Осыдан отыз жыл бұрын 19 қаңтарда Президент Жарлығымен Қарулы күштерде командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институты құрылды. Тәрбие жұмысы органдарының тарихы, міне, осы сәттен бастау алады. Осыған орай біз Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалитденовпен сұхбаттасқан едік.
– Сұлтан Бүркітбайұлы, әңгімемізді биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған әскердегі тәрбие құрылымдарының тарихынан бастасақ.
– Тәрбие жұмысы органдарын құру тарихы Қарулы күштердің қалыптасуы және даму дәуірімен тығыз байланысты. Бұл жеке құрамның әскери және оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға моральдық және психологиялық дайындығын бағалаудағы жаңа, жоғары критерийлерге қатысты. Осы міндетті шешудегі негізгі рөл жеке құрамның моральдық-адамгершілік рухын қалыптастыруға арналған тәрбие және идеологиялық жұмыстар органдарына жүктелді.
Тәрбие құрылымдары офицерлері институтының пайда болуына тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов алғашқы күннен ерекше мән берді. Төл әскеріміздің толыққанды дамуы үшін тәрбие жұмыстарының маңыздылығы күн тәртібіне алғашқылардың бірі болып шықты. Сағадат Қожахметұлының жауынгерлік, өмірлік бай тәжірибесі, әскерилер арасындағы жоғары беделі әскерлерді басқарудың тиімді жүйесін құру мен армияның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу мәселелерін шешуде ғана емес, сонымен бірге жас тәуелсіз мемлекеттің жауынгерлерін тәрбиелеуге де көп әсер етті.
Қарулы күштердің тәрбие жұмыстары құрылымына әр кезеңде генерал-майорлар Айтқали Есенғұлов, Әмірбек Төгісов, Марат Нағұманов, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, полковниктер Болат Назиров, Амангелді Ибраев, генерал-майор Қайрат Мыңжанов, полковниктер Жұмабек Хасенов, Аркен Ташубаев, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов, полковник Қайсар Мұғаловтар басшылық жасады. 2019 жылдан бері бұл құрылымды генерал-майор Серік Борамбаев басқарып келеді.
Қарулы күштердегі тәрбие жұмысының негізін қалаушылардың бірі ретінде полковник Мэлс Шәмпиевтің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бүгінде Мэлс Жұманұлы «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы филиалына басшылық жасайды.
Сонымен бірге көптеген әскери қызметші тәрбие жұмысы органдарын Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов басқарған кезді ерекше ілтипатпен еске алады. Сол тұста әскерлерге «Жауынгерлік дос», «Пирамида» жүйелері енгізілді. Жедел-тактикалық және стратегиялық оқу-жаттығуларды, оның ішінде халықаралық оқу-жаттығуларды өткізу кезінде жауынгерлік іс-қимылдарды моральдық-психологиялық тұрғыдан қамтамасыз етудің заманауи нысандары мен тәсілдері пысықтала бастады.
Бүгінде Қарулы күштерде тәрбие және идеологиялық жұмыстар құрылымы үйлесімді жұмыс істеп келеді. Оның құрамына Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті, әскер түрлеріндегі бас басқармалар, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектеріндегі басқармалар, әскери оқу орындарындағы, әскери бөлімдер мен мекемелердегі бөлімдер кіреді.
Осы жылдар ішінде әскери тәрбиешілер институты жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде маңызды орын алатын санаулы құрылымдардың біріне айналды. Оның үздіксіз жүргізген белсенді жұмысы өзінің қажеттілігін толық дәлелдей білді деуге негіз бар.
Бүгінде тәрбиеші офицерлердің жаңа толқыны аға буынның даңқты дәстүрлерін лайықты жалғастырып келеді. Тәрбие құрылымдарының офицерлері бөлімдер мен құрамалардың командирлерімен бірлесіп, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту, бөлімшелердегі моральдық-адамгершілік жағдайды сауықтыру, жеке құрамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды қамтамасыз ету шеңберінде тәрбие жұмысының елеулі көлемін атқарды. Бүгінгі таңда жеке құраммен тәрбие және идеологиялық жұмыс армияның мүддесі үшін ғана жұмыс істейтін, үнемі дамып, жетілдіріліп отыратын үйлесімді механизмге айналды.
– Қазіргі таңда Қарулы күштер үшін тәрбиеші офицерлерді даярлау қай әскери оқу орындарында жүзеге асырылады?
– Бүгінде Қарулы күштерде 1400-ден астам тәрбиеші офицер қызмет атқарады. Олардың қатарына тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлар, арнайы насихат, мемлекеттік-құқықтық дайындық, әскери тәртіп жөніндегі мамандар, офицер-психологтер, әскери оқу орындарындағы гуманитарлық пәндердің оқытушылары кіреді.
