• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 17 Қаңтар, 2023

Жеңілдетілген автонесие

468 рет
көрсетілді

Қымбатшылық қос бүйірден қысқан қазіргі кезде қарызданып көлік алудың өзі мұң болып тұр. Мұндайда пайызы көп, қайтару қалтаға ауыр тиетін қарызға басын байлағысы келмейтін көпшілік жеңілдетілген автонесие бағдарламасының жолына қарап, күтуге мәжбүр. Ал қанша уақыттан бері қаңтарылып тұрған бұл бағдарлама қаңтардың ортасынан бастап қайта жалғасу керек еді. Бірақ біраз жұрт үміт етіп отырған бағдарламаның үдерістері әлі түгел үйлеспей жатқан көрінеді.

«Ауы мен бауы» қалған жеңілдетілген автонесиелеу әйтеуір басталады-ау, алайда бұл ұзын-сонар кезекте тұрған халықтың қанша бөлігінің сұранысын қанағаттандыра алады деген сауал туындайды. Өйткені 4%-бен несие беру жобасы револьверлік тетік негізінде жүзеге асырылады. Яғни осыған дейін несие алған азаматтардың қайтарған қарызы есебінен бағдарлама қаржыландырылады. Айналып келгенде, жеңілдетілген несиемен ынталы жұрттың көбірек қамтылуы бұрын несие алған адамдардың қарызды белсенді қайтаруына байланысты. Осынау үдерістерге жауапты операторлар – «Қазақстанның даму банкі» АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ. Қазір бұл тараптар қолданыстағы бағдарламалар шарттарын өзара біріздендіріп жатыр. Сондай-ақ жеңілдетілген автонесие бағдарламасының бір ғана операторы ретінде Қазақстанның даму банкін қалдыру көзделеді. Осы орайда оқырманның сұрауына сәйкес, тиісті мекемелерге хабарласып, уәделі уақыттың келіп қалғанын қаперге салып, бағдарламаның нақты қашаннан бастап іске қосылатынын сұрап көрген едік. Бірақ бұл сауалымызға тұшымды жауап ала алмадық, сөзінің ыңғайы – үйлестіру жұмыстары әлі жүріп жатыр екен, қаңтардың соңына дейін бір хабарын береді.

Бұрынырақ мәлім болған ақпарат бойынша, қазір бағдарламаға қатысатын екінші деңгейлі банктер қолданыстағы несиелерді өтеуден түсетін төлемдерді жинақтау үдерісін жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында жинақталған қаражат көлемі шамамен 13 млрд теңгені құрамақ. Бұл кемінде 1 300 автонесие беруге мүмкіндік береді.

Жалпы, револьверлік қағидатқа негізделген жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы өткен жылдың көктемінде іске қосылған еді. Бұл несие алған жеке тұлғалардың қарызын өтеуі­нен түсетін қаражат есебінен банктердің авто­көлік сатып алуға жаңа несиелер беруін білді­реді. Бағдарламаны қаржыландырудың жал­пы лимиті – 100 млрд теңге. Ең бастысы – 4%-дық мөлшерлеменің сақталуы. Сондай-ақ сатып алынатын көліктің құны 15 млн теңгеден ас­пауы керек және отандық өндірушінің тауары болуы міндетті. Мұндай несиені төрт банк­те рә­сім­деу көзделген. Бағдарлама 30 жылға арналған.

Былтыр Өнеркәсіпті дамыту қоры бөлген 100 млрд теңге қаражат 14 мыңнан аса несиені рәсімдеуге мүмкіндік берді. Осы арқылы 12,5 мыңнан аса жаңа көлік сатып алынды. Ал автонесиенің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады. Бірақ жыл сайынғы белгіленген 100 млрд теңгелік лимит автонесие кезегінде тұрғандардың көбінің сұранысын қанағаттандыра алмайды. Яғни 4%-дық несие­ден басқа қайран болмай, осыған үміт еткен жұрттың қатары азаяр емес.

Бұл ретте Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковты сөзге тартып, осы мәселеге қатысты пікірін білген едік. Ол бұл мөлшерлемемен күннен-күнге күшейіп келе жатқан мәселені шешу қиын екенін алға тартты.

