімдерінің басшылығымен және жеке құрамымен кездесті.
Сенатор С.Ершов Қарағандыдағы «Steel Manufacturing ЖШС» патрон зауытында болған кезде өндірістің жұмыс барысымен, биыл алға қойған міндеттермен және белгіленген жоспарларымен, өзге де шешімі табылған мәселелермен танысты. Ол сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің 50185 әскери бөлімінде болып, әскери қызметшілермен кездесті және қойылған сұрақтарына жауап берді. Әскери қызметшілер кездесу кезінде далалық іссапарлар үшін ақшалай төлемдерге, әскери қызметшілердің тұрғын үй өтемақыларына, әскери қызметті өткеру жағдайына байланысты сұрақтар қойды. Сенатор көтерілген барлық мәселелер заң шығару қызметі барысында тиісті мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге қаралып, ескерілетінін атап өтті.
Сенатор Д.Нұржігітова Алматы қаласында Наурызбай ауданының Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, «Алматы-тазалық» мекемесі мен онкология институтының қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Онда Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қолға алынған реформалар аясында Парламент қабылданған заңдар, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру және әйелдердің денсаулығын қорғау мәселелері талқыланды.
Депутат Ғ.Сарыбаев Талдықорған қаласындағы табиғи газға қосылған №4 қазандығы мен көмір жағылатын №9 қазандықтың ғимаратында болды. Жергілікті мамандар көмір қазандықтарының табиғи газды пайдалануға көшуінің маңыздылығын атап өтті. Бұл экологиялық мәселелерді шешіп қана қоймай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға мүмкіндік беретін болады.