• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
13 Маусым, 2014

Алтай аймағының адамдары

318 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан жұртшылығының гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтты Таяуда Ресей Федерациясының Алтай аймағында алапат тасқын болып, адам шығыны да орын алған болатын. Шекаралас өңірге шығысқазақстандықтар жедел гуманитарлық көмек көрсеткен еді. Бұл туралы («Көмек керуені», «ЕҚ», №110, 6 маусым, 2014 жыл) жуырда жазғанбыз. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп халқымыз  бекер айтпайды. Шығыс өңірінің көршілік ізгі ниетіне барнаулдықтар шексіз ризашылығын білдіріп отыр. «Жақын көршіміз – Қа­зақ­стан Республикасының Шығыс Қазақстан облысы алғаш­қы­лардың бірі болып су тас­қы­нынан зардап шеккендерге көмек көрсетті. Үш күннің ішінде ғана гуманитарлық жүк жиналып, 5 маусым күні Алтай аймағының орталығына келіп жетті. Көмекті баршасы көрсетіп жатыр. Дегенмен, шекаралас Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Шемонайха, Зырян, Бесқарағай аудандары ең үлкен үлестерін қосты». Ресейлік «Алтайская правда» газеті 6 мау­сым күнгі санында «13 тоннадан астам ұн мен жастық тиеген жүк машинасы: Қазақстан Республикасынан Алтай аймағына 4 контейнер гуманитарлық көмек келді» деген тақырыппен жариялаған мақаласында осылай деп жазды. Шығысқазақстандықтар ке­руенін  бастап барған Васи­лий Ахаевтың айтуынша, гума­ни­тарлық жәрдемнің ішінде ересектер мен балаларға арналған киімдер, 100-ден астам төсек-орын жабдықтары, резеңке етік, азық-түлік, өсімдік майы, 5 тонна макарон, 13 тоннадан аса ұн бар. 7 млн. теңгеден астам тұратын жүктің жалпы салмағы 50 тоннаға жуық. «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің хатшысы Борис Ларин Шығыс Қазақстан облысымен қарым-қатынас қарапайым әріптестік шеңберінен шығып, ізгі іске ұласқанын жеткізді. – Біздің байланысымыз жылы көршілік қатынасқа жалғасты. Қазақстанның көрсеткен көмегі біз үшін өте қажет және маңызды, – деді Б.Ларин. Әрине, Шығыс Қазақстан өңірі Ресейдің Алтай аймағына алғаш рет көмектесіп тұрған жоқ. Николаевка елді мекенінде болған өрт кезінде зардап шегушілерге жәрдем беріп, Николаевка мектебіне тұтас компьютер сыныбын сыйлаған болатын. Оны барнаулдықтар ұмыта қойған жоқ. Қазіргі кезде шығысқазақ­стандықтар жолдаған гумани­тарлық көмекті төтенше жағдай қызметкерлері зардап шеккен тұрғындарға таратуда. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.