Былтыр ақмолалық диқандар 5 млн тоннадан астам тәп-тәуір өнім жинады. Көктен иіп, жерден берді. Өз адал еңбектері себеп. Даланың дәні диқанның маңдай терімен өседі. Олар биыл да көктемгі егіс науқанына ертерек қамданды. Қазір қар тоқтатылып, қолда бар техника жөндеуден өткізіліп жатыр.
Бір айта кетерлігі, биыл егістік танаптардың ауқымы бұрынғыдан біршама кеңейтілмек. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, болжамды жоба жасауда. Бұл жайға соңғы уақытта бұрынғы кәдеге аспай жатқан жерлерді қайтарып алып, ел игілігіне жарату себепші болып отыр.
Егін орағы сәтті аяқталған соң диқан қауым келер жылдың қамын ойлап, қажетті тұқымды қамбаларына құйып алған. Қазір 532 мың тонна тұқым қоры бар. Сапасы да жақсы.
– Ауыл шаруашылығы құрылымдары техника жөндеу үстінде. Егіс жұмыстарына қатысатын 14 мың трактор, күзгі ораққа қажетті 8,5 мың комбайн дайындалуда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – Жыл өткен сайын материалдық-техникалық база да нығайып келеді. Өткен жылы ғана 1 900 бірлік техника жаңартылды. Бұл арада мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айта кету керек. Техника сатып алуға 69 млрд теңге қаражат бөлінді. Диқандар мемлекеттік бағдарламалардың және субсидиялардың игілігін көріп отыр. Былтырғы көктемде облыс диқандарына 72 мың тонна, ал күзде 83 мың тонна жанар-жағар май арзандатылған бағамен бөлінді.
Қазір өңірдің диқандары мол егіннің кепілі санатындағы қар тоқтату жұмысына кіріскен. 734 мың гектар алқапты игеру көзделсе, әзірге бір ізбен 120 мың гектарға жуық алқаптың қары тоқтатылыпты. Бұл жұмысқа 155 қуатты техника қатыстырылды. Қазір парға қалдырылған алқаптардағы қардың қалыңдығы 10 сантиметрден асады. Ал егістік егілген алқаптардың қары қалыңдау, 15-16 сантиметр шамасында. Дала еңбеккерлері үшін жауапкершілігі мол шаруада Зеренді, Ақкөл, Шортанды аудандарының жұмысы өнімді.
Көкше даласындағы диқандардың қызу еңбегі қыста да бір толастайтын емес. Соның барлығы ел игілігіне бағытталған екпінді шаруа.
Ақмола облысы