Әлемді коронавирус дерті қайта шарпыды. Қытайда коронавирус өршіп, науқастар ауруханаларға сыймай жатыр деген дабыл қағылғалы көп болған жоқ. Тіпті орталық үкіметтің коронавирус шектеулерін сынаған қолданушылардың аккаунттары жабылып, жұмысы да уақытша тоқтатылған. Соған қарамастан, билік індет басталғалы бері күшінде болған шектеу шараларын да алып жатыр. Көрші елде өршіген індетке әлем алаңдап отыр. Ал біз неге бейқамбыз?
Еуроодақ, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Канада, Испания, Жапония елдері Қытайда басталған індеттің кезекті толқынына алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені 8 қаңтардан бастап Бейжің елден шыққысы немесе өзге өңірлерге барғысы келетін азаматтарына қойылған ірі шектеулерден бас тартты. Тіпті шетел азаматтарына елге кіруге мүмкіндік берілді. Бірқатар ақпарат құралы Қытайда күн сайын миллиондаған азаматқа коронавирус жұғып жатқанын, елде вирустан қайтыс болғандарды қабылдайтын крематорийлерде орын қалмағанын жазады. Бейжің бұл ақпаратты ресми түрде растағысы келмейді. Десе де көрші елде қайта өршіген індеттің алдын алу, шектеу шараларын қазірден күшейту өзге емес, өзімізге керек.
Осы ретте Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетованың мәліметінше, елімізде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталған. Десе де беті аулақ, ауа арқылы тарала беретін вирусты қай жел айдап келерін кім білсін? Оның үстіне өткен жылдың қараша айының соңынан бастап елде науқастар саны өсіп, желтоқсан айында сырқаттанғандардың орташа тәуліктік саны КВИ+ 200-ге дейін және КВИ- 10-ға дейін жеткені белгілі.Оның үстіне бөлінген штамдардың соңғы реттілігі COVID-19 Омикрон нұсқасының айналымы болып шықты. Ал «Қазақстанда елге кіру кезінде де, әлемнің кез келген еліне, оның ішінде ҚХР-ға шығу кезінде де қандай да бір шектеу шараларын енгізу жоспарланбайды», деген еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің сөзінде. Қытайда биыл қыста ковидтен 1 млн-нан астам адам қайтыс болуы әбден мүмкін екендігі айтылып жатса да шектеу шараларын қатаңдату байқалмайды. Тек халықты уақтылы вакциналау мен ревакциналауға, халық көп жиналатын орындарда бетперде тағуға, адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеуге шақырады. Мұнымен қоса қолды тазалау үшін антисептик немесе дезинфекциялық майлықтарды пайдалануды ұсынады. Бүгінде бұл ұсыныстарды пандемия басталғалы бері денсаулықтың қадірін терең ұғына білген жұрт екі етпей орындауды үйренді.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті биылғы қаңтар айының бірінші онкүндігінен бастап Қазақстан-Қытай учаскесінде Қытай тарапы бұрын енгізілген шектеу және карантин шараларын алып тастағанын мәлімдеді. Мейлі, автокөлік жүргізушілерінде виза, ПТР тестілері халықаралық стандарттарға сәйкес келуі керек болса да, індеттің беті бері қарамай тұрған шақта бұл қаншалықты дұрыс шешім?
Айта кетейік, Қытайдағы танымал әлеуметтік желі Sina Weibo платформаны пайдалану бойынша шамамен 13 мың ереже бұзу туралы хабарламаға «реакция білдіргенін» мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, кейбір қолданушылар «сарапшылар мен ғалымдарға, медицина қызметкерлеріне шүйліккен. Санкцияға шамамен 1 200 аккаунт ұшыраған. Ал Қытай коммунистік партиясы коронавирусқа қатысты қатаң шектеулерін ақтау үшін медициналық қауымдастыққа арқа сүйеген. Қатаң шаралардың басым бөлігі жойылғанымен, көп ұзамай індеттің ушыққаны жайлы хабар тараған.
ҚХР-да енді коронавирус инфекциясын жұқтырғандар үйден емделіп, медициналық мекеменің көмегіне де жүгіне алады. Өйткені COVID-19-ға шалдыққандарды карантин орталықтарында оқшаулау алынып тасталған. Бұған дейін ҚХР билігі коронавирусты мүлдем таратпау саясатын жүргізіп, барлық әкімшілік-аймақтық мекемесінде коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарға арнап карантин орталықтарын салған болатын. Тіпті жаңа хаттаманың өзгеруіне байланысты емделіп шыққан науқастарға енді ПТР-тесттің теріс нәтижесі де қажет емес. Сондай-ақ Қытай сырқаттарды бақылау және алдын алу орталығының биылғы 6 қаңтардағы дерегіне сәйкес, өткен тәулікте 10,6 мың адам коронавирус жұқтырған. Ал денсаулық туралы мәлімет жинайтын британдық Airfinity компаниясының зерттеуінде, COVID-тен тәулігіне 9 мың адамға дейін қайтыс болғаны айтылады. Пандемия басталғалы ҚХР-да коронавирустан 5 мыңнан аса адам көз жұмыпты.
Қазір Еуропалық одақ Қытайға коронавирусқа қарсы вакциналарды тегін ұсынып жатыр. Яғни індеттің жаппай таралмауының алдын алуға көмек көрсетіп отыр. Бұл туралы Еуроодақ делегациясының Қытайға сапарынан кейін Еуропалық комиссияның баспасөз хатшысының мәлімдемесінде айтылды. Иә, мұндай жағдайда ынтымақтастық пен қолдау көрсету науқастың көңілін сұрағанмен бірдей, тіпті екі арасындағы әріптестік қарым-қатынасты да нығайта түсетіні сөзсіз.
Сонымен елімізде және әлемде орын алып жатқан COVID-19 індетінің өршуіне байланысты ішкі және сыртқы жағдайда сақталатын санитарлық талаптар мен шектеу шараларына бейқамдық танытпағанымыз дұрыс. Әсіресе індет дендеген көрші елдермен арадағы сақтық шараларын күшейтіп, татулықты уақытша онлайн форматта ұстанған жөн шығар.