Қазақстандықтар Айя Нұпбай мен Асылжан Арыстанбекова Үндістан астанасы Делиде өткен екінші санаттағы J200 DELHI жарысының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ-ға сілтеме жасап.
Олар финалда таилық дуэтті 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Өткен жылы қазақстандық жұп ITF Juniors сериясында жеті турнирде үздік шыққан. Барлығы олар осымен 10 титулға қол жеткізді.
«Жыл басында жеңіске жеткен маңызды. Қазіргі деңгейіме ризамын, бұдан кейін де бабымда боламын деп ойлаймын. Асылжанға рахмет! Додада қиын матчтар болды. Біз содан сәтті өттік», деді А.Нұпбай.
«Бұл - Айя екеуміздің оныншы титулымыз. Жаңа маусым басындағы табыс тың жетістіктерге жетелейді, күш береді. Федерация мен Team Kazakhstan академиясының барлық бапкерлеріне алғыс айтамыз», деді А.Арыстанбекова.