Жылдың басы әр шығармашылық ұжым үшін тың жобалар мен жаңалықтардың жарқын бастауы іспеттес. Ел астанасының мәдени ошағы «Астана Опера» театрында да осы маусым бірқатар премьераға толы болды. Мәселен, Дж.Пуччинидің «Богема», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» опералары, Р.Ребектің хореографиясында С.Прокофьевтің «Күлбике» қиял-ғажайып балеті, А.Аданның шытырман оқиғалы «Корсар» балеті мен Күләш Байсейітова атындағы Камералық залдағы концерттер театр репертуарына ерекше серпін берді. Одан бөлек биылғы мерейтойлық маусымға орай гастрольдік сапарлар, «Жібек жолы» халықаралық опера және балет фестивалі мен Umai тұңғыш ұлттық сыйлығы театр тарихындағы айтулы оқиғалар тізбегінде қалды.
Жаңа жылдың жоспарындағы шығармашылық жаңалықтар да аз емес. «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров өнер ордасының репертуарындағы алдағы өзгерістермен бөлісе отырып, мерейтойлық маусымда әйгілі орындаушылар мен спектакльдерді безендіруге шетелдің мықты мамандарын арнайы шақыратынын айтты.
«Театр үшін мерейтойлық жыл В.А.Моцарттың музыкасына чех хореографы Иржи Килианның «Кішкентай өлім» балетінің премьерасымен жалғасады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ композитор Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің қойылымына дайындық жүріп жатыр. Одан бөлек шетелдік әріптестермен бірлескен халықаралық жобалар әзірледік. Танымал ұжымдардың біздің сахнада гастрольдік өнер көрсетулері де жоспарланып отыр. Мәселен, Борис Эйфманның балет театры келіп, «Анна Каренина» мен «Пигмалион эффектісі» спектакльдерін ұсынады», деді театр директоры.
Аталған өнер ұжымы балаларға арналған шығармаларды да қамтып келеді. Бірнеше ай бұрын С.Прокофьевтің музыкасына «Күлбике» балетінің премьерасы өткен еді. Жақында Жолан Дәстеновтің «Қаңбақ шал» ертегі-операсы репертуарға енгізілмек.
«Бұдан бөлек күзге қарай «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалін өткіземіз. Айта кетейік, бұл фестивальдің ұйымдастырылып жүргеніне де жиырма жылдан асты, оның тарихы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрынан басталады. Екі онжылдықтан астам уақыт бойы оған әлемдік опера мен балет сахнасының жұлдыздары қатысты. Осы фестиваль аясында балаларға арналған спектакльдер де көрсетіледі», дейді Ғ.Ахмедьяров.
Иә, театр репертуары әр жыл сайын толығып, жаңарып отырады. Аталған шығармашылық ұжымының сахнасында да көптен бері қойылмаған кейбір спектакльдер осы жылы қайта жаңғыртылмақ.