• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Қаңтар, 2023

Цифрлық майнинг қызметі реттеледі

271 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар цифрлық активтер мен майнинг туралы бірқатар заң жобасын қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Нақты айтқанда, отырыс ба­рысында «Қазақстан Респуб­ликасындағы цифр­лық активтер туралы» және «Қазақ­стан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне цифрлық активтер, ақпа­рат­тандыру және соттық әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», «Қазақ­стан Респуб­ликасының Әкім­шілік құқық бұзу­шылық туралы кодексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қол­данысқа енгізу туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңдар қаралды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл заңдарды Парламенттің бір топ депутаты әзірлеген. Заң жобаларының мақсаты – цифрлық майнингті құқықтық реттеу мәселелерін шешу. Соның аясында аталған құжаттар елімізде цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамытуға қажетті құқықтық база құру­ды көздейді. Сол арқылы заң­дар цифрлық активтердің заңды нарығын қалыптастыруға, осы салаға шетелдік инвестиция­лар­ды тартуға және Қазақстан эконо­микасын дамытуға ықпал етпек.

«Жалпы, құжаттардың топтамасында төмендегі міндеттер шешіледі. Бірінші, ұлттық энергия жүйесін реттелмейтін цифрлық майнингтен қорғау. Бұл мақсатта майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізімі реттеледі. Олар жаңартылатын энергияны, импортталған электр қуатын және өз генерациясын пайдалана алады. Электр энергиясын жалпы электр жүйесінен тікелей тұтынуға цифрлық майнерлерге тыйым салынады. Олар тоқ қуатын жалпы энергетикалық жүйеде, профицит болған жағдайда ғана және тек қана электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық оператор биржасы арқылы сатып ала алады. Бұл көлем үшін баға шектеулері алынып тасталады және сауда тек нарықтық тетіктермен жүзеге асырылады.

Екінші, майнинг саласының және оның өнімінің еліміздің экономикасына қаты­суын қам­тамасыз ету үшін цифр­лық май­нерлер қызметінің екі түрін ли­цен­­зиялау енгізілді. Бірінші түрі – тиіс­ті инфра­құрылымға, яғни дерек­терді өңдеу ортал­ықтарына иелік ететін цифр­лық май­нерлер қызметі. Екіншісі – дерек­тер орталықтарында ұяшықтарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпей­тін жабдық иелері саналатын цифрлық майнерлер қызметі. Сонымен қатар бар­лық майнер аккредиттелген қа­зақ­стандық майнингтік пулдар арқы­лы жұ­мыс істеуі керек. Осылайша, бұрын бұлт­­тық сервистерде жұмыс істеген жә­не Қазақ­стан экономикасына ешқандай пай­­дасы жоқ цифрлық майнерлер, енді біз­­дің рези­дент­теріміз бен салық төлеуші­лері­мізге айналады», деді заң жобасы жөнінде баян­дама жасаған депутат Бекболат Орын­беков.

Сенатордың айтуынша, үшінші мәсе­ле салықтарды басқарудағы ашық тетік­тер бел­гіленеді. Осылайша, цифрлық майнерлердің корпоративтік табыс салығы бекітіледі. Өнімнің сыйақы ретінде алынған кездегі құнын ескере отырып есептеледі. Көрсеткен қызметтері үшін алын­ған комиссиядан майнинг пулдың корпоративтік табыс салығы, крипто-валютамен операцияларды жүзеге асыру кезінде жеке тұлғалар үшін қосылған құн салығы, кәсіпкерлік субъектілері ретін­де крипто-биржалардан алынатын корпо­ратив­тік табыс салығы төленуге тиіс.

