Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Италия Республикасының Премьер-министрі Маттео Ренцимен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Италия ынтымақтастығының сауда-экономикалық және инвестициялық салаларды қамтыған басымдығы бар бағыттары талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев М.Ренциді Италияның Премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады және екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қазақстан сіздің елмен жақсы қарым-қатынасқа мүдделі. Италия – біздің ірі сауда және инвестициялық серіктесіміз, біз өзара ықпалдастығымызға жаңа серпін бере аламыз. Мен сізді біздің елге ресми сапармен де келуге шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Италия Премьер-министрі өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа осы кездесу үшін алғысын білдіріп, Қазақстанға ресми сапармен келу туралы шақыртуды зор ризашылықпен қабыл алатынын айтты.
Сонымен қатар, келіссөздер барысында мұнай-газ, көлік, энергетика және ауыл шаруашылығы секілді салалардағы қарым-қатынастарды дамыту перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ, 2014 жылдың екінші жартысында Италия төрағалық ететін Еуропалық одақпен Қазақстанның өзара іс-қимыл тақырыбы да қозғалды.
Бұдан бөлек, Н.Назарбаев пен М.Ренци халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті мен Италия Премьер-министрінің қатысуымен келесі құжаттарға қол қойылды:
– «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен «ЭНИ С.п.А.» компаниясы арасында Исатай геологиялық барлау жобасын және кеме жасау/кеме жөндеу зауытының құрылысы жобасын жүзеге асыру туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен «Ивеко С.п.А.» және «Аллюр Групп» ЖШС арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум.
Қол қою рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Маттео Ренци бірлескен мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Италиямен қарым-қатынастары көптеген бағыттар бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Италия – Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық және экономикалық серіктесі. Қол жеткен келісімдер екі елдің арасындағы серіктестікті жоғары деңгейге көтеретін болады. Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-саттық 14 миллиард доллардан асады. Қазақстандық жалпы сыртқы тауар айналымының 13 пайызы осы елдің үлесіне тиеді. Италиялық инвестициялардың біздің экономикадағы жалпы көлемі 6,5 миллиард долларды құрайды. Сонымен қатар, Италия қазақстандық мұнайдың ірі тұтынушысы да болып табылады. Қазақстан өткізетін ЭКСПО көрмесіне де Италия белсене қатысады деп ойлаймыз. Халықаралық деңгейдегі бірқатар мәселелерде екі елдің ұстанымдары ұқсас. Осындай ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғаса береді деп сенемін. Себебі, Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бері дамып келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Италияның Еуропалық Одаққа алдағы төрағалығына Қазақстан үлкен үміт артатынын, өйткені, біздің ел онымен кең көлемдегі серіктестік туралы келісімге қол қоюға дайындалып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бұрыннан «Эни Групп» компаниясы Қашаған кен орнында жұмыс істеп келе жатқанын, болашақта да бұл компанияның жұмысы жемісті бола беретініне сенімді екенін, бұған қоса, Италия қазақстандық мұнайды ең көп тұтынушы елдердің санатына жататынын айтты.
– Сіздің Қазақстанға жасаған сапарыңыз Италияның біздің елімізге деген достық және әріптестік ниетінің бір көрінісі болып отыр. Сондықтан, біз болашақта да екіжақты әріптестігімізді дамыта береміз деп ойлаймын, – деді сөзінің соңында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.
Өз кезегінде М.Ренци Қазақстан тарапына өздеріне көрсеткен қонақжайлығы үшін алғысын білдіре келе, Қазақстанның италиялық компанияларды қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын жеткізді және елімізді алдағы уақытта ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізетіндігімен құттықтады.
Италия Премьер-министрі қазақстандық экономика үшін «Эни» компаниясының инвестициялары маңызды мәнге ие екендігіне тоқталды және италиялық «Фиат», «Италчименти» және «Финмекканика» компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытатынына үміттенетінін жеткізді. «Менің Италия Премьер-министрі қызметін атқарғаныма жүз күн болды. Сондықтан, мен екіжақты байланыстардың дамуына өз тарапымнан үлес қосқым келеді. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық уақыт өте келе қазіргі кездегіден де нығая түсетініне сенімдімін. Мен Сізбен Астанада әлі де кездесеміз деп ойлаймын. Бұл кездесу Италиядан бизнесмендер келген кезде бұдан да үлкен пішінде жүзеге асатыны анық», деді Италия Премьер-министрі.
Біз бүгін мұнай саласы бойынша өте маңызды құжаттарға қол қойдық. Қазақстан – басқа да табиғи ресурстарға өте бай ел. Болашақта басқа салалар бойынша да әріптестік орнатып қос мемлекет арасындағы ықпалдастықты жандандыра беретін боламыз, – деді жылы жүзді жүздесудің соңында Қазақстан басшысы Н.Назарбаев.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.