• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қаңтар, 2023

Балалар ауруханасындағы былық

254 рет
көрсетілді

Құмар ойынның түбі – құрдым. Мемлекеттің ақшасын талан-таражға салған адамның соңғы аялдамасы теміртор екені даусыз. Тал­ды­қорғанда жаға ұстатар жағдай болды. Облыстық балалар ауруханасының есепшісі мем­лекеттің 116 млн теңгесін букмекерлік бәске салып жіберген.

Жетісу облыстық экономикалық тергеу департа­мен­тінің өкілдері ұсталған есепшінің бюджет қаражатын бір жылдан аса уақыт көлемінде құмар ойынға жұмсап келгенін мәлімдеді. «Ол ақшаны өзінің банктік картасына аударып, әрі қарай букме­кер­лік жеке кабинетіндегі шотына салып отырған», дейді департамент өкілдері. Қазір күдікті кінәсін толық­тай мойындаған.

Айта кетейік, осыдан үш ай бұрын Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасының медицина қызмет­кер­леріне бірнеше айдан бері зейнетақы, әлеуметтік және медициналық төлемдердің төленбей жатқаны хабарланған болатын.

Ақ халат­тылар міндетті төлемдерінің төленбеге­нін несие рәсімдеуге, енді бірі ауруханаға емделуге барғанда кездейсоқ білген. Қазір денсаулық сақтау басқармасының басшылығы медицина қызметкерлеріне толық төлем жасағанын жеткізді. Ал есепшінің ісі қазір сотта қаралуда.

«Жалпы аударған сомасы бір жылдан аса уақыт көлемінде 116 млн теңге көлемінде. Іс бойынша оның жасаған әрекеті ауыр қылмысқа жатады. 7-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», деді Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Аслан Бидасов.

 

Жетісу облысы