Соңғы жылдары кәсіби кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде тәрбие құрылымдарының офицерлерін даярлаумен Қарулы күштердің жүйесіне кіретін екі әскери оқу орны айналысып келеді.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі кафедрасы «Психолог-педагог» біліктілігімен «Тәрбие құрылымдарының офицерлері» мамандығы бойынша офицерлер даярлайды.
2016 жылы Ұлттық қорғаныс университетінде ашылған «Тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру» біліктілігімен «әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыс» мамандығы бойынша тәрбие құрылымдарының офицерлерін даярлайтын М.Ғабдуллин атындағы әскери-гуманитарлық ғылымдар факультеті білім берудегі озық әдістер мен технологияларды қолданатын бірден-бір оқу-әдістемелік орталық болып отыр.
Бұл бірінші кезекте бізге офицерлердің кәсіби деңгейін едәуір арттыруға, құрамалар мен бөлім командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары лауазымдарын кадрлық офицерлермен толықтыруға қол жеткізуге мүмкіндік берді.
– Бүгінде Қарулы күштердегі тәрбие жұмыстарын нығайту үшін қандай шаралар жүргізіліп жатыр?
– Тəрбие жұмысы қай уақытта да жеке құрамды оқыту мен тəрбиелеудің бірден-бір тиімді нысаны болып қала береді. Әскердегі тәрбие жұмыстары туралы айтқанда Қарулы күштер ардагерлерінің еңбегін ерекше атап өткен абзал. 2011 жылы құрылған «Қарулы күштердің ардагерлері» қоғамдық бірлестігімен өзара тығыз байланыс ұйымдастырылып, іс-шаралардың бірыңғай жұмыс жоспары бекітілді.
Ардагерлер жас офицерлерге кәсіби шеберлік дағдыларын игеруге, бейімделу кезеңіндегі қиындықтарды еңсеруге көмектесу мақсатында тәлімгерлік қызметке белсенді қатысып келеді. Олардың қызметтік, жауынгерлік бай тәжірибесі тәрбиелік маңызы бар әскери-патриоттық іс-шараларды өткізу кезінде кеңінен пайдаланылады.
Өткен жылы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың бастамасымен «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақта» бағдарламасын бекіту туралы» бірлескен бұйрық шығарылды. Бағдарлама әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, жеке құрамның қаза болуының алдын алып, жаңа нысандарды енгізу арқылы армияда қайтарымсыз шығындарды азайтуға, қолайлы ақпараттық-имидждік орта қалыптастыруға және әскери тәрбие мен оқытудың қолданыстағы жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі штаттық қызметтер де тәрбие және идеологиялық жұмыстарға жаңаша серпін бергенін айта кеткен жөн. Олар командирлерге әскери қызметшілердің отбасылық құндылықтары мен моральдық-психологиялық ахуалын нығайтуға, әлеуметтік-тұрмыстық және рухани-адамгершілік қажеттіліктерін қанағаттандыруға айтарлықтай жәрдем көрсетіп келеді.
Бұл ретте Қорғаныс министрлігінің Ақпараттық-түсіндіру тобы атқарған жұмыстар туралы да айта кеткен орынды. Өткен жылы құрамында тәрбие, қаржы, тыл құрылымдары, әскери полиция өкілдері, заңгерлер мен ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қызметкерлері бар топ ел өңірлеріндегі әскери бөлімдер мен мекемелерде болып, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әскери қызметшілердің әлеуметтік көңіл күйін жақсарту, әскери қызметшілерді қаржылық қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдері бойынша кездесулер ұйымдастырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұл іс-шаралардың бәріне жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан халқы ассамблеясы, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, гарнизондардың әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері қатысты.
Бұдан өзге әскери бөлімдер мен мекемелерде әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне ел Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы кезінде, жеке құрамды әскери-патриоттық тәрбиелеу, олардың моральдық-жауынгерлік рухын көтеру мақсатында Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Қарулы күштердің беделі мен абыройын көтеруге арналған мәдени-демалыс іс-шараларын өткізді. Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы білім беру мекемелерінде болып, ерлік сабақтарын да ұйымдастырды.
Мектеп оқушыларымен кездесу барысында әскери қызметшілер Отан қорғаушылардың абыройлы қызметі туралы айтып берді. Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің тарихы жастардың ерекше қызығушылығын тудырды. Кездесулердің бәрінде оқушыларға ел әскерінің дамуы мен жауынгерлік дәстүрлері туралы айтылып, деректі фильмдер көрсетілді.
– Генерал-лейтенат мырза, 2022 жылғы 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің әскери қызметі және тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бұл өзгерістер не үшін қажет және олар қандай заңнамалық актілерге енгізілді?
