Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау барысы талқыланды. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров Президент жарлықтары, 2022 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында белгілеген сайлау науқандарының кестесіне сәйкес Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталғанын хабарлады.
Н.Әбдіровтің айтуынша, 2022 жылғы қарашада Президент сайлауын дәйекті өткізу, барлық деңгейдегі өкілді органдарға депутаттарды сайлау – Конституцияны жаңарту жөніндегі республикалық референдум қорытындыларын іс жүзінде жүзеге асырудың жалғасы. «Бүкіл сайлауды өткізу саяси жүйемізді түбегейлі қайта жаңғырту қажеттігіне байланысты және конституциялық реформаның логикасына толық сәйкес келеді», дейді ол.
Қазірдің өзінде осы түзетулердің көпшілігі іске аса бастады. Мәселен, Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау, сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшу жөніндегі нормалар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Аралас сайлау жүйесі аясында барлық деңгейдегі өкілді органдарға бірмандаттық округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторына және жергілікті жерлерде азаматтардың мүдделерін тікелей білдірудің пәрменді құралына айналады.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафинаның айтуынша, «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Президенттің 2023 жылғы 19 қаңтардағы №105 Жарлығына сәйкес Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі шараларды қабылдау тапсырылды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 101-бабының 3-тармағына сәйкес өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихат өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы Президент Жарлығының негiзiнде тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.
Осыған орай мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындау ұсынылды. Нәтижесінде Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауды өткізудің дәл осындай мерзімдерін орнату арқылы кандидаттарды ұсыну, тіркеу, үгіт-насихат секілді сайлау науқанын өткізудің кейбір кезеңдерін бірдейлендіруге және бюджет шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берді. Осы мәселе бойынша ОСК тиісті қаулы қабылдады.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров қолданыстағы заңнаманың нормалары негізінде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары әзірленгенін хабарлады.
Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: 69 депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды өкілдік ету жүйесі, 29 депутат – бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астана мәслихаттарына барлық депутаттың 50%-ы мажоритарлық жүйе бойынша, 50%-ы партиялық тізімдер бойынша сайланады. Аудандар мен қалалардың мәслихаттары толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланбақ. Жалпы, алдағы сайлауда 223 мәслихаттың 3145 депутаты сайлануға тиіс.
Константин Петров сайлаудың ең басты талаптарына және сайлау дайындығы мен өткізу кезеңдеріне де тоқталып өтті. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып Қазақстанның 25 жасқа толған және кейінгі он жыл бойы оның аумағында тұратын азамат, ал Мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан азаматы кандидат бола алады.
Ал Парламент, мәслихат депутаттығына кандидат ретінде мынадай санаттағы азаматтар бола алмайды: сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам; сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам.
Парламент Мәжілісінің депутаттығына партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға тиесілі.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну кезеңі сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күні басталып, сайлауға отыз күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады (20 қаңтардан 8 ақпанға дейін 20 күн). Тіркеуді өткізу мерзімі 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзім аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннен бір күн бұрын, яғни 18 ақпан сағат 18.00-ден 18 наурыз сағат 00.00-ге дейін). Егер басқа дауыс беру уақыты белгіленбесе, дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi. Егер дауыс беруді аяқтаудың басқа мерзімі белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақытпен сағат 20.00-де дауыстарды санай бастайды және сайлау учаскесінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы толтырады. Осылайша, сайлау тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының жалпы ұзақтығы 59 күнді құрайды.
Орталық сайлау комиссиясы аппаратының сайлау үдерісін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сәуле Қозыбаеваның айтуынша, екі сайлау науқаны бойынша 53 сайлау құжатының нысаны әзірленген. Саяси партиялар бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлауға тікелей 12 нысан, бірмандаттық аумақтық округтер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша – 11 нысан. Мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөнінде – сайлау құжаттарының 21 нысаны. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, бірқатар нысан алғашқы рет бекітілмек. Бұл – саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдар мен өкілдіктердің) бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды, сондай-ақ азаматтардың өзін-өзі ұсынуымен байланысты. Сондай-ақ конституциялық заңдағы партиялық тізімде әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар секілді үш санаттың міндетті болуы жаңа нормамен байланысты, ол тізімге енгізілген барлық адамның жалпы санынан кемінде отыз пайыз құрауға тиіс.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, еліміздегі шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша сайлауды байқауға қатыса алады.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген түзетулерге сәйкес жаңа форматта өтетінін хабарлады. Конституциялық заңның 9-бабының 2, 3, 4-тармақтарында көзделген жаңа қағидалар бойынша: Мәжіліс депутаттары ағымдағы жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың депутаттарының жартысы бірыңғай аумақтық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы, екінші жартысы аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады; аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Егер бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша округтердің шекаралары әкімшілік аумақтық бірліктердің шекараларымен тұспа-тұс келсе, округтік сайлау комиссиялары құрылмайды, олардың өкілеттіктерін аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов «Саяси партияларды партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы» баяндама жасады. Ол елімізде тіркелген саяси партиялардың барлығының филиалдары бүкіл аудандар мен қалаларда құрылмағандықтан, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну облыстық филиалдардың конференцияларында жүзеге асырылатынын атап өтті. «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясының филиалдары Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында болғандықтан, бұл партия тек аталған облыстардың мәслихаттар депутаттарын сайлауға жіберілмек. «Respublica» партиясының облыстарда филиалдары жоқ. «Respublica» партиясын қоспағанда, 6 саяси партияны партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға, оның ішінде «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясын тек Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстары мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылданды.
Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген немесе бірмандаттық округтер бойынша сайланатын кандидаттардың Конституцияда және конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады. ОСК көрсетілген құжаттар келіп түскеннен кейін дереу уәкілетті ведомстволарға – Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне, Әділет және Қаржы министрліктеріне сұрау салулар жібереді. Тіркеуге саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан аспайтын, оған енгізілген адамдар саны 30%-ға бір саяси партиядан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың бір ғана тізімі жіберіледі. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттар саны 69. Демек тіркеу үшін ұсынылған партиялық тізімге 90-нан артық кандидат кіре алмайды.
Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін партиялық тізімге енгізілген адамға бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша ұсынылуға заңмен тыйым салынған. Бірмандаттық округ бойынша Конституция мен сайлау туралы заңның талаптарына сәйкес келетін кандидат тіркеуге жіберіледі. Жоғарыда айтылғандай, партиялық тізімдер бойынша облыстық мәслихат депутаттарының жартысы ғана сайланады. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікті мәслихат депутаты етіп сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі.
Сайлауды байқау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеудің кейбір мәселелері туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова баяндады. Ол аккредиттеу тәртібі комиссия (Әділетминінде 27 желтоқсанда № 31294 болып тіркелген) қаулысымен бекітілгенін хабарлады. 21 қаңтардағы жағдай бойынша сайлау комиссияларына аккредиттеуге 2 өтініш келіп түскен.