Бұрын белгіленген газ бағасын өзгеріссіз қалдыру туралы талап осы жылдың 30 маусымына дейін ұзартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының көліктерге арналған сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы бағасын реттеуді ұзарту туралы бұйрығы 2023 жылдың 9 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Шекті баға бөлшек саудада әр өңір үшін жеке белгіленді. Маңғыстау облысында сұйытылған газ литріне 50 теңге, шалғай аудандарда бұдан 5 теңгеге қымбат.
«Өткен жылдың қаңтарында орын алған оқиғалардың басты себептерінің бірі – сұйытылған газ құнының күрт өсуі болғаны бәрімізге мәлім. Қиын шақта Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірнеше рет билік пен кәсіпкерлерді бір үстел басына жинап, диалогқа шақырды. Облыс тұрғындары газ бағасын литріне 120 теңгеден 50 теңгеге дейін төмендетуді сұрады, олардың талаптары қанағаттандырылды», дейді Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аманат Махмұтов.
Бағаның күрт өсуі сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдарында сатуға байланысты болғандықтан, бөлшек сауда жасаушылар үшін газды сатып алу қиынға соқты. Сонын салдарынан газ тұтынушыларға уақытылы жетпей, тапшылық туындады.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы өңірдегі Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп кәсіпкерлік субъектілерін қорғау мақсатында баға өсімінің мәселесін шешу және көгілдір отын тапшылығын жою үшін белсенді атсалысты. Департамент қызметкерлері сауда-саттықты ұйымдастырушылар және олардың жосықсыз қатысушыларының жұмыс жүйесін тексерді. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу нәтижелері бойынша кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.
«Қазір сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері оны өндірушіден делдалсыз сатып алады, әрі Үкімет реттейтін бағалар бойынша түпкілікті тұтынушыларға өткізеді. Бүгінде аймақта сұйытылған мұнай газын қамтамасыз ету жағдайы тұрақты», деді Аманат Махмұтов.