Мына бір фотосуреттен тасқа ойып басылған сиырдың ізін көресіз. Мүмкін бұл аша тұяқты жануарлар – бұғы, бұлан, маралдың ізі шығар. Атам қазақ бағзылық мұраны «тасқа басқан таңбадай» дейді емес пе. Мына із дәл солай тасқа басылған таңба дерсіз. Қай ғасыр, қай дәуірге тән дүние? Оны ешкім тап басып тани алған жоқ.
Бұл тосын бейнені бізге Ұланбатыр қаласында тұратын танысымыз, сол елде танымал туристік бағыттағы «Скайлэнд Тур» компаниясының негізін қалаушы, фотограф Батзаяа Чойжилжав жіберді. Ондағы ойы – «Бұл аша тұяқ белгісі ежелгі ғұн һәм түркі дәуіріне тән салт, болмаса геральдикалық маңызы бар белгі немесе нышан емес пе екен, осындай белгі ертедегі көшпелі қазақ тайпаларының таңба-мөрінде кездесуі мүмкін бе?» деген сан түрлі сауалдарға жауап іздеу. Бұйырса бұл сұраққа маман ғалымдар жауап бере жатар.
Өйткені бұл тас тұрған өлке, яғни Забқын аймағы – ежелгі түркілер қонысы. Кейін ХІІ ғасырда найман, керей тайпалары ту тігіп, мекен еткен жер. Көне жазбаларда Яг-Ябган (Заг-Забқын) деп жазылған. Демек бұл тастағы із бабаларымыздан қалған таңба болуы мүмкін. Бұл – жай біздің болжам...
Хош, сонымен, сиырдың ізі тұрған жерді айтайық. Із Моңғолияның Сонгино (Сарымсақты) сұмынының Дэлгэрлэн деген жерінде тұр. Тұрғылықты халық бұл маңды «Сиыр ізді жартас» деп атайтын көрінеді. Себебі белгілі. Осы сиыр ізі бар тас туралы ауыл арасында айтылатын бір шумақ жыр да бар екен:
«Көрмеген адам сенбеуі анық,
Көрген пенде қалады талып,
Айпарадай сиырдың ізін,
Тастаған кімдер тасқа салып».