Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш арыстарынан тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Біз біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деген болатын.
Ұлт ұстазы мұрасына үңілген сайын, оның заманмен үндес қырлары ашыла түседі. Осы жолы да сөз еткелі отырған тақырыпты ешкім де өзекті емес дей алмас деп ойлаймын. Бұл Ақаңның ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы өнегесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біздің мақсат – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет» деген сөздерінен туындаған заман талабы да түрткі болғанын айтып өткен абзал.
«Болмыс» ұғымына түсіндірме сөздікте: «...тұла бой, тұтас кейіп» деген шағын ғана анықтама беріліпті. Ал «ұлттық болмыс» деген тіркес қандай да бір ұлтқа тән болуға тиіс түпкі белгілерді, ерекшеліктерді қамтыса керек. Қазақ ұлтына тән басты ерекшеліктер – оның туған тілі, салт-дәстүрлері, қонақжайлылық, бауырмалдық... Таратып айтар болсақ, ұлттық болмыс – ол сенің ана тіліңде сөйлеуің, кітап, газет-журнал оқуың, салт-дәстүрлерді ұстануың, қазақша ән, жаңалықтар тыңдауың, ұлттық намысты қорғауың, төл халқыңа тән құндылықтарды мақтан етуің, туған ел жетістіктерін мақтан етіп, олқылықтарының орнын толтыруға ұмтылуың, тіпті банкоматтан ақша алу алдында қазақ тілін таңдауың...
Десек те, ұлттық болмысты айқындайтын ең басты көрсеткіш – ана тілі, ана тілімен жеткізілетін ұлттық құндылықтарға көзқарас. Иә, қазақы болмыс алдымен ана тілімен айқындалады. Неге десеңіз, ұлт өзінің төл тілімен ғана мәңгілік жасайды. Бұл ретте А.Байтұрсынұлының «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі... Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген сөздері тілге оралады. Сәл өзгертіп айтар болсақ, ана тілі – адамның ұлттық белгісінің зоры.
Әр азамат үшін ұлттық болмыстың қалыптасуы алдымен оның – өзін ұлт өкілі ретінде сезінуінен, ұлттың болашағы әр азаматтың өзіне де тікелей байланысты екенін жүрегімен сезінуінен басталып, одан әрі елге қызмет етуді мұрат тұтып, осы жолда талмай іс-әрекет жасай беруімен беки түседі. Ақаң мақсат етіп, діттей зерттеген, тынымсыз ізденіс пен еңбек нәтижесінде, ұлт игілігіне айналған құндылықтар төл руханиятымыздың сарқылмас көзі іспеттес бүгінде. Олай болса, ұлт ұстазы қандай бағыттарда тер төгіп, қандай құндылықтарға жол ашқанын аз-кем саралап, сол арқылы оның ұлттық болмысты қалыптастырудағы еңбегі мен тағылымын тарқатып көрелік:
- балаға алдымен ана тілінде білім берілуін ұстануы;
- қазақ тіл білімінің ана тілімізде зерттелуіне жол ашуы;
- ұлт тілінде «Қазақ» газетін ұйымдастырып, қазақ халқының көкейкесті мәселелерін көтеруі;
- ана тіліндегі оқулықтардың авторы, қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаушы;
- қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін салушы.
Осылардың бәрі, түптеп келгенде, А.Байтұрсынұлының ұлтқа қызмет етуінің айқын дәлелдері болып саналады. Ал ұлтқа мінсіз қызмет етуге ұлттық болмысы қалыптасқан тұлға ғана пәрменді болмақ.
Қазіргі жаһандану үрдісінде қай ел болсын өзіндік бет-бейнесін айқындап, күш-қуатын, даму деңгейін ілгерілетуді көздейді. Сондықтан өркениет көшінде алдыңғы шептен көрінуге, жаңа Қазақстан құруға ұмтылыс жасап жатқан қазіргі кезеңде ұлттық құндылықтарымыздың құлдырамай, заман талабына сай жаңғырып, жандануына атсалысу – ұлтымыздың ұлы мақсаттарының бірі.
