• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Медицина 16 Қаңтар, 2023

Ел саламаттылығының жауапты кезеңі

132 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігі кеңейтілген алқа отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің қатысуымен Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник Мемлекет басшысының ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы баяндама жасады.

«2022 жылдың ішінде 407 мың жүкті әйел бақылауда болды, 412 мың бала дүниеге келді. Өткен жыл­­дың қорытындысы бойынша ана өлі­мінің 3 есеге төмендеуіне қол жет­кізілді», деп атап өтті В.Дуд­ник.

Алайда, қызметтердің негіз­гі көрсеткіштерінің төмен­деуіне қарамастан, кадр тапшы­лығы, материалдық-техника­лық жарақтандыру, инфрақұры­лым­ның тозуы  басты проблема күйінде қалып отыр, бұл медициналық көмек көрсету сапасына тікелей әсер етеді. Әйелдер мен балаларға білікті медициналық көмек көр­сету үшін елде 5 мыңнан астам МСАК объектісі, 240 перзентхана, оның ішінде 39 перинаталдық орталық, 23 балалар ауруханасы және 4 республикалық клиника жұмыс істейді.

Вице-министрдің айтуынша, перзентхана деңгейінде акушер-гинекологтермен жұмыс істеу 45%-дан 80%-ға дейін өзгереді. Ол осы бағыттағы кадр тапшылығын атап өтіп, бүгінде елімізде 275 акушер-гинеколог, 323 анестезиолог-реаниматолог, 100 неонатолог жетіспейтінін жеткізді. Балалар стационарларында 200 педиатр, 340 анестезиолог-реаниматолог тапшылығы байқалады. Солтүстік Қазақстан облысында неонатологтардың, Атырау облысында педиатрлардың, Түркістан облысында балалар анестезиолог-реаниматологтарының тапшы­лығы ерекше назар аударады.

Кадрлық қажеттіліктерді қам­тамасыз ету мақсатында минис­трлік 2022 жылы «Акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша резидентураның 108 білім беру грантына, «Педиатрия», «Неонатология», «Балалар хирургиясы», «Балалар онкогематологиясы» мамандықтары бойынша 292 грантқа мемлекеттік тапсырыс бөлді. Өңірлерге 290 жас түлек, оның ішінде 198 балалар дәрі­гері, 92 акушер-гинеколог бөлінді. Ол балалар өліміне әсер ететін факторлардың қатарында патро­наттық бақылаудың тиім­ділігін атады. «Ел бойынша балаларды әмбе­бап патронаждық пакетпен қамту 86%-ды құрай­ды, олардың тек 17%-ы прог­рес­сивті бақылауға жатады, бұл жүргізілетін патронаждар сапа­сының төмендігін көрсетеді. Халық­­аралық талаптарға сәйкес прог­­рессивті пакеттегі балалар саны кемінде 30%-ды құрауға тиіс», деді В.Дудник.

Балалар денсаулығын сақ­тау ісіндегі жетістіктер туралы айта келе, вице-министр неона­тологиядағы жоғары маман­дандырылған көмекті дамытудың жоғары деңгейін атап өтті. Осы­лайша, дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе өсті; нәресте өлімі 1,7 есе, балалар өлімі 1,6 есе төмендеді, неонаталдық хирургияның және осы технологиялардың өңірлерге трансфертінің дамуымен туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86%-ды құрады.

Инфрақұрылымның тозуын және перзентханалар мен бала­лар стационарларының техни­калық жабдықталуының жеткілік­сіздігін ескере отырып, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық стандарттар бойынша 11 перинаталдық орта­лық салу мәселесі пысықталуда.

Жол-көлік оқиғаларынан болатын  өлім-жітім көрсеткішінің 19%-ға өсуі үлкен алаңдаушылық туды­рып отыр. Ол Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында аса жоғары. В.Дудниктің айтуынша, бұл көрсеткішке әсер ететін факторлардың бірі – травматолог­тармен қамтамасыз ету, 6 облыста мұндай бейіндегі мамандар іс жүзінде жоқ, сондықтан осы бағытта медициналық көмек көрсету тиісінше зардап шегеді.

Вице-министр сондай-ақ рес­публика бойынша өлім-жітім 2021 жылғы 18%-дан өткен жылы 15%-ға дейін төмендеген инсульт және жіті инфарктпен ауыратын пациенттерге уақтылы медициналық көмек көрсету мәселесіне назар аударды. «Мұндай пациенттердің жоғары өлім-жітімінің себебі қосалқы ауруларына және кеш емделуге байланысты болып қалады, сондай-ақ тромболитикалық терапия да жеткіліксіз қолданылады. Ел бойынша диспансерлік есепке алынған адамдардың саны небәрі 69%-ды құрады, 2021 жылы – 84%. Бұл ретте инсульт алған барлық науқастың 100%-ы диспансерлік есепке алуға жатады», деді министрдің орынбасары.

В.Дудник 2023 жылға жос­пар­ланған жұмыстың бірнеше негізгі бағыттарын атап өтті. Соның ішінде МСАК, жедел жәр­дем жұмысын жетілдіру, ҚАЖ мекемелерінің сотталған тұлға­ларына медициналық көмек көр­сету, бірқатар жол карталарын іске асыру, жаңа стандарттар әзір­леу және клиникалық хаттамаларды енгізу, СӨС дағдыларын қалыптастыру және басқа жобалар бар.