Кейінгі кездері шаһарлардың тас қабырғаларына тіл бітірген бейнелеу өнерінің бір биігі – мұрал сәнге айналды. Одан Қарағанды да қалыс қалған жоқ. Бүгінде мұнда ұзын саны он бір мұрал бар.
Көпқабатты үйлердің тұтас бір қабырғасын алған, шаһардың сұрқай келбетіне түрлі-түсті бояу қосқан туындыларды қарағандылықтар жылы қабылдағаны белгілі. Алғашқы мұрал 2020 жылы салынса, содан бері кеншілер астанасының әр бөлігіндегі әсем өнер көпшіліктің көзайымына айналды.
Жарқын жобаның бастамашысы Урбанистика орталығы еді. Сұрғылт қаланың шырайын кіргізгісі келген жастар бүгінде сол мұралдар туралы аудиогид жасап шығарды. Онда әрбір мұрал жөнінде аудиотаныстырылым жазылған. Сол арқылы әр мұралдың бейнелену барысы, оның күрделілігі және эстетикалық мәні туралы ақпарат беріледі. Сондай-ақ аудиогидтің картасында мұрал орналасқан мекенді де көре аласыз. Егер мұрал ұнап жатса немесе өзге де ой-пікір қалдырғыңыз келсе, мархабат. Жобаны жасаушылар оған да мүмкіндік береді.
«Аудионұсқаулық тегін. Оны izi.travel/ru сайтынан немесе PlayMarket және AppStore арқылы IZI.travel қосымшасын жүктеп алу арқылы тыңдауға болады», дейді жоба авторлары.
ҚАРАҒАНДЫ