• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Қаңтар, 2023

Медицинаның озық тәсілі

317 рет
көрсетілді

Қарағанды медицинасы ертеден елге мәшһүр. Кәсібіи әрі жоғары білікті мамандарының атағына сонау кеңес кезінде-ақ шартараптағылар қанық-тын. Бірден-бір танымал тұлғалар талай дертке дауа тапқаны белгілі. Бүгінде сол абырой биігінен Қарағанды өңірінің дәрігерлері бір сүйем де төмен түспеді. Заман талабына сай жаңа техгологиялар көмегімен бір кездері күрделі саналған операцияларды сәтті жасап келеді. Лапароскопия – осы күні қарағандылық дәрігерлер кең қолданатын тәсіл. Тоқішек патологиясы, шап жарығы секілді дерттерді емдеуде лапараскопия тәсілі танымал.

Жақында Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында тоқішек патологиясы бар науқастарға лапароскопия жасалды. Қарағандылық және өзге де шетел дәрігерлеріне бұл шеберлік сабағын мәскеулік хирург Артем Гон­чаров өткізді. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, Артем Гончаров жасаған үш төмен инвазивті операция тікелей трансляцияланғанын атап өткен жөн.

Бірінші операция стомасы бар нау­қасқа жасалды. Хирургтің алдында сыртқа шығып кеткен ішектің бір бөлігін ішке қайтарып, оның қызметін қалпына келтіру міндеті тұрды.

 – Ол үшін қабырғаны сөгіп, әдеттегідей дәстүрлі операция және лапароскопия арқылы мақсатқа жетуге болады. Лапароскопияда кішкентай тіліктер ғана жасалады. Оның үстіне, лапароскопия адамның жылдам жазылуына ықпал етеді. Асқынулардың алдын алады, косметикалық тұрғыда жақсы нәтиже көрсетеді, – дейді Ре­сей Федерациясы Президенті Іс басқар­масының Орталық клиникалық аурухана және емханасының колопроктология бөлімінің меңгерушісі Артем Гончаров.

Қарағанды дәрігерлерінің айтуынша, тоқішекке күрделі оталарды ашық түрде жасап келген. Енді мәскеулік хирургтің шеберлік сағаты лапароскопиялық әдістің көкжиегін кеңейте түскенін жасырмады.

– Бұл операция лапароскопияның жаңа мүмкіндіктерін көрсетті. Тоқ­ішекке бұрын күрделі операция­лар­ды ашық түрде жасайтын едік. Енді кейбір мәселелерді талқылаудан соң лапароскопиялық технология қол­данылатын болады, – дейді Қарағанды облыстық клиникалық аурухана дирек­торының хирургия жөніндегі орынбасары Борис Цхай.

Айталық, бұл күндері Қарағандыда шап жарығын лапароскопиямен емдейді. Қарағанды дәрігерлері осын­­дай жеті операция жасаған. Қа­ра­ғанды қаласының №1 көпсалалы ауру­­ханасындағы операциялар сәтті өт­кенін айтады дәрігерлер. Олар шап жа­рығы асқынбаған жағдайдың тоқ­сан пайызында лапароскопияға жүгіне­тіндіктерін жеткізді.

– Барлық операция сәтті болды. Біздің ауруханадағы лапароскопиялық әдіс – асқынбаған шап жарығын емдеу­дің алтын стандартына айналу­да. Науқастардың 90%-ына лапа­роскопиялық операция жасауға тырысамыз. Операция барысында озық құралдар қолданылады. Атап айтқанда, америкалық өндірістің ең жоғары сапалы торлы импланттары пайдаланылады. Лапароскопияны қолдану пациенттер үшін жарақат алу қаупін азайтады. Сонымен бірге оңалу уақыты жылдам, – дейді № 1 көпсалалы аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Арастун Мұсаев.

Мұндай операция жасауға бір сағат уақыт кетеді екен. Операция жасалған күні-ақ науқас төсегінен тұрып, жүре алады. Ал отадан соң үшінші-төртінші күні ауруханадан шығады.

Тағы бір атап айтарлығы, бұл операциялар міндетті медициналық сақтандыру аясында жасалады. Оған төленетін қаржы медициналық сақтан­дыру қорынан беріледі. Ме­дициналық сақтандыру қорының Қараған­ды филиалының мәлімдеуінше, осы опе­рацияның әрқайсысына 150 мың тең­геден астам қаражат аударылған.

 

Қарағанды облысы