– Бұл толықтырулар «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарға енгізілді.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістер қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру құқығының ауысуын, ақшалай өтемақы алуды және қайтыс болған әскери қызметшінің немесе арнайы орган қызметкерінің отбасы мүшелері алмасу құқығын пайдалануды көздейді. Одан бөлек, түзетулер қызметтік тұрғын үйді қалдық құнымен немесе өтеусіз жекешелендіру, сондай-ақ қос тұрғын үймен қамтамасыз ету жағдайларын шектеу мәселелеріне қатысты.
Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін алғаш рет «модульдік тұрғын үй» ұғымы енгізіледі. Модульдік тұрғын үйлерді сатып алу қысқа мерзімде әскерлерді қызмет орындарында тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда басқа өңірлерге көшіруге болады. Осы мақсат үшін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң «модульдік үй» ұғымымен толықтырылды.
Жалпы, заң жобасы әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Оларды әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсартуға, әскери қызмет өткеру мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді.
– Өскелең ұрпақтың әскери қызметке деген ынтасын арттыру мақсатында қолға алынған жұмыстар туралы да айта отырсаңыз.
– Отан қорғаушылардың, сондай-ақ әскерге шақыруға дейінгі жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында 2015 жылы елордада Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ашылды. Орталық бүгінде әскери қызметшілер мен әскерге шақыруға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің үйлестіруші органы болып отыр.
Қорғаныс ведомствосы оқушылар мен жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. Қазіргі уақытта қозғалыс филиалдары еліміздің барлық өңірінде ашылған.
«Жас сарбаз» қозғалысының базасында 6 мыңнан астам тәрбиеленушіні қамтитын төрт жүзге жуық «Смарт-сарбаз» үйірмесі жұмыс істейді. Бұл үйірмелерде патриоттық іс-шаралардан бөлек, балалар инновацияларды игеріп, өздерінің техникалық идеяларын жүзеге асыра алады.
Өткен жылы елордада өткен «Егемен елдің ертеңі – жас сарбаз» атты жас патриоттардың бірінші форумы аясында «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының қызметі таныстырылып, жиын жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Түркістан облысына «Патриоттар мекені» ауыспалы кубогі табысталды.
Әскери қызметшілер «Ерлік сабақтары» мен «Ашық есік күндерін» дәстүрлі түрде өткізіп тұрады. Былтыр Қарулы күштердің 30 жылдығына орай еліміздегі 931 мектепте «Ерлік сабақтары» өтіп, әскери бөлімдерде 8 мыңнан астам баланы тарта отырып, мыңға жуық «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Аталған шаралардың бәрі жастарды әскер-патриоттық тәрбиелеу жұмыстарын одан әрі жетілдіруге, өскелең ұрпақтың бойында өз Отанын қорғауға дайын ел азаматының жоғары патриоттық сезімі мен өнегелік қасиеттерін қалыптастыруды көздейді.
Іс-шаралардың ішіндегі ең ауқымдысы – жыл сайын өткізілетін «Айбын» жиыны. 2019 жылы өткен мерейтойлық әскери-патриоттық жиынның ашылуына Президент – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жиында Мемлекет басшысы «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен бірге «Ұлы дала жас сарбазы-2050» уақыт капсуласын салғанын ерекше атап өту керек.
– Әскери қызметшілерді патриоттық тұрғыда тәрбиелеу – тәрбиеші офицерлерге жүктелген негізгі міндеттердің бірі. Ал патриотизм қай жағдайда байқалуы тиіс?
– Патриотизм – өз ісімен Отанға деген сүйіспеншілігін дәлелдей білу. Қазақстандағы патриотизмнің бастауы біздің арғы тарихымызда жатыр. Әскери қызметшілер мен жастарды тарихты білуге баулу, оларды ата-бабадан қалған аманат – халқымыздың мызғымас ауызбіршілігі мен ұлан-ғайыр жерін қорғауға әрқашан дайын болуға тәрбиелеу күн тәртібінен түскен емес.
Елі мен жерді қорғау жолындағы қазақ сарбаздарының қайталанбас ерлігін, Отанын жанындай сүйіп, көзінің қарашығындай қорғайтынын дұшпандар да мойындаған. «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз», деген Бауыржан Момышұлының сөздері бар.
Патриотизм Отанды сүюде, оған қалтқысыз қызмет етуде, ел үшін қандай да бір жетістікке жетуде, халқымыздың атын әлемге паш етуде айқын көрінеді.
Қазіргі Қарулы күштердің барлық саласында тәрбие мен идеологияның атқарып жатқан жұмысы өлшеусіз. Идеология жоқ жерде әскердің бағыты, бағдары айқын болмайды. Өйткені тәртіп бар жерде тәрбие болады. Сол себепті әскери қызметшілерге берілетін патриоттық тәрбие мен идеологияның әскердегі орны қашанда бөлек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Оралхан АХМАДИЯ,
«Egemen Qazaqstan»