• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қаңтар, 2023

Риддер қазандығындағы өрт

278 рет
көрсетілді

Риддер қаласындағы жылыту электр орталығындағы жағдай оңалып келе жатқандай еді, кеше көмір цехынан өрт шығып, 280 шаршы метр жер отқа оранды. Орын алған жағдайға байланысты қалада жылу температурасы төмендеуі мүмкін.

Жылыту қазандығынан өрт шықты де­ген­ді ести сала оқиға орнына бардық. Өрт сөн­дірушілер таңғы сағат 6.54-те шыққан тілсіз жауды ауыздықтап, асай-мүсейлерін жинасты­рып жатыр екен. Көмір цехы толықтай отқа оран­ған. Демек қазандыққа көмір жеткізілу жағынан ­проблема туындайды. Бұл тығырықтан шығу үшін қазандық жұмысы уақытша мазутқа көшіріледі. Ол туралы апат болған жерге келген облыс әкімі Даниал Ахметов айтып берді. Аймақ басшысы, қазіргі жағдай бойынша ғана емес, жалпы жылыту электр қазандығының мәселесін түбегейлі шешу жолын да айтты.

– Жылыту қазандығында орын алған өрт сөндірілді. Жағдайды бақылауда ұстап отырамыз. Бірінші қиыншылық – көмірді қазанның басына апара алмаймыз. Мәселе қауіпті емес. Екі сағат ішінде істеп тұрған төрт қазандық мазутқа көшіріледі. Қазіргі таңда 380 тонна мазут бар. 960 тонна мазут жеткізіледі. Тәулігіне 240 тонна мазут пайдаланылады. Демек бес күннің қоры бар. Ал өртенген цех үш күн ішінде қалпына келтіріледі, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар Д.Ахметов жылыту электр қазандығы басшылығының жауапсыздығын, салғырттығын сынға алып отыр. Айтуынша, қа­зандықтың Қаражыра көмір кенішіне 2 млрд 350 млн теңге қарызы бар. Қазандық өкілдері 6 қарашадағы жағдайдан бері мәселені шешу үшін ешқандай әрекет жасамаған көрінеді. Мазут мемлекеттік кепілдікпен ғана жеткізіліп отыр. Естеріңізге сала кетсек, 6 қарашада қазан­дық­тың бесеуі бірдей істен шығып, қалада тө­тен­ше жағдай жарияланған еді. Содан бері кей­бір тұрғын үйлерде қалыпты температура сақта­лып тұрған. Дегенмен жылуға зәру тұрғындар да аз емес.

– Үйіміз суық. Бірақ шыдап, қыстан шығып келеміз. Жылу үшін төлемді уақтылы төлеп отырмыз. Мәселе түбегейлі қашан шешіледі, білмейміз, – дейді көпқабатты үйдің тұрғыны Мәулия Дөненбаева.

Иә, биылғы қыстан жылыту қазандығы әупірімдеп шығатын шығар. Алайда мәселе жылда қайталанбауы үшін не істемек керек?! Бұл сұрақты облыс басшысына қойдық. Даниал Ахметовтің пікіріне қарағанда, мәселе түбегейлі шешілуі үшін қазандық толығымен ком­муналдық меншікке өтуі керек. Егер мемлекет меншігіне берілетін болса, қазандықтың қарызы да жабылатын көрінеді.

– Қазандықты коммуналдық меншіке беру керек деген ұсынысты Үкіметке жеткіземіз. Бірақ бұл жұмыс заң аясында атқарылуға тиіс. Қазір прокуратура өкілдері осы бағыт бойынша жұмыс атқарып жатыр, – деді облыс әкімі.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы