Шетелге заңсыз шығарылған активтер туралы билік ең алғаш рет «Қасіретті қаңтардан» кейін ашық айтты. Нақтырақ айтсақ, қаңтар оқиғасынан кейін тура екі апта өткенде – 21 қаңтарда отандық ірі бизнес өкілдерінің басын қосқан Қ.Тоқаев ұлттық байлықтың тең жартысы 162 адамның қолына жинақталғанын жария етіп, «жағдайды шұғыл өзгерту керек» деді. Ал 8 ақпанда Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинетіне екі айдың ішінде сыртқа заңсыз шыққан қаржыны, активтерді қайтару жөнінде нақты ұсыныс беру туралы тапсырма берді. Содан бері не өзгерді? Қандай жұмыс атқарылды?
Халыққа ашық ақпарат қажет
Естеріңізде болса, Үкіметтің кеңейтілген отырысынан бұрын Президент 1 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес өткізді. Кеңесте Қ.Тоқаев елімізде заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін осы салада жасалуға тиіс бірқатар маңызды қадамды тізбелей келіп:
«Монополистердің заңсыз тапқан табысын қайтарып, атқарылған жұмыстар жөнінде маған баяндаңыздар», деді. Осы жиыннан төрт ай өткеннен кейін, яғни 5 маусымда Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Араға алты ай салып (26 қарашада) Президент заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Үкіметке осы жылдың 31 наурызына дейін активтерді қайтару туралы арнайы заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына енгізуді тапсырды. Әрине, мұның барлығы – қажетті нормативтік қолдаулар, осы бағыттағы іс-әрекеттерді, құқықтық қатынастарды тиісті заңмен реттеудің жолы.
Ал нақты іс жүзінде атқарылған іс қандай? Арнайы комиссия құрылғалы бір жылдай уақыт өтті. Комиссия жұмысының нәтижесі бар ма? Шетел асып кеткен қанша қаржы қайтарылды? Қай жақтан қайтарылды? Кімдер қайтарды? Қанша дүние-мүлік тәркіленді? Заңсыз шығарылған активтерді елге алып келудің жолдары қандай?
Шыны керек, бұл – журналистердің ғана емес, көптің көкейінде жүрген сұрақтар. Қоғам бұрынғы заңсыздықтың әшкереленіп, істелген жұмыстың шынайы әрі ашық нәтижесін көргісі келеді. Жоғарыда айтқан Жарлыққа сәйкес, ведомствоаралық комиссия Президентке атқарылған жұмыс туралы екі аптада бір рет баяндайды. Алайда халыққа беріліп отырған ақпарат тым аз.
Президенттің өзі «Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек» деді. Жасыратыны жоқ, Мемлекет басшысының «керек», «қажет» деп аяқталатын осы сөздеріне халықтың дені алғашында сенімсіздікпен қарады. Оның себебі түсінікті де. Талай жылдан бері құрғақ сөз бен бос уәдеден шаршаған жұрт ел байлығын талан-таражға салып, шетел асырып жібергендердің атын атап, түсін түстеуді талап етіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, елге нақты нәтиже қажет. Рас, бастапқыда «Қанша аттандағанымен кеткен қаржы қайтпайды» дегендер де болды. «Айтуын айтады, алайда биліктің қолынан келмейді» дегендер де табылды. Сол себепті «Халықтың қаржысы қайтарыла ма?» деген сұраққа қайта оралып отырмыз. Сол себепті де жоғарыда тізбелеген сұрақтарды ең алдымен Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновке де қойдық. Өйткені шетел асып кеткен активтерді қайтару – агенттіктің маңызды бағытының бірі.
«Бұл – басы ғана»
«Заңсыз шетел асып кеткен қаржы мен дүние-мүлікті қайтару – халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселе. Мұны біз де жақсы білеміз, түсінеміз. Қазір қоғамда көп талқыланып жүрген сұрақтар да осылар», дейді агенттік төрағасы.
– Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін елімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларда көптеген ауқымды өзгеріс болып жатыр. Бұл өзгеріс елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға да қатысты. Біз былтырдан бастап шетелге жылыстатылған қаржыны қайтару жұмысын белсенді жүргізіп келеміз. Былтыр 600 миллиард теңгеден астам қаражатты мемлекетке қайтардық. Доллармен шаққанда бұл қаржы 1,5 миллиардқа тең. Бұл – басы ғана. Біз әрине, мұнымен тоқтамаймыз, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді агенттік басшысы.
Олжас Бектенов әлеуметтік желілерде, жалпы қоғамда қайтарылған қаржы көлеміне қатысты алуан түрлі пікірлер айтылып жүргенін де жеткізді.
– Біреулер «Дұрыс, жақсы жұмыс істеліп жатыр» десе, енді бірі «Қайтарылған қаржы неге аз? Басқа ақша елге қашан қайтарылады?» деп сұрап жатады. Осы тұста мен бір ғана мысал келтіріп кеткім келеді. Мәселен, өздеріңізге белгілі соңғы үш жылдан бері көрші мемлекет Өзбекстан билігі Гүлнар Каримованың қаражатын еліне қайтаруға тырысып жатыр. 2020 жылдан бері олар сыртқа кеткен қаржының 20-ақ миллион долларын қайтара алды. Бұл – үш жылда жасаған жұмыстың нәтижесі. Ал біз бір жылда 1,5 миллиард долларды қайтардық. Меніңше, бұл – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік, – дейді ведомство басшысы.
Естеріңізде болса, өткен жылы агенттік қызметкерлері құны 230 миллион доллар болатын 3 коллекция асыл тастар мен зергерлік бұйымдарды шетелден іздеп тауып, тәркілеген еді. О.Бектеновтің айтуынша, бұл қаржы жоғарыда айтылған қайтарылған 600 миллиард теңгеге кірмейді.
– Бұдан бөлек, 300 миллион доллар тұратын құнды қағаздар бар. Анықталған бұл құнды қағаздар халықаралық биржаларда сатылып, түскен қаражат мемлекет бюджетіне аударылады. Бұл айтылғандардан бөлек қымбат жылжымайтын мүліктер, люкс автокөліктер, түрлі бағалы заттар тәркіленіп, мемлекеттік меншікке аударылып жатыр. Айта кететін бір жайт, мұнда тек шетелге шығарылған қаражат қана емес, өз елімізде кезінде заңсыз меншікке өтіп кеткен активтер, ірі-ірі компаниялар, жылжымайтын мүлік және тағы да басқа дүниелер бар. Алдағы уақытта олардың барлығын жариялаймыз, халыққа ашық айтылады, – деді ол.
О.Бектеновтің мәлімдеуінше, мемлекетке қайтарылған заңсыз иеленген мүлік активтері мен қаражаттың негізгі бөлігі ауыл мектебінің құрылысын аяқтауға жұмсалып жатқан көрінеді. Жалпы, агенттік тергеп-тексерген қылмыстық істерде елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен қаражат анықталған.
Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің мәлімдеуінше, мемлекеттен шығарылған қаржының мөлшері 140 миллиард доллар шамасында деп болжанып отыр. Ал арнаулы мекемеаралық комиссия жұмысының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін мемлекетке барлығы 670 миллиард теңге қайтарылған.
«Бұл қаржы қай елдерден және кімдерден қайтарылды?» деген халық жауабын күткен сұрақты Бас прокуратура өкілдеріне де қойған едік. Алайда құзырлы орган Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабын алға тартып, біраз сұрағымызды жауапсыз қалдырды. Ал бұл бап бойынша сотқа дейін тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс.
