Эпилепсия ауруы туралы естімеген адам жоқ шығар. Аурудың бұл түріне операция жасау оңай емес. Бұл ретте отандық медицина саласының дамуы үшін озық елдермен тәжірибе алмасудың пайдасы зор. Жақында Алматыда әлемге әйгілі Шарите клиникасының нейрохирургі, профессор Ульрих Томале эпилепсияның күрделі түрі бар бес балаға операция жасады.
Алматының № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында үш күн бойы Германиядан келген профессордың қатысуымен «Эпилепсияның фармакорезистентті түрі бар балалардағы аз инвазивті функционалдық гемисферотомия» балалар нейрохирургиясы бойынша бірегей шеберлік сабағы өтті.
Фармакорезистентті эпилепсия кезінде дұрыс таңдалған эпилепсияға қарсы препараттар тиімсіз және эпилепсиялық ұстамаларды бақылауды қамтамасыз ете алмайды. Әлемдік статистикаға сәйкес эпилепсияны дәрі-дәрмекпен емдеу науқастардың 70-80 пайызына тиімді. Қалған 20-30 пайызында эпилепсияның фармакорезистетті түрі бар. Егер басқа емдеу ұстамаларды бақылауға көмектеспесе, эпилепсияны хирургиялық емдеу тағайындалады. Кейінгі жылдары эпилепсия хирургиясы бойынша жаңа технологиялар әзірленді. Олар бұрын мұндай емдеу мүмкін болмаған пациенттердің сауығып кетуіне мүмкіндік береді дейді мамандар.
«Біздің бес кішкентай баламызға операция жасалды. Берлиндегі «Шарите» клиникасынан келген қонақ, профессор Томаленің жетекшілігімен өткізілген шеберлік сабағының барысында ұстамалары жиі болатын эпилепсиямен ауыратын балалардың миына ауыр, күрделі ота сәтті жүргізілді. Балалар – қазір нейрохирургия бөлімінде. Болашақта мұндай балаларға біз өз бетімізше ота жасаймыз деп ойлаймын», деп атап өтті №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері, белгілі қазақстандық нейрохирург Марат Рабандияров.
Иә, мұндай тәжірибе алмасудың бір пайдасы – болашақта эпилепсиямен ауыратын балалардың ата-аналары емделуге шетелдік клиникаларға бару, көп қаражат жұмсау, шетелде өзін қолайсыз сезіну секілді әурешіліктен құтылады.
Елімізде 18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жүйесінде мемлекет тарапынан сақтандырылған. Сондай-ақ №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының практикасына енгізілген эпилепсия хирургиясы бойынша операциялар пациенттерді іріктегеннен кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі.
Айта кетейік, профессор Ульрих-Вильгельм Томале – балалар эпилепсиясын хирургиялық емдеу саласындағы әлемге белгілі маман. Практикалық балалар нейрохирургі жолының барлық кезеңінен өткен Томале 8 жылдан аса уақыт бойы Шарите университеттік клиникасының педиатриялық нейрохирургиялық қызметін басқарды.