Қоштасқанымызға санаулы күндер ғана өткен ескі жылда Алматыда Қазақстан Республикасы Театр сыншылары қауымдастығы өзінің дәстүрлі сыйлығына қандай қойылым лайықты екендігін анықтаған-ды. Сыншылар қауымдастығының нұсқасы бойынша «Жылдың үздік балеті» атағы «Астана Балеттің» «Жібек жолы» спектакліне берілді.
Дәстүр бойынша беделді сыншылар бірлестігі 2022 жылғы үздіктерді анықтау үшін еліміздің барлық театрына сауалдама жолдайды. Сауалдамада ел театрларындағы шығармашылық үрдіс, репертуар құру саясаты, көрермендердің спектакльге келуі, сонымен қатар осы үрдісті уақтылы сараптамадан өткізуге байланысты сұрақтар қамтылған. Яғни осының бәрі де отандық және халықаралық театр қауымдастықтары, кәсіби мамандар мен ресми мемлекеттік мекемелер тарапынан қызығушылық тудыратын мәселелер.
Сонымен 2022 жылдың қорытындысы бойынша, «Астана Балет» театры төмендегі аталымдар бойынша сыншылар тағайындаған сыйлықтармен марапатталды.
«Жылдың үздік балеті» атағы – ақын Бақыт Қайырбековтің либреттосына театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» спектакліне берілді. Қойылымның табысты болуына Арман Амар, Ренат Ғайсин, Владимир Иванофф және Омар Фарук Текбилек сынды танымал өнер қайраткерлері атсалысқан. Бұл қошеметке ие болу үшін костюм суретшілері – Әсел Шалабаева мен Дина Буксикова, сценограф – Асқар Ысқақов, бейнесуретші – Нұрлан Керей, жарық суретшісі – Роберт Даутов та аз еңбек сіңірмеген.
Ал «Үздік балет әртісі» жүлдесі – «Орфей мен Эвридика» спектакліндегі Эвридика рөлін сомдаған театрдың жетекші солисі Татьяна Тенге бұйырды.
АЛМАТЫ