Еліміздің жаңа астанасында музыкалық білім беретін жоғары оқу орнын ашу идеясы Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі екені баршаға белгілі. Бүгінде құрылғанына аз ғана жылдар өткен Қазақ ұлттық өнер университеті өнер мен білімнің заманауи әрі танымал ордасына айналып отыр.
Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университеті жас Астананың мәдени өмірінің көрігін қыздырып, әртістер мен музыка мамандарын, орындаушы ұжымдарды даярлау мақсатында, одан гөрі салмақтырақ айтсақ, болашақта мызғымайтын рухани әлеуеттің қалыптасуын көздеп құрылған оқу орны еді. Алғашында Үкіметтің қаулысымен 1998 жылы ашылған оқу орны «Қазақ ұлттық музыка академиясы» деп аталды. Оған Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева ректор болып тағайындалды. Міне, осы жылдардың ішінде оқу ордасының көркейіп, дамуы, заманауи білім ошақтарымен терезесінің теңесуіне ректор бастаған ұжымның ақыл-ой қуаты жұмсалып, қажырлы істер атқарылды. А.Мұсақожаева оқу ордасының Ақмоладағы бұрынғы Чайковский атындағы №1 музыка мектебi мен музыка колледжiнiң арқауында құрылғанын, оны қазірге деңгейге жеткізу оңайға соқпағанын айтады.
«Білікті мамандардың тапшылығын былай қойғанда, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу, орналастыру жеңіл тиген жоқ. Мұның сыртында білім ордасына керекті құрал-жабдықтар мен музыкалық аспаптардың жетіспеушілігі, оқу аудиторияларының аздығы, қаражат тапшылығы біраз қиындықтар туғызды. Тәжірибе алмасу үшін шетелдік музыканттарды шақыру міндеті де алдымызда тұрған болатын. Осындай күрделі кезеңдерде Елбасының сенімі мен қамқорлығы жанымызға демеу болды», – дейді. 1998 жылы Астананың халықаралық тұсаукесерімен бірге бұрынғы Қазақ ұлттық музыка академиясының, ал қазір Қазақ ұлттық өнер университеті деп аталатын үлкен оқу орнының тұсауы кесілді. Міне, сол кезден бастап білім ордасы елордамен бірге көркейіп, жаңа белестерді бағындырумен келеді.
Алғашында Музыка академиясында кәсіби мамандарды дайындау бірыңғай үздіксіз әрі кешенді білім беру жүйесіне біріктірілген болатын. Балаларды музыка әлеміндегі алғашқы қадамынан бастап, кәсіби шеберлікті меңгергенге дейінгі аралықтағы білім мен тәрбиесін үздіксіз беру туралы ректор А.Мұсақожаеваның идеясы Елбасы тарапынан қолдау тапты. Яғни, академияның жанынан ашылған мектепте музыкалық біліммен сусындаған жеткіншектерге ары қарай да үзіліссіз білім алуға барынша мүмкіндік жасалды. Бұл жүйе музыкалық білім берудің заманауи моделін жүзеге асыруға әрі әлемдік стандартқа сәйкес оқытуға жол ашты. Жаңа оқу орны алғашқы күннен бастап профессорлық-оқытушылық құрамын білім мен мәдениет саласындағы жаңа идеяларды қабылдап, оны іске асыруға қабілетті мамандардан жасақтауды мақсат етті. Академияда жұмыс істеуге – Мәскеу, Ленинград, Новосібір, Ташкент, Алматы консерваторияларының түлектері шақырылды. Ол кезде Музыкалық академияның құрылымы 5 факультет, 22 кафедраны қамтитын. 2002 жылы «Актерлік шеберлік» және «Режиссура», 2003 жылы «Эстрада» мамандықтарына алғашқы студенттер қабылданды. Ал, 2007 жылы орган және арфа сыныптары ашылды.
Бір ерекшелеп айтатын нәрсе – оқу орны ашылған алғашқы жылдардан бастап-ақ студенттер мен оқытушылар өз елімізде де, шетелдерде де өнер көрсетіп келеді. Лондонда, Берлинде, Венада, Зальцбургте, Сан-Бартоломеода, Ватиканда, тағы басқа да ірі қалаларда ұйымдастырылған концерттер арқылы «академиялықтар» лайықты бағасын алған. 2008 жылғы сәуірде ҚР халық әртісі Айман Мұсақожаева студенттердің Еуразия симфониялық оркестрімен (жетекшісі – КСРО халық әртісі Саулюс Сондецкис) Қазақ ұлттық музыка академиясының 10 жылдығына орай «Вена – Прага – Будапешт» халықаралық турнесін жасап, зор табыспен оралғаны күні кешегідей есімізде.
Ал, Үкімет қаулысына сәйкес «Қазақ ұлттық музыка академиясы» жаңа мәртебе иеленіп, «Қазақ ұлттық өнер университеті» болып аталғанына да, одан сәл кейінірек елорданың сол жағалауына салынған әсем де сәнді ғимарат «Шабыт» сарайына көшіп келгеніне де бес жылға жақындапты. Университет басшылығы бұл жолы Музыка академиясындағы озық дәстүрлерді жалғастыра отырып, инновациялық типтегі заманауи оқу орнын қалыптастыруды, мектеп-колледж-бакалавриат-магистратура бойынша үздіксіз білім беру моделін жүзеге асыруды басты мақсат ретінде ұстанды. Білім беру құрылымы халықаралық стандарттық жүктелімге сәйкестендірілді. Жоғары оқу орнының қайта құрылуына байланысты 2010-2011 оқу жылы жаңа шығармашылық мамандықтар: мәдениеттану, өнертану, хореография, кескіндеме, мүсін, режиссура, операторлық өнер, сценография ашылып, талапкерлер қабылдана бастады. Қазақ ұлттық өнер университеті білім беру, ғылыми-зерттеу, шығармашылық-орындаушылық, мәдени-ағартушылық салаларды біріктіре отырып, мектеп-колледждің 5 бағдарламасы, бакалавриаттың 20 бағдарламасы, магистратураның 15 бағдарламасы бойынша мамандар даярлауда.
Қазіргі кезде Қазақ ұлттық өнер университетінде алты факультет жұмыс істейді. Атап айтқанда, кең ауқымды құрылымдық бөліктің бірі – музыка факультеті. Арнайы фортепиано, міндетті фортепиано кафедралары, ішекті аспаптар және үрлемелі, соқпалы аспаптар кафедралары, сондай-ақ, музыкалық білім, эстрадалық өнер, вокалдық өнер, тағы басқа да кафедралардың бірігуі негізінде құрылған факультетті өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Пернебек Шегебаев басқарады. Театр, кино және теледидар факультетінде аталған салаларға қатысты мамандармен бірге кинотану, кинотеледраматургия, театртану, өнертану мамандықтары бойынша да кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярланады. Факультеттің деканы қызметін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Сәулебек Асылхан атқарады.
Білім ордасындағы іргелі алты факультеттің бірі – дәстүрлі музыкалық өнер факультеті. Факультет құрамындағы дәстүрлі ән айту, домбыра, сондай-ақ, қобыз және орыс халық аспаптары кафедрасында мамандар даярланады. Факультет басшысы – «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Марат Нүкеев. 2010 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған Хореография факультеті университеттің ең жас құрылымдық бөлігі. Педагог-хореограф, хореография режиссурасы бағытында мамандар даярланады. ҚР еңбек сіңірген әртісі Ринат Мусин факультеттің басшысы. Сондай-ақ, ең жас факультеттің қатарында көркемөнер факультеті де бар. Мамандар кескіндеме және мүсін, сценография және сәндік өнер кафедраларында даярланады. Деканы – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ермек Асылханов. Университеттегі Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер кафедрасы да мамандар даярлауға өз үлесін қосып келе жатқан құрылымдық бөлімшенің бірі. Кафедра меңгерушісі – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Айнұр Қасабекова. Міне, еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастар өз жүрек қалауымен таңдаған мамандықтары бойынша білім алуда.
Оқу орнының осы жылдар аралығындағы тамаша жетістіктері ретінде шетелдік бірқатар жоғары оқу орындарымен өнер саласында қарым-қатынас меморандумдарына қол қойғанын атауға болады. Соның нәтижесінде симпозиумдар және ғылыми конференциялар, екіжақты келісіммен шетел музыкант-профессорларының шеберлік сыныптары өткізіліп, шығармашылық және ғылыми байланыстарды жүзеге асыруға мүмкіншілік туып отыр. Осы уақытқа дейін Милан консерваториясының профессоры, Микеланджело Аббадо атындағы халықаралық байқаудың ұйымдастырушысы Марчелло Аббадо, Милан консерваториясының профессоры П.Субризи, Гентедегі (Израиль) музыка академиясының профессоры М.Кугель, франциялық С.Метц, К.Богино, М.Витас сынды музыканттар шеберлік сыныптарын өткізді. Сондай-ақ, университеттің студенттері мен магистранттары университет басшылығы арнайы шақырған белгілі ғалымдардың дәрістерін тыңдау құрметіне де ие. Студенттерге дәріс берген белгілі өнертану ғылымдарының докторлары, профессорлар: Р.Дулат-Алеев (Қазан консерваториясы), профессор-индолог Т.Карташова (Саратов консерваториясы), Е.Долинская (Мәскеу консерваториясы), Е.Дулова (Беларусь консерваториясы) сынды үлкен ғалымдар. Ал халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар қатарында 2001 жылы ұйымдастырылған «Қоғамның рухани дамуы: музыка және ғылым», 2008 жылы өткен «Музыкалық ғылым және білім: дәстүрлер сабақтастығы», сондай-ақ, 2011 жылы өткен «Өнердегі тәуелсіздік идеясы» атты алыс-жақын елдерден көптеген мамандар жиылған ауқымды шараларды айтуға болады.
Оқу ордасы халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен ғылыми жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру бойынша ғылыми орталыққа айналып отыр. Онда білім мен ғылымды ұштастыру мақсатында Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институты құрылған. Институтты көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков басқарады. Институттың негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі өнерін кешенді түрде зерттеу, насихаттау. Тұтас ұлттық мәдениетті зерттеуді көздегендіктен, қазақ өнеріне қатысты мәліметтерді іздестіру және зерттеу тек республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттер шеңберінде де іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде бүгінде мұрағатта 4000-ға жуық шығарма жинақталған. Медиатекаға тапсырылған музыкалық шығармалар оқу бағдарламаларында қолданылуда. Қазіргі кезде кітапханаларда жоқ, кезінде аз таралыммен шыққан ән-күйлердің жинақтары қайтадан баспаға дайындалып, олардың электронды нұсқалары жасақталған. Мысалы, «Баян Өлгий қазақтарының сыбызғы және домбыраға арналған күйлері», «Баян Өлгий қазақтарының халық әндері» атты жинақтардың мәтіні мен ноталары, Қытайда жарияланған «Бейсембі күйші», «Күй толқыны» атты күй жинақтарының мәтіні мен ноталарының электронды нұсқасы жасалып, сандық ноталары транснотацияланды. Институт қызметкерлері оқулықтар мен күй жинақтарын дайындап, оларды ел игілігіне ұсынуда.
Атап айтқанда, «Күйші Жанғали» жинағы 20 баспа табақ болып баспадан шықты. Мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаевтың репертуарындағы 100 күй нотаға түсірілген, сонымен бірге 2 музыкалық СД альбомында жинақталған. Сондай-ақ, халқымыздың белгілі дәстүрлі орындаушылары Қабыкей Ахмерұлы, Ғабдылхақ Барлықов, Әбікен Хасенов, Жұмабай Есекеев, Шәкір Әбеновтің орындауындағы шығармалардан СД альбом дайындалып, нотаға түсірілген күйлерден хрестоматия құрастырылып, деректердің электрондық нұсқасы дайындалды. Тағы бір атап өтерлік нәрсе, осы институттың ұйытқы болуымен өнердегі дәстүр сабақтастығын жандандыру мақсатында шеберлік дәрістері тұрақты ұйымдастырылады. Бұл шараларға осы уақытқа дейін ҚР халық әртісі, профессор Қайрат Байбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-термеші Әлмырза Ноғайбаев, жыршы Шолпан Бейімбетова, жырау Алмас Алматов, күйші Жанғали Жүзбай, т.б ұлттық өнердің белгілі тұлғалары қатысқан. Әрине, бұл жас ұрпақ үшін тағылымды шаралардың қатарынан орын алады.
Жалпы айтқанда, университет Музыка академиясы болып құрылған күннен бастап өнер саласындағы 500-ден астам халықаралық конкурстардың лауреаттары мен 400-ден аса республикалық байқаулардың жеңімпаздарын дайындады. Ал оқытушылар халықаралық және республикалық байқауларға қазылар алқасы мүшесі ретінде қатысып тұрады. Оқу ордасының көптеген түлектері мен жас педагогтары мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегерлері. Сонымен қатар, университеттің ең үздік шәкірттері Білім және ғылым министрлігінің мобильділік бағдарламасы бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруда. Ал, оқытушылар Ресейдің П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында, сондай-ақ, Ұлыбритания, Жапония сынды елдерде біліктілік арттыру курстарынан өтуде.