«Төртінші, қамтамасыз етілген цифр­лық активтердің шығарылуы мен айналымын реттеу. Мамандандырылған платформаларда қамтамасыз етілген активтерді шығару мен айналымға рұқсат беретін тәртіп енгізілуде. Арнайы шешімді орындау мен тек қамтамасыз етуді растау арқылы оларды шығару тәртібі ұсы­ны­лады. Осылайша, қолданыстағы заңнама­дағы кемшіліктер жойылады. Қамтамасыз етілген активтің ерекшеліктері анық­талды. Осы реттеуші тәсіл арқылы токенизация процедурасы және тұтастай алғанда блокчейн технологиясы жеке шешімдерге қа­тысты салалық заңдар мен ережелерде қолданылуы мүмкін.

Бесінші, қаржы жүйесіне теріс әсер ету тәуекелдерінің алдын алуға қатысты. Қазақ­стандық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында қамтамасыз етілген және қамтамасыз етіл­меген цифрлық активтер елде төлем құралы, қаржылық актив және қаржы құралы ретінде танылмайды», деді Б.Орынбеков.

Сенаторлар қаралған заңдар­ды концептуалды түрде қолдай­тындарын білдірді. Алайда оларды қарау барысында депутаттар жекелеген баптарға бірқатар өзгеріс енгізді. Осыған орай заңдарды сенаторлардың ұсыныстарымен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

«Қаралған заңдарда цифрлық активтер саласындағы қағидаттар мен уәкілетті органдардың құзыреті белгіленеді. Сондай-ақ цифр­лық майнинг жөніндегі қыз­меттің негізі, оны лицензия­лау мәселесі және цифрлық актив­тер биржасының қызметі ретте­леді. Аталған заңдар арқылы цифр­лық активтер саласындағы мем­лекеттік бақылау мен салық төлеудің ерекшеліктері де қарас­тырылады. Сенат ұсынған түзе­тулер заңдардың жекелеген ере­желерін жетілдіруге бағытталған. Алдағы уақытта осы заңдар цифрлық кеңістікті дамытуға және цифрлық технологияларды мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып тиімді қолдануға заңнамалық мүмкіндік береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдап, маңызды мәселелерге назар аударды. Ғұмар Дүйсембаев мемлекеттік сатып алуды өткізуге қатысты бірқатар проблеманы реттеуге арналған шаралар кешенін іске асыруды ұсынды.

Сенатор Әбдәлі Нұралиев Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» қанатқақты жобасын іске асырудың тиімділігіне тоқталды. Депутат бюджеттен қажетті қаражат бөліп, бұл бас­таманы одан әрі іске асыруға қолдау көрсетуді сұрады. Жоба жер телімдерін пайдаланудың тиімділігін, мал мен құстың өнімділігін арттыруға және жем-шөп пен жайылым жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру үшін ауылдар маңындағы жер телім­дерін неғұрлым ұтымды пайдалануға бағыт­талған. Жоба аясында ауыл тұрғын­дарының кәсіпкерлік бастамаларын қар­жы­ландыру мүмкіндігі де туады.

«Жоба нәтижесінде жеке кәсіпкерлер саны 2 282-ге артып, 589 жаңа жұмыс орны ашылуы есебінен жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасына немесе 65 пайызға азайды. Сонымен қатар жоба аясында мал басы ұлғайып, ет және сүт өндірісі артқан», деді сенатор.

Аталған жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасының сарапшылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Мәулен Әшімбаев осы жылдың қаңтар айында облысқа жасаған сапары барысында бұл жобада көзделген мін­дет­тер Мемлекет басшысының 2022 жылғы Жолдауында көрсетілгенін де атап өтті.

«Жоба жеке қосалқы шаруа­шы­лықтарды қолдауға негіз­делген. Қанатқақты жобаның ая­сында қосымша 40 ауылдық округтегі 4 мың жобаны жүзеге асыру үшін 20 млрд теңге қаражат қажеттілігі туындап отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ауыл халқына ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтауға микрокредиттер беру» бюджеттік бағдарлама аясында аталған соманы республикалық бюджеттен бөлуге жәрдемдесуді сұраймыз», деді Ә.Нұралиев.