Қаңтар айының басында Орал қаласының облыстық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Egemen.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айназ, Айзада, Айдана атты үшемнің екі үлкен ағасы мен әпкесі бар. Көпбалалы отбасы облыс орталығында тұрады. Балалардың туған кездегі салмағы 2279, 2240 және 2700 грамм.
Әйелдің толғағы мерзімінен бұрын басталғандықтан, оған перинаталдық орталықтың білікті мамандарының қатысуымен кесарь тілігі операциясы жасалды.
Салмақ қосқанға дейін облыстық перинаталдық орталықта дәрігерлердің бақылауында болған сәбилер анасымен бірге ауруханадан шығарылды.
Үшемнің анасы 39 жастағы Жадыра Іңкәрованың айтуынша, Айдана мен Айзада бір-біріне өте ұқсас. Ал Айназ сәл өзгеше.
Өткен жылы бұл орталықта 6 116 бала дүниеге келгенін, олардың үшеуі - үшем, 78-і - егіздер, туған нәрестелердің басым көпшілігі қыздар екенін айта кеткен жөн.