• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Маусым, 2014

Жолдар жағдайы жақсарып келеді десек те...

373 рет
көрсетілді

Өңірлерді байланыстыратын күрежолың да, ауыл-ауылға қатынайтын  қара жолдың да жайлы болғаны қандай жақсы. Жол өмірдің күретамыры іспетті.  Бұдан бірнеше жыл бұрын  жалпы  автокөлік жолының қинайтыны жасырын емес-ті. Әйтеке би мен Ырғыз аудандарына жеңіл машинаман 8-10 сағат жүріп барған кез де есте. Кейін Ақтөбеден Қостанай шекарасына жететін жол салынып,  жол бойындағы халық бір жарылқап қалды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің  628 шақырымы өтетін  облыста осы жоба  бірден қарқын алып кетуі басқа өңірлерге қарағанда бірінші болып аяқтауға мүмкіндік берді. Сөйтіп күрежолдың ұзындығы арта түсті.  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзитті көлік дәлізі Ақтөбе теліміне барлығы 47,1 млрд. теңге инвестиция салыныпты.  2011 жылдың қазан айында Ақтөбе облысында ұзындығы 215 шақырым болатын «Қарабұтақ – Қызылорда облысының шекарасы» автожолының  телімі аяқталса, былтыр ұзындығы 102 шақырым «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей Федерациясы шекарасы» автомобиль жолы пайдалануға берілді. Сонымен бірге, қаланың солтүстік айналма жолы құрылысы да іске қосылды.  Бұл өңірдегі автокөлік қозғалысына, жолаушыларға біраз қолайлы болғаны да рас. Дегенмен әлі де жолдың жайы мәз емес екені белгілі. Өңірдегі жолдың бүгінгі жай-күйін білмек үшін республикалық маңыздағы жолдар құзырына  қарайтын «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетовті сөзге тартқан едік. – Біздің филиалға республикалық маңыз­дағы 1892 шақырым жол қарайды. Оның ең күрделісі «Самара – Шымкент» қатты жамыл­ғылы жолы. Оның жартысы    «Батыс Еуропа  – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне кіреді. 446 шақырым «Ақтөбе – Қостанай» шекарасына дейінгі жол 2003 жылы басталып, 2006 жылы пайдалануға берілді.  Былтыр «Ақтөбе – Мәртөк» жолы іске қосылғанын білесіздер. «Биыл Самара – Шымкент» жолының 33 шақырымы қалып тұр.  Оны да үстіміздегі жылдың соңына дейін іске қосамыз деп отырмыз. Қазір осы жол телімінде қатты жамылғы төсеу жұмыстарын мердігер кәсіпорын қарқынды жүргізуде. Сонда Қобда жақтан қалаға кіретін жолға түгелдей асфальт төселіп бітеді, – дейді ол. Ақтөбеліктерді ғана емес, алыс-жақыннан келетін жолаушыларды қинап тұрған әзірге 319 шақырым «Ақтөбе – Астарахань» бағытын­дағы  тас жол екен. Бұл жол 1967-1970 жылдары қолға іліккен материалдардан, мұнайдан алынатын кирдан, тастан салынғандықтан сапасы сын көтермейді. Содан бері жөндеу де көрмеген. Бұл жолда жүрудің өзі қауіп, ойық-ойық,  үлкен салмақты автокөліктердің әсерінен жол ортасына  жинақталып қалған үйінділер машинаның астын қағады. – Бізге қарайтын осынша жолдың 60 па­йызын жақсы, қанағаттанарлық дәрежеде болса, 40 пайызы нашар. Біздің министрлік те, «Қазавтожол» ҰК» АҚ-та, облыс әкімдігі де қарап жатқан жоқ.  Бұл бағытта ізденістер жасауда. Құдай қаласа, биыл «Ақтөбе – Астрахань» бағытындағы жолдың техникалық- экономикалық негіздемесін жасауға күш салып жатырмыз. Келесі жылы бұл жобаға да кірісіп қалармыз, – дейді Бағлан Әуелбекұлы. Оның айтуынша, республикалық маңыз­дағы жолдарды күтіп-ұстауға енді-енді қаржы молырақ бөліне бастапты. Бұрын жоспарлы жұмыстың бірін істеп, бірін істей алмай, қайсыбірін шала-шарпы атқарып келсе, енді еркінірек қимылдауға мүмкіндік туа бастаған. Қазір қаржыландыру 2,5 есеге дейін көтерілген. Сондықтан болар, жол пайдалану учаскелерінің ғимараттарын жөндеуге, оларға газ, су, кіргізуге кірісіпті. Бұдан басқа облыста жергілікті маңыздағы 4700 шақырым жолдың 44 пайызы ғана жақсы,  қанағаттанарлыққа жатады.  Жылына 55 шақырымға жуығы ғана күрделі жөнделеді.  Соңғы жылдары жергілікті жолдарды ұстауға, күрделі жөндеуге де қаржы көбірек бөліне бастаған. Былтыр осы мақсатқа  жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге қаралса, биыл 211 миллион теңге бөлініпті. Мамандардың мәлімдеуінше, бұрынғы жылдарға қарағанда бұл жақсы көрсеткіш көрінеді. Жергілікті бағыныстағы  «Покровка – Темір – Кеңқияқ – Ембі» жолының тозығы жеткен. Бұл жолмен автокөліктердің жүруінің өзі азап. Тұрғындар тарапынан орынды реніштер де айтылып келеді.  Дегенмен, биыл осы жолдың 78 шақырымы күрделі жөнделе бастағаны дәтке қуат, әйтеуір. – Жаңа жоғарыда айтылғанындай, соңғы үш жылда қаржыландыруда ілгері басушылық бар. Бұл азапты жолдан құтылатын кез де қашық емес. Биыл осы жолдың 60 шақы­рымын жөндеудің техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға қаржы бөлінді. Жалпы, биыл 2014-2020 жылдары көліктік инфрақұрылымды дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, осы бағдарлама аясында бізге республикалық және жергілікті бюджеттен 7 миллиард теңге қаралды. Біз қазір Ақтөбе қаласының агломерациясына кіретін елді мекендердің тізімін алып жатырмыз, содан кейін оларға баратын жолдарды күрделі жөндеудің жобалық-сметалық негіздемесін жасауға кірісеміз, – дейді Облыстық жолаушы және автомобиль жолдары басқармасы» ММ басшысы Асқар Есжанов. Облыстағы  ең маңызды мәселе  жол екені сөзсіз.  Қаншама қаржы салынып, жыл са­йын ауқымды жұмыстар атқарылғанымен әлі шешілмеген проблемалар бар екені жоғарыда айтылды. Әлі де жолдың айналасында айтылар әңгіме аз болмаса керек.  Сондықтан жол мәселесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.