Алдағы уақытта Шымкентте өзбекстандық инвесторлармен бірлескен 4 ірі өндірістік кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл – керамикалық тақтайша, жұқа табақты мырышталған болат, инфузионды ерітінділер және тоқыма өндірісі. Осы ретте Ташкент қаласында өткен Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумында қала әкімдігі тарапынан «Orient Ceramic», «Dentafill Plus» және «Alliance Textile» компанияларымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Келешекте инвестициялық құны 192 млн долларды құрайтын бірлескен жобалар арқылы үшінші мегаполисте құрылыс, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп бағытындағы ірі кәсіпорындар құрылады.
Жалпы қала билігі іскерлік және инвестициялық әріптестікке негізделген бірлескен жобалар санын көбейте беруге ниетті. Өйткені инвестициялық ірі жобалар экономиканың негізгі тірегі. Осылайша, екіжақты келісімдер нәтижесінде бауырлас екі елдің экономикасын көтеруге шымкенттік кәсіпкерлер де үлес қоспақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да талабы – елге молырақ инвестиция тарту екені белгілі. Сондықтан Шымкент Мемлекет басшысы түзген Өзбекстанмен арадағы стратегиялық әріптестіктің аясында көршілес, бауырлас елден көбірек инвестициялық табыс әкелуді қарастырады.
2022 жылы Шымкент пен Өзбекстан арасындағы сыртқы сауда-саттық пен жалпы экономикалық әріптестік аясындағы табыс көлемі 302 млн долларға жетті. Бұл көрсеткіш соңғы 5 жылмен салыстырғанда 2 есеге артқан. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында ірілі-ұсақты мұнай, медициналық препараттар, пластик материалдар өндірісі бағытындағы 700-ге жуық ірілі-ұсақты кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде 130 өндіріс орны өзбекстандық инвесторлармен бірлескен негізде өнім шығарып келеді.
Ең бастысы, бүгінгі таңда өзбекстандық компаниялар үшінші мегаполистегі индустриалды аймақтарға қызығушылық танытып отыр. Мәселен, шаһарда 5 индустриалды аймақ бар. Олардың жалпы көлемі 886 гектарға тең. Қазіргі таңда бұл өндіріс алаңдарында 200 млрд теңгеге 180 жоба іске асырылды. Сондай-ақ индустриалды аймақтарға Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея мен Еуропа елдерінің бірлескен кәсіпорындары орналасқан. Мәселен, кілем өнімдерінің республикадағы жүз пайыз үлесі Шымкентке тиесілі. Сол секілді мақта майы өндірісінің 98 пайызы, фармацевтикалық өнімдердің 36 пайызы, мұнай өңдеу мен жеңіл өнеркәсіптің 23 пайызы үшінші мегаполистің үлесінде. Жоғарыда аталған 5 индустриалды аймақтан бөлек қосымша тағы 750 гектарды құрайтын 4 индустриалды аймақ іске қосылғалы тұр. Өндіріс алаңдарында жайғасатын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер қарастырылып, инженерлік инфрақұрылымға тегін қосылады. Сондықтан көрші ағайын Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қаламен іскерлік байланысты күшейту арқылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі үлкен нарыққа шығуды қалайды.
Жуық арада Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда-саттық көлемін 10 млрд долларға жеткізуді көздейді. Бұл ретте республиканың оңтүстік қақпасы саналатын Шымкент еліміздің логистикалық хабы рөлін атқарады. Сол үшін де Өзбекстанның іскер азаматтары үшінші мегаполистің бизнес қауымдастығымен әріптестік байланысты нығайтуға өте мүдделі. Бұған дәлел, соңғы екі жыл ішінде екіжақты іскерлік әріптестік аясында фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша жалпы инвестициялық құны 14 млн долларды құрайтын 4 ірі жоба іске асқан.
Айта кету керек, Өзбекстан Республикасында қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен 1 200 компания қызмет атқарса, соның 10 пайыз үлесі Шымкенттің еншісінде. Үшінші мегаполис көрші елге негізінен мұнай өнімдерін, ұн, өсімдік майын, цемент, медициналық препараттар және алюминий профилін экспорттайды. Өз кезегінде Өзбекстаннан келетін тараулар денін ауыл шаруашылығы өнімдері, пластмасса бұйымдары және түрлі маталар мен киім-кешек құрайды.
Белгілі экономист Сапарбек Жобаев Өзбекстанмен сауда саласында экономикалық әріптестікті арттырудан екі жақ та бірдей пайда алатынын айтады.
«Сауда-саттық артып жатса, әрине, Өзбекстанға да, Қазақстанға да бірдей тиімді. Өйткені көрші жатқан екі ел бәрібір экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша өзара араласатыны аян. Соның ішінде Шымкенттің бұл байланыстар арқылы ұтатыны көп. Себебі Ташкент Шымкент үшін экономикалық тұрғыда әрі бәсекелес болса, әрі инвестиция тартудың немесе керісінше инвестиция салудың үлкен мүмкіндік алаңы. Көпшілік адам Өзбекстанмен жақындастық күшейсе, бизнес саласында зиян шегіп қаламыз деп ойлайды. Өйткені расында бүгінде көрші елден келетін тауарлар саны көп. Және олардың бағасы арзан болғандықтан бәсекеге қабілетті болып келеді. Менің пікірімше, керісінше осы мүмкіндікті шымкенттік кәсіпкерлер ұтымды пайдалануға тиіс. Қанша дегенмен, еліміздің экономикалық әлеуеті жоғары. Яғни біздегі кәсіпкерлердің Өзбекстанға инвестиция салуға, сол жақтан бірлескен кәсіпорындар ашуға толық мүмкіндігі бар. Осы жоспарлар жүзеге асса, біз үлкен нарыққа қол жеткіземіз. Өзбекстанның халқы Қазақстаннан бірнеше есе көп болғандықтан тұтыну нарығы да жоғары болатыны түсінікті. Сонымен бірге мақта-мата өндірісі мен өңдеу саласы бойынша бірлескен кәсіпорындар құрудың пайдасы мол болмақ. Көрші елде жылына 3,5 млн тоннадай мақта өндіріледі. Бұл – өте ұлкен нарық. Ал еліміздің оңтүстігінде 250-300 мың тоннадай ғана мақта шикізаты алынады. Одан таза мақта күйінде қалатыны 80-90 мың тоннадай ғана. Кезінде Шымкенттен талай мақта өңдеуші ірі кәсіпорындар ашылды. Алайда шикізат көлемі аз болғандықтан тоқтап қалды. Жоғарыда айтқанымдай, 80-90 мың тонна мақта деген ірі кәсіпорындар үшін түк те емес. Сондықтан оны нақты пайдаға асыру үшін бізге Өзбекстанмен арадағы сауда-экономикалық әріптестікті күшейте беру қажет», деді экономист маман.
ШЫМКЕНТ