– Автонесиелеуге жыл сайын 100 млрд теңге қарастырылады. Бірақ бұл қаржыға әрі кетсе 15 мыңға жуық автокөлік сатып алуға болады. Ал жаңа көліктерге сұраныс кейбір бағалаулар бо­йынша, шамамен 150 мыңды құрайды. Мінілген көліктер сұранысы – 200-500 мың шамасында. Сонда елімізде жылына жарты млн автокөлік сатылады және сатып алынады. Сондықтан жеңілдетілген автонесие бағдарламасы нарыққа анау айтқандай әсер ете алмай отыр. Керісінше, бұл теріс ықпалын тигізді. Өйткені алдымен пандемияға, содан кейін пандемиядан кейінгі дағдарысқа байланысты көліктердің тапшылығы туындады, энергия, металл, логистикалық мәселелер және т.б. бағалардың өсуі байқалды. Ал көлік жетіспей жатқан кезде жаңа көлік алуды несиелеуге 100 млрд теңгенің бөлінуі хайп болды. Яғни жоқ көліктерге кезекке тұрғызып, дүрбелең туғызды. Осы кезде 7 млн теңге тұратын автокөліктердің бағасы 12 млн теңгеге дейін өсіп кетті. Менің ойымша, бұл бағдарлама азшылық үшін қуаныш болған шығар, бірақ экономикаға кері әсерін тигізді, – деді сарапшы.

Осы орайда Э.Эдоков көлік алуға қатысты мәселені қалай шешуге болатыны жөнінде өз ойын білдірді.

– Жеңілдетілген автонесиелеу көлік сатып алуға қатысты елдегі дүрбелеңнің шешімі бола алмайды. Бұл төңіректегі даудың бәрі сырттан келетін көліктерді тіркеуді қиындатып тас­та­ғанда болып отыр. Сондықтан ешқандай жа­ңа­лық ойлап таппай-ақ, алғашқы тіркеу төлемі, ути­­ли­з­ациялық алым – бәрінің ақысын қоса есеп­­тегенде 200 мыңға түсіру керек. Қазір сырт­тан кел­ген көлікті тіркеуге кемінде 2 млн теңге кетеді. Мәселенің бәрі осыдан туындап отыр. Шет­елдік нөмірмен жүрген көліктер де қап­тап кет­ті, бұл да қазір басы ашық мәселе күйін­де қа­лып тұр, – деді Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы.

Ал Автокөлік нарығын талдау және бақылау орталығының директоры Артур Мискарян аталған бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін қаржыландырудың көлемін арттыруды алға тартты.

– Бағдарламаның револьверлік режімдегі жұмысы, шын мәнінде, бұрын мақұлданған және берілген қарыздардың қалай өтелетініне байланысты дегенді білдіреді. Қарапайым сөзбен айтқанда, берілген несиелер бойынша төлемдер неғұрлым уақтылы төленсе, жаңа несиелер үшін қажетті сома соғұрлым тез жиналады. Бүгінгі таңда мұндай жеңілдетілген несие алуға шамамен 13 мың өтінім мақұлданды. Жалпы алғанда, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы –мемлекет реттейтін әлеу­мет­тік жоба. Сондықтан автодилерлерге қатаң шеңбер қойылады: несиеге мақұлданған өтінім бойынша автомобиль бір жарым айдан аспайтын мерзімде берілуі керек. Қалтаға ауыр тимейтін автонесиемен неғұрлым көп өтінімді қамту қаржыландырудың көлемі мен алдыңғы қарыздарды қайту қарқынына тәуелді. Бүкіл бағдарламаның тиімділігі осыған саяды. Сондықтан қаржыландыру көлемін ұлғай­тудың және кейінгі транштардың кестесін қабылдаудың маңызы өте зор, – деді автокөлік саласының сарапшысы.

Бағдарлама операторлары жобаның тиімді­лігін арттыру үшін алдағы уақытта револьверлік әдіс­пен жинақталған қаражатты ай сайын бөлу­ді жоспарлап отыр. Яғни берілген несие қаржы­сының жиналуын біраз уақыт күтпей, бел­гілі бір кезеңге қарамай, ай сайын автонесиелеу кезегін қысқартуды көздейді. Бірақ мәселенің бұлай жедел реттеліп отыруына, кезегі келген ынталы азаматтардың сұранысын уақты­лы қанағаттандыруға отандық автоөн­діру­шілер дайын ба деген мәселенің де ұшы шы­ғып тұр. Жалпы, жоғарыдағы сарапшымыз мең­зегендей, неғұрлым тезірек тиімді тетік­тер қарас­тырылмаса, сырттан келетін арзан көлік­тер­дің тыйылмауы мүмкін. Әйтпесе адамнан айла артылған ба, жағдайы тәуір көлік алуға қолы қысқалар қалтасын қағатын қатып қал­ған жолдарды айналып өтуді іздеп бағады. Сон­дықтан еліміздің жалпы автопаркін ескі-құс­қы, «тірі өлік» көліктермен толтырмау үшін халық­қа шән мәнінде барынша қолжетімді, тиімді бағ­­дарлама керек-ақ. Бұл әрі отандық автоөн­діру­шілердің қанатын кеңге жаюына серпін беретін септігі мол бастама болса игі.