Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлық – мемлекеттен жымқырылған қаражат пен дүние-мүлікті қайтару да маңызды құжат. Себебі Жарлықта ұрланған ақшаның қайтарылуын тездетуге жол ашатын бірнеше мәселе қаулы етілді. Атап айтқанда, Үкіметке осы жылдың 31 наурызына дейін активтерді қайтару туралы арнайы заң жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу тапсырылды. Қазір Бас прокуратура мен Үкімет және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп заң жобасын әзірлеп жатыр.
Бұл заң бірнеше өзекті мәселені қарастырады. Ең алдымен заң жобасында заңмен реттелетін құқық қатынас субъектілері анықталады. Яғни жауапқа кімдер тартылатыны айқындалады. Сонымен бірге жаңа заң жобасы заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттейді. Сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Қазір қылмыстық істер жайындағы ақпарат тергеу құпиясына сәйкес, көп жариялана бермейді. Ал жаңа заң қабылданатын болса, бұл мәселе де шешімін таппақ. Сонымен қатар заң жобасында заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыру қарастырылмақ. Бұл ұрланған қаражаттың қайтуын жеделдетеді.
Енді мемлекеттен миллиардтап қаржы ұрлау қайталанбауға тиіс. Заң жобасы активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауды міндеттейді. Болжам бойынша, қазір мемлекеттен шығарылған қаржының мөлшері – 140 миллиард доллар шамасында. Бұл қаражат кезінде активтерді жылыстатуға мүмкіндік беретін түрлі теріс шешімдер, заңдарды бұрмалау арқылы шетел асты. Енді оған жол берілмеуге тиіс.
Болашақ заң жобасы тағы бір мәселеге нүкте қоймақ. Ол – қайтарылған қаражатты жарату мәселесі. Заңда келіп түсетін заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын арнаулы мемлекеттік қор құру қаралады. Қайтқан қаражат халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ.
Зейін ӘЛІПБЕК,
Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі