• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қаңтар, 2023

Тұрғын үйден өрт шықты

287 рет
көрсетілді

Қарағанды қаласында тағы бір оқыс оқиға болды. Қаңтардың 21-і күні сағат 19.00-ге қарай Щорс көшесіндегі қосқабатты үйде баллондағы газ жарылды. Төтенше жағдайлар департаменті жарылыстан 2 адам зардап шегіп, 3 пәтер зақымданғанын хабарлады.

«Қосқабатты үйде көлемі 5 литрлік газ баллоны жарылды, өрт шыққан жоқ. Екінші қабаттағы №6 пәтердің ағаш едені мен қабырғалары толықтай, ал екінші қабаттағы 4, 5-пәтерлер, бірінші қабаттағы 3-пәтер жартылай қираған. Алдын ала болжам бойынша оның ауданы 36 шаршы метрді құрайды», деп хабарлады Қарағанды об­лысының төтенше жағдайлар де­пар­таменті.

Тиісті құзырлы ұйымдар оқиға орнында тергеп, тексеру амалдарын жүр­гізуде. Тексеру аяқталғанша жылу және ішінара электр жүйесі өшірілді. Тұрғындар уақытша жатақханаға орналастырылды. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов тұрғындармен кездесіп, жағдайды баяндады.

– Қазір үй жылу жүйесінен ағы­тылды. Себебі бірінші кіреберісте еде­н­дері, қабырғалары құлаған. Үйдің екінші жартысына, яғни екінші кіреберісте жылу беруге тырысамыз. Ондағы 7-12 пәтерлерге қауіпті көріп тұрған жоқпыз. Ал бірінші кіреберіс туралы қорытынды әзірге шығара алмаймыз, сарапшылар жұмыс істеуге тиіс, – деді Қарағанды қаласы әкімі Мейрам Кожухов.

Үй түнде құлыптап жабылды. Тұр­ғындар бағалы заттарын құт­қа­ру­шылар көмегімен алып шықты.

Зардап шеккеннің біреуі – 1970 жылы туған ер адам, екіншісі – 1971 жылы туған әйел адам. Екеуін де күйік шалған. Қарағанды қаласындағы об­лыс­тық медицина орталығына жет­кізілді. Денсаулық сақтау бас­қармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, науқастардың халі – орташа ауыр жағдайда. «Ер адамның басы және оң жақ иығы күйген. Комбустиология бө­ліміне жатқызылды. Жағдайы – ор­таша ауыр. Әйел адамның оң жақ білегі, оң жақ иығы, оң жақ саны күйген. Ол да комбустология бө­лі­мін­де жатыр», делінген басқар­ма­ның мә­лімдемесінде.

 

Қарағанды