Сондай-ақ жақында қадағалау органы еліміздің қылмыстық-құқықтық салада 34 мемлекетпен 72 екіжақты шарт жасасқанын мәлімдеді. Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, қылмыскерлерді ұстап беру және сотталған адамдарды беру туралы бұл халықаралық құжаттар қылмыскерлерді жазалаудың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал активтерді қайтарумен айналысатын ведомствоаралық комиссияның жұмысы халықаралық саламен тығыз байланысты екенін осы комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек те алға тартты. «Үкіметке Бас прокуратурамен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңсыз шығарылған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару мақсатында шетелдермен және халықаралық ұйымдармен, оның ішінде халықаралық құқықтық көмек аясындағы тиімді өзара іс-қимылды жүйелі негізде қамтамасыз ету де жүктеліп отыр», дейді З.Әліпбек.
670 миллиард теңге аз ба, көп пе?
Қазақстанның қазынасы қай елдерге кетті? Енді осы сұраққа келсек. Бас прокуратураның мәліметінше, шетелге шығарылған қаржының көбі БАӘ, Лихтенштейн мен Гонконгқа жіберілген екен. Қайтқан қаржының да дені осы мемлекеттерден. Неге бұл елдер? Неге таңдау осы елдерге көбірек түскен?
Сөйтсек, мәселе мынада екен. Жоғарыда аталған үш елде де шетелдік салымшылар үшін салық мөлшері өзге мемлекеттерге қарағанда едәуір аз. Мәселен, не мұнайы, не табиғи газы жоқ Лихтенштейнде шетелдік компаниялар үшін өте төмен салық жүйесі бұрыннан қалыптасқан. Басқаша айтқанда, осы елде оффшорлар үшін барынша жағдай жасалған. Әлемдегі өте кішкентай ел болғанымен өте бай «ертегілер елінде» тіркелу және салық төлемеу үшін әр шетелдік компанияда жергілікті тұрғындардан үлесі болуға міндетті. Осылайша қазіргі таңда Лихтенштейннің әрбір тұрғыны орташа есеппен 2 шетелдік компаниядан жалақы алады. Сол себепті болар, «ергежейлі мемлекетте» өмір сүрудің өзі жергілікті халыққа рахат сыйлайды. Қазақстанға тиесілі қазынаның қызығын осы уақытқа дейін ауылдағы ағайын емес, лихтенштейндіктер көріп келгені өзекті өртейді тек.
Салықтың төмендігі, валютаның франк болып бекітілуі әсіресе шетелдік компанияларға өте ыңғайлы болып шықты. Бұл елде бизнес жүргізудің шарттары шетелдіктер үшін қатты қызығарлықтай, ал банк салымшылары үшін құпиялылық мықтап сақталады. Сол себепті де Еуропаның түкпір-түкпірінен келген байлар мұнда жинақ аударып, ірі корпорациялар филиалдар құруға әуес. Князьдіктің бұл тамаша ұсынысынан қазақстандық байлар мен монополистер де құр қалмаған көрінеді.
Сыртқы қарызы жоқ, халықтың өмір сүру деңгейі бойынша әлемде екінші орында тұрған, тұрғындарының саны 50 мыңға да жетпейтін бұл елде қазіргі таңда 100-ге жуық шетелдік компания тіркелген екен.
Әлемдегі ең танымал оффшорлық аймақтардың бірі ретінде Гонконгтің бұл тізімнен табылуы түсінікті жайт. Ал Біріккен Араб Әмірліктері табысты дамып келе жатқан ел ретінде инвестициялар мен шетелден келетін ақша ағындарына бұрыннан ерекше көңіл бөледі. Мұсылман мемлекетінің заңдары шетелдіктерге өте қатал болуы мүмкін, дегенмен бұл «қаталдық» екі негізгі әмірлікке – Дубай мен Абу-Дабиге жүрмейді. Өйткені бұл аймақтарда ақша аударымдарына, соның ішінде халықаралық аударымдарға ешқандай шектеу қойылмайды.
Халықаралық аударымдарды тез және тиімді жүргізу үшін БАӘ банктерінің бірінде шот ашу аса қиындық тудырмайды. Керісінше бұл комиссияларды үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ақша алу ресімін едәуір жеделдетеді. Сондай-ақ кез келген шетелдік халықаралық карталарды пайдалана алады және банкоматтан қолма-қол ақша алуға да болады. Оның үстіне БАӘ-де әлемдік белгілі әрбір банктің өз филиалы бар. Бұл дегеніңіз – Әмірліктерде қаржы ұйымдарына қол жеткізу аса күрделі іс емес деген сөз.
Мемлекет басшысының биылғы ресми сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен бастағанын ескерсек, таяуда бұл елден қайтарылатын қаражаттың еселенуі де бек мүмкін.
Үш елге қатысты жоғарыдағы сұрақтарды экономист Мақсат Халыққа да қойған едік. Сарапшы да шетелге қаражат аударатын азаматтардың негізінен ақшаларын түрлі компания құрып, ол компанияларды оффшорлық аймақтарға тіркеу арқылы шығаруға тырысатынын, ал бұл істе ең алдымен салығы ең төмен және қаражатты сақтау мен шығаруға ыңғайлы елдерді таңдайтынын растап берді.
– Елден шығарылған заңсыз активтер қайтарылған мемлекеттер тізімде бұл елдердің бірінші кезекте тұруы да сол себепті. Өйткені бұл мемлекеттерден ақша шығару оңай. Мұны қаражатты нақты осындай қитұрқы жолмен жеткізудің болуымен сипатталады деп айтуға негіз бар.
Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған қаражат көлеміне қатысты сарапшылардың арасында түрлі пікір бар. Бірінде 160 миллиард доллар айтылса, екіншісі 200 миллиард доллар деген мәлімет келтіреді. Бұдан бұрын Ұлттық экономика министрлігі кемінде 100 миллиард доллар өзге елдерге заңсыз жіберілген деген мәлімет жариялаған еді. Шамамен осы көлемдегі қаражаттың өзін алып қарайтын болсақ, 200 миллиард доллар қазір Қазақстанның тұтастай ішкі жалпы өнімімен тең қаражат. Сонда осы жылдар ішінде елімізден тағы бір Қазақстан сыртқа шығып кеткен деп айтуға болады, – дейді экономист.
«Бүгінге дейін мемлекетке қайтарылған 670 миллиард теңге аз ба, көп пе? деген сұрағымызға Мақсат Халық: «Егер теңгеге аударатын болсақ, елдегі ішкі жалпы өнімнің көлемі 100 триллион теңгеге жуық. Ал қайтқан қаражаттың көлемі 1 триллионға да жетпейді. Демек, бұл 1 пайызға да жетпейтін қаржы шетелден қайтарылып отыр деген сөз. Әрине, шетел асып кеткен, көлеңкеде жүрген қаржымен салыстырғанда бұл өте аз», деп жауап берді.
ТҮЙІН. Естеріңізде болса, тістегенінің аузында, ұстағанының қолында шетел асып кеткен бюджет қаржысы мен жалпыұлттық байлықтың тағдыры Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда да талқыға түсті. Отырыста сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтаруды «өте күрделі жұмыс» деп бағалап, бұл үдерістің ұзаққа созылуы мүмкін екенін де ескерткен еді. Оның себебі де түсінікті. Ақшаны қайтару көптеген заңдық процедурадан өту керек. Алайда халықтың ашуын да, ашық ақпаратты жариялауды талап етуін де түсінуге болады. Себебі ел жат-жұртқа кеткен қазынасының қызығы мен көмегін көргісі келеді. Ертең, отыз жыл өткеннен кейін емес, бүгін көргісі келеді. Әйтпесе, Әділетті, Жаңа Қазақстан туралы сөз қозғаудың өзі қиын.