Қыс қатты биыл. Әсіресе желтоқсан айының соңында Шығыс Қазақстан өңірі қар құрсауында қалды. Апталап тұрған боранды күндері халық елді мекендерден аттап баса алмады. Тәуекелге бел буып, жолаушылай шыққандары жолда қалды. Оқыс оқиғалар да аз болмаған. Ең қиыны, «малым – жаным садағасы...» деп отырған ауылдағы ағайынның жағдайы. Ала жаздай тыраштанып жинаған аз-маз шөппен төрт түлікті қыстан алып шыға аламыз ба деп алаңдайды.
Марқакөл өңірінде түскен қар жылқының жонынан асады. Тебіндеуі былай тұрсын, қасат қарды бауырлап жарып өтуі мұң болып тұр. Малшылардың айтуынша, мұндай қалың қар соңғы рет 2010 жылы түскен екен. Содан бері Марқакөлдің таулы аймақ тұрғындары қалың қар көрмеген. Қалың деп отырғанымыз, екі метрге жуық. Малшылар боран-шашын басыла сала қарға қамалған Қамбар ата төлін күнгей жақтағы қырға бағыттады. Қардың қалыңдығы сондай, жалғыз соқпақпен керуендей тізілген жылқының құлақтары ғана қараяды.
– Биылғы қыс ерекше қатты болып тұр. Малмен күн көріп отырған тұрғындар үшін қиын. Әнеугүні қар жауды, артынша жаңбыр жауды. Енді аяз қысып барады. Тебіндегі жылқы малын етекке түсіріп жатыр ел. Бірақ ауыл маңында жайылым көп емес. Оның үстіне, жаңбырдан соң қабыршық мұз қатып, тебіндей алмай қала ма деп алаңдаймыз, – дейді Марқакөл өңірінің тұрғыны Асхат Уанбаев.
Тебіндеу мүмкін болмаса, шөпке қоюға тура келеді. Алайда көктемге дейін шөп жете ме? Төрт түлігі қыстан қысылмай шықса, ауылдықтар үшін сол бақыт. Ал Күршім ауданы басшылығының айтуынша, дабыл қағатындай дәнеңе жоқ. Жем-шөп қыс маусымына жеткілікті.
Ауылдықтар айтқандай, қорадағы малды амалын тауып қыстан алып шығады. Тек мұз қатып, тұяқ батпай қалмаса болғаны. Ал түз тұяқтылары қыстан қалай шығар екен?
– 2010 жылы қар қалың түсіп, бұғы-марал қатып қалған. Биылғы қыс та аңдарды сұрыптайын деп тұр. Біз қорадағы малды қыстан алып шығатын шығармыз. Дала жануарларына қиын болып тұр, – деп алаңдайды ауылдық Асхат Уанбаев.
Иә, айтып отырған мәселесі орынды. Қорадағы малын ғана емес, даланың аңын ойлап отыратын ауыл азаматтары да бар. Шынында да, дала аңдарын аман алып қалу үшін орманшылар, қорық қызметкерлері қандай көмек көрсетер екен деп, Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының басшысы Тимур Айкеновке хабарласқанбыз. Оның айтуынша, Марқакөлдің таулы аймағына қар жылда қалың түседі. Бірақ қалың қар тұяқты аңдар үшін аса қауіп төндіре қоймайды.
– Дала аңы аш қалмайды. Көл маңына, таулы аймаққа қар қалың түскенімен Шанағаты жаққа 20-30 сантиметр ғана жауады. Бұғы, марал, елік күздің күні сол жаққа қарай ауып кетеді. Шанағатыда «Старая Матвеевка», «Қыраулы», «Келеңка» секілді учаскелер бар. Аң сол жақта жүреді. Кейін көктемде қайта түседі, – дейді Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының директоры Т.Айкенов.
«Балапанды күзде санайды» демекші, мал-жан қытымыр қаңтар мен ақпаннан аман-есен шықса, наурызда табиғат тосын мінез көрсете қоймас деп үміттенейік.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы