1994 жылдың қысы. Боран ауылының тас төбесіне табақтай болып, ай шыққан. Айнала Петербордың ақ түні секілді, күндізгідей жап-жарық. Арғы беттен бастау алатын Қара Ертістің аңғарындағы сыңсыған орманнан өзгеше рең, өзгеше бояу байқалады. Жағадан шамдары самаладай жарқыраған ауыл да ерекше көрінер еді. Бозарған аспанда жұлдыздардың жымыңдағаны қандай әдемі?! Биыл ғана оқуын аяқтап, ауылына оралған жас суретші Ержан Тұрғанбаев күнде қайталана бермейтін табиғаттың таңғажайып осынау құбылысын қалай да қағазға түсіріп алғысы келген.
Не заматта Ержан дөңнің етек тұсындағы томарға жайғасып, этюд жазуға кірісті. Суретшіге тән сүйрік саусақтары қағаз бетінде еркін ойнақтайды. Әуелде шатпақтата бастаған суреті штрих түскен сайын көз тарта бастады. Айлы түндегі ауыл көрінісі кәдімгідей жанданды. Бұл түні Ертіс жағасынан бір емес, бірнеше этюд жазды.
Ержан Тұрғанбаев кәсіби суретші болуы үшін Алматыға неше барып, оқуға тапсырған. Бәрі сәтсіз аяқталды. Сәтсіздік білімсіздіктен немесе өнерінің пісіп, жетілмегендігінен емес, талантты баланың танысы жоқ еді. Әйтпесе, төртінші, бесінші сыныптан бастап суретке қызыға бастаған. Қызығып жүріп, газеттің маңдайшасындағы елтаңба іспетті белгіні бояп отырып, анасынан ұрыс естігені де бар. Бірақ баласының бетін қақпады. Керек-жарақ қарындаштарын сатып алып беріп отырды. Бір күні кешкілік көршісі ауырып, үйіне Ержанның анасын шақыртқан. Анасы Күләш Мұқажанқызы ауылда білікті дәрігер еді. Кешкі шақыртуларға үнемі ұлын ертіп алып жүретін. Ес қой. Көрші үйге кірсе, сол үйдің баласы контуры сызылған дайын суреттерді бояп отыр екен. Анасы төргі бөлмеден шыққанша, қызыға қарап отырды. Сол күннен бастап, суретке шындап ден қойды. Оқулықтардағы ақын-жазушылардың портреттерін көшіріп салып, сыныптастарының, мұғалімдердің көзіне түсті. Бесінші сыныпты тәмамдай сала, Алматыдағы суретшілер училищесіне барып, кәсіби шеберлерге жұмыстарын көрсеткен. Мақтау естіп, марқайған. Салихитдин Айтбаев, Гүлфайруз Ысмаилова сынды қылқалам шеберлері шыққан училищені аралады, қабырғалардағы картиналарды көріп, армандады.
Алматыдан ауылына келе сала бейнелеу өнеріне қатысты кітап, журнал жинауды әдетке айналдырды. Оқыды. Үйренді. Әсіресе, Третьяков галереясының журналын жата-жастана кемірді. Ауыл баласы ауыл тақырыбында жазатын Н.Крымовтың суреттеріне қатты қызықты. Еліктеді.
Сегізінші сыныптан кейін Н.Гоголь атындағы суретшілер училищесіне барса, шұбырған бала. Бірінші күні сурет және кескіндемеден, екінші күні композициядан сынақ тапсырған. Алайда композициядан өте алмай, ауылына қайтты.
Ойынан айнымаған бала келер жылы Алматыға тағы барды. Ол кезде басшылардың бірі 2000 сом берсе, оқуға сөзсіз түсетінін ашық айтып, тауын шаққан. 10 сыныптан соң барғанда «әскерге алып кетеді» деп тағы ұшырды. Амалы қалмаған Ержан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет және графика факультетіне тапсырып көреді. Өкініштісі, бұл жолы да конкурстан өте алмады.
Алматыдан күдер үзген ол келер жылы көктемде Семей педагогикалық институтына барып, көркемсурет факультетіне оқуға түсті. Бала арманы сонда орындалды. Нағыз шығармашылық ортада еркін көсілді. Университеттен соң Жүргенов академиясына тапсырғысы келген. Бірақ қарындастары, бауыры оқу оқиды. Бәрін бірдей оқытуға әке-шешенің шамасы жете ме?! Мұны ұққан Ержан ауылдағы ата-анасының қасында болайын деп ұйғарған. Сөйтіп, ауылдағы мектепке мұғалімдік етті.
2023 жыл. Қаңтар. Боранды күні Бораннан шыққан суретші Ержан Тұрғанбаевтың шеберханасына бет бұрғам. Қазір Өскеменде тұрады. Шеберханасы өз үйінің бір бөлмесі. Үйінің өзі галерея. Біле білсек, суретші шеберханасы – қаланың ығы-жығы тіршілігін, таусылып бітпес проблемаларды бір сәтке ұмыттырып, ми тынықтыратын орын. Кейінгі жылдары «Арттерапия» секілді шағын шеберханалардың ашылып жатқаны да сол ғой. Е.Тұрғанбаевтың шеберханасы тау бөктеріндегі еңселі үйінің үстіңгі қабатында. Рас, аурасы бөлек, жанға жайлы. Кең, жарық. Іші толған картина. Сонау бала күнінен салған суреттерінен бастап, кәсіби суретшілікке дейінгі полотнолары сөрелерде тізіліп тұр. Мыңдаған жұмыс. Журналист келеді деп, біраз суреттерді іріктеп, бері шығарып қойыпты.
– Мынау өзіміздің Боран ауылы, – деп жұқа тақтайшаға салынған картинаны қабырғаға сүйеді. Көз алмай қарадым. Сызылып Қара Ертіс ағып жатыр. Көкжиектен жайдақ жота мұнартады. Өзен аңғары орман. Бергі планда даланың айбақ-сайбақ жолы.
– Қай жылы жазғаным есімде жоқ. Әйтеуір ауылды төңіректей жүріп этюд жаза бере-тұғым. Мен неге ауыл тақырыбын таңдадым. Біріншіден, Н.Крымовтың суреттеріне қызықтым. Еліктеу болды. Екіншіден, ауыл көріністерін кенепке түсіріп алып қалғым келген. Жүз жылдан соң бұл ауылдар өзгеріп кетеді деп ойладым. Жүз жыл емес, отыз жыл өтпей жатып, ауылдардың кейіп-кеспірі кетті. Марқакөл жақ қаңырап бос қалып барады. Осы картиналарыма қарап отырып, сол кездегі азан-қазан болып жатқан ауылдарды сағынамын, – дейді суретші.
Иә, Е.Тұрғанбаевтың тақырыбы – ауыл. Кейінгі жылдары Бораннан қаланың іргесіндегі Мамай батыр ауылына көшіп келген. Сол жылдары Ұлан ауданының да біраз ауылдарын кенепке түсірді. Қар басқан шатырлар, мұржадан шыққан түтін, қора-қопсы... Бәрі-бәрі Ержанның жанына жақын. Жо-жоқ, қазаққа жақын тақырып. Суретші ауыл көрінісін көшіріп сала салмайды, ұлттық колорит қосады.
Көп суреттің арасынан абстракциялық картиналарын да көзіміз шалды. Баяғыда атақты бір суретшінің осы секілді суретін көріп, «мұндай суретті балабақшадағы бала салады ғой» деп шамдандырғанымыз бар. Сөйтсек, шимай суретті оқу керек екен. Ержан Сабырбекұлының айтуынша, мұндай суреттен көңіл күйді, суретшінің толғанысын көруге болады. Мысалы, композитордың әндері жүректен шығады. Ырғағы әртүрлі. Суретші де кенепке бояуды еркін жаққанда, түстердің ырғағын көруге болады. Кенеп бетіне түскен ойнақы бояудан суретшінің ішкі жан дүниесі сезіледі. «Суретші көргенін емес, сезгенін салады» деген сол шығар. Байқадық, Ержан Тұрғанбаевтың жүрегі қазақ деп, ауыл деп соғады. Ендігі ойы – сексенінші жылдардан бері жазған картиналарын жинақтап, үлкен көрме өткізу.
Шығыс Қазақстан облысы