• RUB:
    5.01
  • USD:
    488.11
  • EUR:
    530.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қаңтар, 2023

Аустрия мен Қазақстан парламентаралық диалогты жандандыруға ниетті

232 рет
көрсетілді

Қазақстанның Аустриядағы елшісі Әлібек Бақаев Аустрия Парламенті Ұлттық жиналысының депутаты, «Аустрия-Орталық Азия» парламентаралық достық тобының жетекшісі және ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының мүшесі Эва Эрнст-Джидзичпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сұхбат барысында екі мемлекеттің заң шығарушы органдары арасындағы, оның ішінде парламентаралық ұйымдардың алаңдарындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Ә. Бақаев Қазақстан мен Аустрия арасындағы жоғары деңгейдегі диалогтың жемісті дамуын, ынтымақтастықтың барлық салаларындағы екіжақты қарым-қатынастарының тереңдеуін атап өтті. Елші депутаттық «достық топтары» маңызды рөл атқаратын парламентаралық байланыстардың маңыздылығына тоқталды, сондай-ақ Қазақстандағы ауқымды демократиялық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, оның шеңберінде Қазақстан Парламентінің өкілеттіктері кеңейтіліп, ел өміріндегі саяси партиялардың рөлі артып келе жатқанын хабардар етті.

Өз кезегінде Э. Эрнст-Джидзич аустриялық тараптың Қазақстанмен парламентаралық диалогты, оның ішінде парламенттік «достық топтарының» өзара сапарлары арқылы жандандыруға мүдделілігін растады. Аустриялық депутаттармен келіссөздер жүргізу мақсатында қазақстандық әріптестерді қабылдауға дайын екенін білдіре отырып, сапар аясында екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтуге және тереңдетуге ықпал ететін ұлттық үкімет мүшелерімен кездесулер ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар ол Қазақстан Аустрияның Орталық Азия өңіріндегі жетекші саяси және сауда-экономикалық әріптесі екенін, сондай-ақ өз елінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Бұған қоса, аустриялық депутат алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауына байқаушы ретінде қатысуға мүдделі екенін білдірді.

Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешудегі халық қалаулыларының рөлі мен жәрдемдесу жөнінде пікір алмасты.

Кездесу соңында Қазақстан-Аустрия парламентаралық ынтымақтастығын белсенді түрде ілгерілету үшін тұрақты байланыстарды қолдауға келісті.