Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің аясында Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында банктің Қазақстандағы қызметі, соның ішінде еліміздегі түрлі жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен ЕҚДБ арасында серіктестік туралы негіздемелік уағдаластық жасалғанын, ол біздің ел мен аталған қаржы ұйымының ынтымақтастығын кеңейтуге зор мүмкіндіктер тудыратынын атап өтті.
– Қазақстан экономиканы дамытуға 1 триллион 600 миллиард теңге бөледі, осынша сомадағы инвестициялар өзге көздерден де тартылатын болады. Мен Банктің Қазақстанмен жемісті жұмыс істегенін білемін. Біздің өзара ынтымақтастығымыз жалғасады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ЕҚДБ Орталық Еуропадан Орталық Азияға дейінгі 34 елде, сондай-ақ, Оңтүстік және Шығыс Жерорта теңізі мемлекеттерінде жобаларды қаржыландырады.
***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі аясында «Тойота Мотор Корпорэйшн» компаниясының басқарма төрағасы Такеши Учиямадамен кездесті.
Кездесуде Н.Назарбаев пен Т. Учиямада елімізде автомобиль өнеркәсібін дамыту, соның ішінде осы «Тойота» маркалы автомобильдерді Қазақстан аумағында өндіру мәселелерін талқылады.
«Тойота Мотор Корпорэйшн» – автомобиль құрастырушы жапониялық ірі корпорация. Ол қаржылық қызметтер де ұсынып, бизнестің өзге де бағыттарында жұмыс істейді. Компания қызметкерлерінің саны 320 мың адамнан асады.
***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі аясында «Шелл» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен кездесті.
Кездесу барысында елдің мұнай және газ саласын әрі қарай дамыту және негізгі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Түрлі энергетикалық және мұнай-химия кәсіпорындарын біріктіретін «Шелл» халықаралық концерні Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ірі инвестор болып саналады.