АСТАНА. 12 маусым. Елімізде үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында мұнай-химия саласын дамыту мақсатында 3 млрд. доллар инвестиция тарту көзделіп отыр. Үкімет басшысының орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Шетелік инвесторлар кеңесінің 27-ші жалпы отырысында осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» хабарлады.
Әсет Исекешов: «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы 5 жылдығы барысында 10-нан астам басымдықты өнім түрлерінің шығарылымы жолға қойылды. Ал 2018 жылға дейін тағы 15 өнім түрі игерілмек. LG Chem, Еврохим, Fosfa сынды шетелдік инвесторлармен ірі жобалар жүзеге асырылды», – деді.
Оның айтуынша алдағы уақытта қолға алынатын жаңа ірі жобалар шамамен 3 млрд. доллар инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ол: «2019 жылға қарай Қазақстанда экспорттық әлеуеті 3 млрд. АҚШ долларынан асатын өнеркәсіп өндірісінің жаңа салалары құрылып, ішкі нарықты тыңайтқыштармен, гербицидтермен толық қамтамасыз етуге қол жеткізіледі, химикаттар өндірісі дамиды», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «Интерфакс-Қазақстан».
Фото: primeminister.kz.