Бұл орайда, жоғарыда айтқанымыздай, Ақаңның өнегесіне жүгінген абзал. Неге десеңіз, қазақтың ұлттығын сақтауда Ахмет Байтұрсынұлындай еңбек сіңірген тұлға ел тарихында кемде-кем. Елге қызмет етудің озық үлгісін танытқан тау тұлға ұлт руханиятының алтын діңгегі – туған тілі деп санап, бұл тұрғыда зор еңбек сіңірді. Ол жас кезінен-ақ туған халқының құндылықтарына, білім-ғылымға қызығушылық танытып, осыған қатысты түрлі тақырыпты қаузап, жаза бастады. Болашақ ғалымның тырнақалды мақаласының «Қазақтың ырымдары мен мақалдары» деген тақырыппен 23 жасында жарық көруі де оның ұлт дүниесіне ерте жастан ден қоюының айғағы болса керек («Тургайская газета», 1895 жыл 24 қыркүйек). Ұлтқа деген құрметі, сүйіспеншілігі Ақаңның барлық іс-әрекетінен аңғарылып тұрды. Айталық, әдейі бұрмаланып, «қырғыз» аталып келген халқына төл атауын қайтаруды көздеген көсемсөзші өзі ашқан газеттің атын «Қазақ» деп қойды. Қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалаған да А.Байтұрсынұлы.
Оның ана тіліне қатысты зерттеулерінің, ұстанымдары мен тұжырымдарының өміршеңдігі, қазіргі талаптармен үндестігі, мәңгілік мәнділігі уақыт озған сайын айқындала түсуде. Сондай-ақ қоғам қайраткері ретінде көтерген мәселелері баспасөз бетінде үздіксіз жарияланып тұрғаны, басы бәйгеге тігілсе де, ұлт мүддесі жолында тынымсыз күресіп өткені баршаға аян. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ұлттық болмыстың қалыптасуының, сақталуының түп қазығы – ана тілі. Ана тілінде оқытудың қажеттігін Ақаң «Әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы» деген сөзімен аңғартып, ол үшін не істеу керектігін: «...Мектептерімізді тәртіпке қою, қазақша оқуды халыққа тарату – өз міндетіміз», деп түйіндейді.
Ұлтжанды тұлға әйтсе де ана тілінде білім алуды бәрі бірдей қолдамайтынына да қынжылыс білдіріп, былайша жазады: «Қазақ тілі мен қазақ қарпімен оқыт деп отырған балалардың ата-анасы жоқ. Халықтың өз тілімен, өз қарпімен оқығанын хакімдер жақтамайтын болған соң, мұғалімдер өз беттерінен ана тілімен, ұлт қарпінен бастап оқытамыз дей қоймайды». Бұл мәселе қазіргі таңда да, өкінішке қарай, күн тәртібінен түсер емес. Балалардың қай мектепке баратынын шешетін негізінен, ата-аналар. Ал олардың көпшілігі өз балаларын ұлттық мектептерде оқытуға құлықсыз. Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жылдан асса да, Ақаң айтқандай, қазақтар әлі күнге ана тілімен оқытамыз дей қоймайды! Ақаңның «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек» деген сөзі бар. Шынында да, ана тілінде оқытуды насихаттау тек жекелеген тұлғаларға, «Қазақ тілі» қоғамына ғана артып қоятын шаруа емес, ол тұтас ұлттың жұмысы. Демек бұл жұмысқа ұлт болып ұйыса, жұмыла кірісер болсақ, кәнеки.
А.Байтұрсынұлы алдымен қазақша сауат аштыруды мұрат тұтып, бұл жолда тұңғыш әліппе – «Оқу құралын» жазды, одан соң қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикалық құрылымын, ана тілінің төл заңдылықтарын талдап, пән ретінде оқытып, үйретуді жолға қойды, сөйтіп, үш бөлімнен тұратын «Тіл құралды» дүниеге келтірді.
Ұлт ұстазының «...Қазақша дұрыстап хат жаза білуге 1-2-ақ жыл керек. Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолменен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын» деуінде үлкен мән жатыр. Сондай-ақ «Бастауыш мектеп» мақаласындағы: «...біздің ойымызша, бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін 5 жылдық болуы керек. Әуелгі 3 жылда балалар кілең қазақша, соңғы екі жылда кілең орысша оқуы керек» деген сөздері бүгінде де өзекті, неге десеңіз, ұлттық болмыстың қалыптасуында ана тілінде толыққанды, тиянақты білім алудың маңызы зор.
Ақаңа дейін қазақ тілі мәселелері В.Радлов, П.Мелиоранский, Н.Ильминский, В.Григорьев сынды ғалымдардың атсалысуымен өзге тілде қолға алынса, А.Байтұрсынұлы ана тілі мәселелерін туған тілімізде зерттеді, қазақ тіл білімін қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді. Ол ұлт тілінің табиғи қалпын, дыбыстық ерекшеліктерін сақтауды көздеді. Бұл бағыттағы алғашқы қадамын тіліміздің дыбыстық жүйесін зерттеуден, дыбысқа сәйкес әліппе жасаудан бастады. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы сауатты жазуға ерекше көңіл бөлді. Жазу ережелерінің таласты мәселелеріне қатысты жайттарды қайта қарап, дұрыс шешімге келу үшін 1924 жылы арнайы комиссия құрылғанда оның төрағасы болып А.Байтұрсынұлы сайланды.
