• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 23 Қаңтар, 2023

«Өнер-білім бар жұрттың» өнегесі

2141 рет
көрсетілді

Қазір біз Ыбырай Алтын­са­рин­ның атақты «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңін қайта оқып, оған жаңаша көз­қа­рас­пен қарауымыз керек. Біз осы өлеңді бала­ларға арналғандай көре­міз. Түсіне біл­сеңіз, бұл іс басында жүр­ген бүгінгі ере­сектерге арналып тұр. Қа­лай­ша дей­сіз бе?..

Ыбырай атамыздың өз жұртымызда да болса деген игіліктердің қызығын бүгінде барынша көріп отырмыз. «Тастан сарай салу, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу» деген түк те қиындық тудырмайтын болды. «Аты жоқ құр арбаны мың шақырым жерлерге күн жарымды барғызу» былай тұрсын, аспанда құстай ұшып, әлемнің бір түкпірінен екінші түкпіріне бірер сағатта жетіп баратын болдық. Мұны аз десеңіз, «отынсыз тамақ пісіру, шалқыған теңіздерде балықтай жүзу» және басқа да бұрын адамның өңі түгіл түсіне де кірмеген дүниелерді өзіміз меңгеріп алдық. Әрине, қуанарлық жайт. Бірақ біз Ыбырай атамыздың жұртына тілеп, атап көрсеткен жақсылықтарға қол жеткіздік те, осымызға тоқмейілсіп, алға қарай жылжымай қалғандаймыз. Дәлірегін айтқанда, уақыт талабына сай ілгерілеудің тың жолдарына түсуге талпынысымыз әлсіз.

Қазіргі таңда үй салу, жылдам хабар алу, аты жоқ арбаны жүргізу, аспанда ұшу, отынсыз тамақ пісіру, теңізде балықтай жүзу дамудың өлшемі болмай қалғаны баршаға мәлім.

Бүгінде шикізатты тереңдеп өңдеп, оны дайын бұйымға айналдырып, ұқ­сатып сату, өз өнеркәсібіңді өркендетіп, басқасын айтпағанда қара­пайым қажетті заттар, киім-кешек шығару, ауыл шаруа­шылығыңның игілігін арттыра отырып өзіңді азық-түлікпен қамтамасыз ету, креативті индустрияны дамыту мәсе­лесінде кенжелеп қалсаң, «Өнер-білім бар жұрттар» қатарына ілесе алмайсың. Осы жайт дәл қазір біздің басымызда бар. Халыққа аса қажетті азық-түліктен бастап басқа да керек-жарақты сырттан тасу, өзгеден қып-қызыл ақшаға сатып алу ел экономикасын, әлеуметтің тұрмыс-тіршілігін басқаға тәуелді етуді тереңдете түсетіні сөзсіз.

Осындайда Ыбырай Алтынсаринның:

«...Біз де бекер жатпалық,

Осыларға таныспай;

Ат өнері білінбес

Бәйгеге түсіп жарыспай;

Желкілдеп шыққан көк шөптей

Жаңа өспірім достарым,

Қатарың кетті-ау алысқа-ай,

Ұмтылыңыз, қалыспай...» деп сонау заманда жұртына қарата шырылдап айтқан сөзі санаңда жаңғырып, жүрегіңді шымырлатады. Ы.Алтынсарин аталған өсиетін дәл қазіргі Қазақстан халқына, оның атқарушы билігіне айтып тұрғандай әсер қалдырады.

Біз жоғарыда креативті индустрия жө­нінде айттық. Осы креативті индустрияны шындап қолға алып, оның игілігін көріп отырған елдерді бүгінгі нағыз «Өнер-білім бар жұрттар» деп тануға болады. Біздің үлкен межеміздің бірі осындай жұрттардың қатарына қосылу болуы керек.

Бізге заман талаптарына лайықты жауап бере отырып даму, озық технологиялардың пайда болуынан туындап жатқан өзгеріс­тердің табанында жаншылып қалмай, шылауында кетпей, қайта сол екпінді өзгерістерді тиімді пайдалану ел Тәуел­сіз­дігінің, болашағымыздың кепілі екенін ұғатын кез жетті.

Бұл жерде көп түйткілдердің бірі ре­тінде білім беру ісін қайта жаңғырту қа­­жеттігін айтқымыз келеді. Әсіресе қу­лы­ғын, кеселін ішіне жасырған, жалтырақ жарнамалардың артында жасырынған, көке-жәкелердің көмегіне сүйеніп күнелтіп жүрген ЖОО-ларға ерекше назар аудара отырып, барлық жоғары оқу орындарын қатаң талаптар негізінде сұрыптап, оларды арман қуып, оқу іздеп барған жастың көңілінен шығатындай, уақыт талабына жауап беретіндей деңгейге жеткізу қажет. ЖОО-лардағы бюрократизм, парақорлық, басқа да жағымсыз көріністер ернеуінен асып, кілкіп тұрғанда елімізді «Өнер-білім бар жұрттар» қатарына қосады деп үміттендірер жастарымыз көп шыға қоймайды.