• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2014

Голландия чемпионның тас-талқанын шығарды

293 рет
көрсетілді

Бүгін таң алдында аяқталған Испания мен Гол­ландия арасындағы ойында әлем чемпио­на­ты­ның ең алғашқы сенсациясы тіркелді. Онда «Қызғалдақтар елінің» командасы жаһанның қа­зір­гі чемпионын 5:1 етіп ойсырата ұтты. Ал со­дан сәл бұрын, 13 маусым күні түнде Мексика мен Камерун кездесіп, бұлардың алдыңғылары 1:0 есе­бімен жеңіске жеткен еді. Матчтың басы испандар үшін тым дабыл қағарлықтай болып басталған жоқ. Керісінше Пиреней түбегінің жігіттері әріптестеріне қарағанда, ай­тар­лықтай ширақ та сенімді кө­рінді. Олар бірінші қауіпті шабуылды өз қақпаларына жасатып алғандары болмаса, негізінен қысымды өздері жасап жатты. Сондықтан кездесудің 27-минутында Диего Костаның қарсыластар айып алаңында күмәнді жағдайда құлап қалғаны үшін белгіленген пенальти арқылы Хаби Алонсо соққан гол оншалықты се­нім­ді болып көрінбегенімен, ойын­ның мазмұны бойынша олар­дың басым екеніне де кәдім­гідей иланып-ақ отыр едік. Бұдан кейін қақпашы Икер Ка­сильястың анық қателігінен 44-минутта Робин ван Перси есепті теңестіріп кеткен кезде де, мұны уақытша нәрсе секілді сезінгеніміз рас-тын. Алайда, екінші таймның басынан нағыз найзағай ұрып, жасын жарқылдаған ойындарды танытқан Голландия футболшылары бұл түйсікті түгел тас-талқан етіп жіберді. Сол дауылдың басын 52-минутта Арьен Роббен бастап берді. Бұдан кейін 64-минутта Стефан де Врейге бір рет кезек беріп алған алдыңғы екі футболшы – ван Перси мен Роббен тағы бір-бір мәртеден (72, 80-минуттар) қақпашыны жазалап шықты. Сөйтіп, есепті 5:1-ге жеткізді. Осының алдында өткен Мексика мен Камерун кезде­суінде де төрешінің жүгенсіздігі бірден көзге ұрды. Бұл ретте колумбиялық арбитр Вильмар Рольдан Хорватия құрамасы қақпасына күмәнді пенальти белгілеген жапон Юити Нисимурадан да асып түсті. Ол «ойыннан тыс жағдай» де­ген желеумен үш бірдей доп­тың дарбазаға түскенін тән алмай тастады. Егер бұл тұс­та камерундықтар шынымен офсайдта қалып қойған бол­са, мексикалықтардың соққы­лары­мен салынған екі гол да таза еді. Дегенмен, жоғары әділдік бар екен, ақырында ацтек ұрпақтары бір сәтте шешуші гол соғып, қолдан сусып кетіп бара жатқан жеңісті тартып әкетті. Бұл күні бәрінің соңынан алаңға Чили және Австралия құрамалары шықты. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».