Қазақта «Басқа бір тілді білу – басқадан бір бас биік тұру» деген мақал бар. Ұлт ұстазы бір тілмен шектелмей, өзге тілді білуді де қолдады, бұл турасындағы ойын былайша білдіреді: «Орысша оқу – орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда, қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе, орысша да білу қажет». Осы орайда ұлт ұстазы пікірінің білім саласындағы қазіргі реформалармен үндесетінін айтып өтпеске болмайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, Президент Қ.Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан мына бір жолдарды келтірелік: «Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек. Бұл – уақыт талабы. Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал».
Бұл айтылғандар толық болмаса да, жүзеге асырыла бастады: биылғы оқу жылынан бастап қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Орыс тілін 2-сыныптан, ағылшын тілін 3-сыныптан бастап оқытады. 1-сыныпта 3 тілді бірден меңгеру қиын. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады.
Ұлт ұстазы білім сапасы мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты екенін мына сөздерімен аңғартады: «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді. Тәртіппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тәртіппен оқыта білетін мұғалім керек». Өкінішке қарай, қазақ тілін оқыту жайы әлі күнге сынға ұшырап келеді. Бұл турасында салыстырмалы педагогиканың негізін салушы А.Құсайынов былай деп жазады: «Қазақ тілін оқыту теориясы мен әдістемесі мамандығы бойынша көптеген диссертация қорғалды. Қазақ тілін оқыту әдіснамасын жасауға арналған бірде-бір жұмыс жоқ. Қазақ тілін лингвистика тұрғысынан оқыту, фонетиканы, орфографияны оқыту бойынша жұмыс өте аз. Қазақ тілін оқыту әдістері мен принциптері, тіл оқытуда жаңа құралдарды пайдалану жолдарын түзу, т.б. мәселелерге тиісті көңіл бөлінбей келеді».
Мойындау керек, оқу орыс тілінде жүргізілетін білім ордаларында мемлекеттік тілді оқыту сапасы, осыған орай нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Бұған әлі күнге тілді үйрету әдістемесінің қауқарсыздығын, қазақ тілі оқулықтарының күрделілігін алға тартамыз. Бірақ «мектептің жүрегі» саналып, «мектепке жан кіргізетін» басты тұлға – пән мұғалімінің әдіскерлік шеберлігі, кәсіби әлеуеті шешуші рөл атқаратынын ескергіміз келмейтін сыңайлы. Бұлай деуім негізсіз емес, менің әріптестерім арасында өзге ұлт балаларын қазақ тілінде түсініп сөйлеуге үйрете алып жүрген педагогтер бар, алайда олардың саны саусақпен санарлықтай ғана. «Қызықтырар ұстаз болса, қызықпайтын шәкірт болмас» демекші, пән мұғалімдеріне тілге қызықтыруда мақсаткерлік, әдістемелік шеберлік, озық тәжірибені игеру сынды қасиеттер жетіспейді. Осы ретте, Ақаңдай данышпан арамызға оралар болса, тілді тиімді оқытудың озық әдістемесін жасап берер ме еді деген ой келеді. Себебі туған тіл мәселелеріне дендей еніп, мәңгілік маңызды мұра қалдырған ұлы тұлғаның қазақ тілін оқыту әдістемесі тарихында да қалдырған ізі іргелі десек, ірі айтқандық емес.
Осылайша, ұлттық болмысын тіл мен әдебиеттану, тілді оқыту ілімінде кеңінен танытқан А.Байтұрсынұлының еңбегін ахметтанушы ғалымдар әділ бағалады. Айталық, филология ғылымдарының докторы Өмірхан Әбдиманұлы: «Ақаң атқарған ұшан-теңіз руханият істерінің ең зоры тұңғыш тілші-ғалым ретіндегі қазақ тіл білімін дамытуға қосқан үлесі» деп жазса, ұлт ұстазын ұлықтаушы Райхан Имаханбет: «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін салушы теоретик ғалым» деп бағалады. Сөз жоқ, Ақаң ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісін білім беру, тіл ғылымы мен әдебиеті салаларын қалыптастыруда барынша таныта білді. Демек әр азамат өз саласының білікті маманы атанып, жеке мақсат, тілектерін ұлт мүддесімен ұштастыра жүзеге асырар болса, елдік болмысымыз нығайып, беки түсері хақ.
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Білім беру ісінің үздігі
ҚОСТАНАЙ