Осы күні онлайн-саудаға жүгінбейтін адам аз. Сұраныс болғандықтан шығар, онлайн-платформалардың да жұмыссыз отырған күні жоқ. Мәселен, елдегі ең ірі хабарландыру сервистерінің біріне жататын ОLX.kz-ке ай сайын шамамен 11 млн адам кіреді екен. Орташа есеппен әрбір 2 секунд сайын сервисте жаңа хабарландыру пайда болады. Әрбір екінші тұрғын ОLX.kz-ке айына кемінде бір рет кіреді екен.
OLX.kz онлайн-хабарландыру сервисінің сарапшылары сервис деректеріне сүйене отырып, 2022 жылдың қорытындысын шығарыпты. Біз келтірген деректің бәрі сонда қамтылған. Сонымен соңғы деректерге назар аударсақ. Сервис аудиториясы өткен жылы айына 11 млн белсенді пайдаланушыға жеткен, ал берілген хабарландырулар саны 25,5 млн-нан асты. Былтыр OLX-те минутына орта есеппен 12 мәміле жасалған. Онлайн-саудадағы ең танымал санаттарға «ұялы телефондар», «жылжымайтын мүлік» және «жиһаз жасау» кіріп отыр. Сервисте жұмыс іздеу бойынша 120 мыңнан астам түйіндеме орналастырылған. Хабарландырулар саны бойынша ең қарқынды өсіп келе жатқан санаттың бірі – «көлік». Мұнда «автомобиль бөлшектерін сату» және «қалааралық тасымалдау» қызметтеріне сұраныс жоғары екен.
«2022 жылдың негізгі тренді ретінде шағын және орта бизнестің онлайн-режімге ауысу динамикасын жалғастыруын айтуға болады. Өздеріңіз білетіндей, пандемияның, сондай-ақ экономикалық және сауда байланыстарының айтарлықтай бұзылуының салдарынан отандық шағын және орта бизнес жаппай онлайн-режімге көшіп жатыр. Тиісінше, қоғамда цифрлық тұтыну әдеті қалыптасуда. Осылайша, бизнес кез келген қажеттіліктерді үздіксіз әрі шексіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін платформаларға назар аудара бастады. Сөйтіп, шағын және орта бизнестің өкілдері үшін онлайн платформалар жұмысты жалғастыруда және жаңа клиенттерді тартуда үлкен көмек болып отыр. Айталық, былтыр OLX.kz сервисі базасында ашылған интернет-дүкендер саны 2021 жылғы көрсеткіштен 4 есе асып түскен», деп хабарлады сарапшылар.
Былтыр сервистегі хабарландырулардың ең көп бөлігін Алматы және Астана қалаларының тұрғындары орналастырған. Хабарландырулардың жалпы санының 24 пайызы алматылықтарға, 15 пайызы астаналықтарға тиесілі. Түркістан және Ұлытау өңірі тұрғындарының белсенділігі төмен екен. Олардың үлесі 1 пайызға зорға жетеді.
Өткен жылы сервистегі ең қымбат хабарландыру құны 800 млн теңгені құрапты. Сағатына 300 текше метр бетон өндіретін зауыттың иесі осындай бағаны көрсеткен. Бұған қоса «Қарағанды» қонақүйін 280 млн теңгеге сату туралы хабарлама орналастырылған. Үштікті құны 260 млн теңге болатын бұрғылау қондырғысының сатылымы түйіндеп тұр.
Кез келген маусымда сұраныстан түспейтін ең танымал санаттардың көшін «пәтер» санаты бастап тұр. Көктем мен жазда велосипедтерге деген сұраныс артады екен. Сондай-ақ тұрғындар қыста, жазда және күзде онлайн-сервиске жұмыс іздеу үшін үздіксіз кіретіні белгілі болды.
Сатушылар «телефондарды сату», «тасымалдау» және «автокөлік бөлшектерін сату» санаттары бойынша көп хабарландыру орналастыратыны анықталды.
Көбінесе интернет-дүкендер сервисте ұялы телефондар/смартфондар, жабдықтар мен шикізаттар, компьютерлер сату, пәтерлерді ұзақ мерзімге жалға беру қызметтерін, құрылыс, дизайн және полиграфия қызметтерін жүзеге асырыпты. Сондай-ақ дайын бизнесті сату, қаржылық және жиһаз жасау қызметтерін ұсынған.
OLX.kz-тегі хабарландыруларға ден қойсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық санаттағы жылжымайтын мүліктің шаршы метрі орташа есеппен 20 пайызға, ал коммерциялық үй-жайлардың құны орташа есеппен 22 пайызға өскен. Ал көлік нарығы барлық санат бойынша хабарландырулар санының төмендеуін көрсеткен. Қайталама нарықта отандық жеңіл автомобильдің орташа құны 750 мың теңгені, шетелдік маркалар 1,5 млн теңгені құраған.
Еңбек нарығында жұмыс іздеушілердің сұраныстары мен жұмыс берушілердің ұсыныстары арасындағы алшақтық алыстай түскен. Қашықтан жұмыс іздеушілер саны 32 пайызға өссе, ал қашықтан жұмыс ұсынатындардың үлесі тіпті азайып кеткен – 2 пайыз. Пайдаланушылардың өздеріне қолайлы кестемен жұмыс істеуге қатысты сұраныстары 45 пайызға өскен. Бұл ретте қолайлы кестемен жұмыс ұсынатындар айтарлықтай азайған – үлесі 6 пайыз. Вахталық жұмысқа деген сұраныс бірнеше жыл қатарынан жоғары болып тұр.