Қазақ ұлттық өнер университетінде мәдениет пен өнер саласындағы жетекші мамандар, белгілі ғалымдар, ғылым докторлары мен кандидаттары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері, мәдениет қайраткерлері қызмет атқарады. Солардың ішінде еліміздің мәдени өмірінде елеулі құбылыс болған тұлғалар – көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев, әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов өмірінің соңына дейін осы ұжымда қызмет атқарды. Ал бүгінде көрнекті жазушы Әкім Тарази, композитор Кеңес Дүйсекеев, театр сыншысы Әшірбек Сығай, кинотанушы Бауыржан Нөгербек, әнші Қайрат Байбосынов, балетмейстер Ринат Мусин, көмекейден ән салудың бірегей орындаушысы Еділ Құсайынов, актер, режиссер және продюсер Бауыржан Ибрагимов, басқа да қоғамға белгілі танымал тұлғалар осы ұжымда табысты еңбек етуде.
Университеттің абыройын асқақтатып жүрген шығармашылық ұжымдарды да айтып өткіміз келеді. Олар – Еуразия студенттік симфониялық оркестрі, «Каприччи», «Айгөлек» скрипкашылар ансамбльдері, «Серпер», «Шат» домбырашылар ансамбльдері, «Япурай» виолончелшілер ансамблі, «Тілеп» және «Назерке» қобызшылар ансамбльдері, «Елігай» балалар хоры, «Самғау» камералық хоры мен қазақ ұлттық аспаптар оркестрі.
Қазақстан жоғары оқу орындарын саралау нәтижесі бойынша ҚазҰӨУ музыкалық білім беру, аспапта орындаушылық және актерлік шеберлік мамандықтары бойынша тұрақты түрде алдыңғы қатардан орын алып жүр. Бұл жетістікке Астананың орындаушылық ұжымдарының да белгілі бір деңгейде әсері болуы тиіс. Өйткені, елордадағы Астана мемлекеттік филармониясының симфониялық және эстрадалық оркестрлері, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театры мен М.Горький атындағы орыс драма театры, елорда музыка мектептері және басқа да мекемелер студенттер үшін өндірістік база ретінде пайдаланылады.
Қазақ ұлттық өнер университеті – «Шабыт Inspiration», «Астана-Мерей» халықаралық байқауларының, колледж студенттері арасындағы республикалық байқаудың, «Астана – ән қанатында» хор музыкасы фестивалінің, «Болашақ жұлдызы» республикалық балалар конкурсының, Ш.Жиенқұлова атындағы балет фестивалінің әрі ұйымдастырушысы, әрі құрылтайшысы.
Оқу ордасы түрлі халықаралық ұйымдарға мүше. Олардың арасында Еуропалық консерваториялар, Академиялар және жоғары музыкалық мектептер ассоциациясы (ЕКА), Magna Charta Universitatum Университеттердің Ұлы Хартиясы, ТМД елдері консерваториялары кеңесі, ЮНЕСКО клубтары Қазақстандық федерациясы бар. Бұл мәдениет және өнер саласында әлемдік деңгейде кадрлар дайындау стандартын жоғарылатуға мүмкіншілік береді. Жоғары оқу орнының стратегиялық жоспары білім берудің кәсіби деңгейіне, өнер мен мәдениет саласында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға, ең озық отандық дәстүрлермен бірге әлемдік ғылыми тәжірибе негізінде қазақстандық өнертану ғылымының әлеуетін дамытуға, ел мәдениетінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін шығармашыл жастардың жаңа толқынын тәрбиелеуге, ұлттық білім беру барысында мәдениет, өнер, ғылымның әлемдік кеңістікке кірігуін және елдің мәдени келбетін жетілдіруге бағдарланып отыр. Бұл ретте негізгі мақсат – іргелі теориялық білімі мен ғылыми-инновациялық құрылымы бар халықаралық деңгейдегі оқу орнын қалыптастыру. Міне, Қазақ ұлттық өнер университеті туралы барынша сығымдап, ең негізгі жайттарды айтқанда, жалпы дерек осы. Астанамен бірге көркейіп келе жатқан білім ордасының алар асуы әлі алда екені тағы да белгілі.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.